Кейде блог жазғың келеді. Бірақ, жазар ойың оқыған кітап беттеріндегі жазбалармен үндес келіп қалады. Сонда осылайша ойларды жинақтай саласың. Кезекті шығармалардың бірі Оралхан Бөкейдің «Қасқыр ұлыған түнде» хикаясы.
*Ыңыранып сасып-борсып әрең келер автобусқа жапа-тармағай ұмтылысқан ел бір-бірін итере, бір-бірін жұлқып, бір-бірін балағаттап есікке ілінеді.
*ҚазГУ-ді емес, мал дәрігерлік институтын бітірмегеніңе өкінгендей боласың. Қкін, өкінбе бәрі кеш екені есіңе оралып одан әрі жаурап, енді ішің мұздап, бүрісе түсесің.
*Мен ойладым: «Өмір деген – ғажап дейді, түк те ғажап емес, әншейін осындай автобусқа мініп, белгілі бір аялдамада түсіп қалу, біреудің тойып секіруі, біреудің тоңып секіруі. Әлдекімдер көрер таңды көзімен атқызып, ой қажап ұйықтамайды; әлдекімдер ішігіне тас бүркеніп, уайымсыз тоқұйқыға басады. Сайып келгенде, өмір дегеніміз – өзгенің бақытына қызығып өту ғана...»...
*Мен ойладым: «Өмір деген – ғажап-ау, кеше ғана мынау жалпақ жаһанда Арай есімді қыз барын білмеп едім, енді міне... демінің қалай шыққанына дейін сезіп, әп-әдемі дидарын көріп отырмын».
*Мен ойладым: «Өмір деген – тіпті де ғажап емес, Алтайдың қысы секілді қатыгез, кімдерге суық, кімдерге ыстық. Дегенмен өмірді лағнеттеп, өкінуге де болмайды-ау».
*Осы кезде жүргіншілердің арасынан «Осы күнгі жастар тауық секілді, көзді ашып-жұмғанша танысып табыса қалады» деген күбірін және естідім.
*Таныстық неғұрлым келте болса, сағыныш анағұрлым ұзақ болады-ау.