Мен оны сүймеймін

Суретіне ұзақ қарап отырамын да, бұл адамды бұрын қалай сүйдім деген ойға келемін. Мүмкін, оған деген сезімім құр қиялдың жемісі болған шығар. Білмеймін. 

Әдемі хаттарымыз әлі сақтаулы. Кейде бәрін бір ақтарып, қайта - қайта оқимын, бірақ ешқандай сезім жоқ. Мен емес, басқа біреу жазған секілді. Маған емес, басқа біреуге жазған секілді.

Анда-санда хабарласады. Сол кездері өзімді ең оңбаған адам сезінемін. Ол мені уайымдап, аман жүргенімді білгісі келіп жағдайымды сұрайды, ал мен болсам тезірек әңгімеміз аяқталсыншы деп тілеп отырамын.

Арамыздың суып кетуіне оның үлесі көп деп алдаймын өзімді. Расында, ажырасып кеткенімізге іштей қуандым да.  Бауыр басып, үйреніп қалғаным болмаса, аса қайғырмадым. Оңбағанмын ғой.

Оңбаған болғаным соншалық, осы күнге дейін ол өзін кінәлі санап, осы күнге дейін кешірім сұрайды. 

"Сен жақсысың ғой" дейді. Ол білмейді, ол әлі де білмейді. 

Білмей өтетін де шығар.



Бөлісу: