«Мен оны» жақсы көргім келеді...
блог
Ол кезде (шамамен 6-7 жыл бұрын) Рахат арнасы бес түйір бейнабаян, бес концерт, бес жарнама мен шет ел киноларын айналдырып қоя беретін кез еді. Жүйкеңе тиетін енді, кино арасын қойғанда сенсеңіз ән арасында жарнама беретін, қазіргідей ойын-сауықтық және танымдық бағдарламалар аз... Мен сол арнаны көріп отыратын едім тіпті сағаттап... Бір бейнебаян бар тек осы арна ғана көрсететін, басқа ешбір арнада жоқ. Мен сол бейнебаянды көру үшін ғана Рахатқа қоятын едім: жарнамаларын үтір-нүктесіне дейін жаттап алғансың ғой ) «Қырсықтық заңы» деген бар емес пе, күткен дүниеңді оңайлықпен бере қояр ма?! Мен сонда да тапжылмайтын едім.
Маған өте ұнады! Бір тыңдағаннан! Мамама айтып едім «Е, тыңдай ғой, қарсы емеспін!» дегені болмаса, аса жақтырып мақтай қойған жоқ! «Арманымды» айтып құрбымның құлақ етін жеймін күнде, «Тыңдадың ба?» деп күнде сұраймын. Ол да білмейді. Туыстардан, көрші қыздардан күнде сұраймын, ешқайсысы білмейді, танымайды. Бірер ай өтті десем де қателеспейтін шығармын, сол «қысық көз, арық, қара баланы танимын!» деген біреу кездестіре алмай, жалғыз өзім тыңдап жүрдім. Өз таныстарым арасында мен ғана танығандықтан, «Бұл – менің ғана әншім!» болатын.
«Бұлттай жасын тыймай...» дей бастасам, құрбым маған «Әне, Салтанат тағы бастады» деп күлетін...
Бір күні сол құрбым мпЗ формат оқитын телефон сатып алыпты (менде полифония), «Салтанат, сүйінші, мен саған бір өлең тыңдатам, міне!» деп бір ән қосты, менің «Арманым» емес, бірақ дауысты жазбай таныдым. Білесің бе, мына өмірде тұңғыш рет мен «жөні дұрыс» телефонды ОСЫ ӘНШІГЕ бола армандадым! Болды, енді ана телефон «менікі» ғой, айналдырып тыңдай берем, тыңдай берем (сол құрбым сабаққа келмей қалса, мен кәдімгідей жабырқап... ) Ол құрбымда бірте-бірте «менің» әндерім көбейе бастады, мен үшін жазып әкеп берем деп жүріп, «байқамай өзі ғашық болып қалды»!
Ой, небір қызықтар болды. Ол да қалжыңбас еді, бір күні «құлаққаптың» екі құлағын екеуміз бөліп алып, ән тыңдап отырғанбыз: «Айналайын»-ау, мына әнді бұл қыздарға емес, өзіне арнап жаздырған сияқты ғой» деп қойып қалмасы бар ма?! )))
Бір күні физика сабағында есеп шығарып миым қатып отырған, ол да терең ойланып отыр, «Қалай, жауап таптың ба?» десем, «Жоқ таппадым, өзің айтшы енді, қазақта «Адастым-ай, мені қоя тұр» деген сөз бола ма не?» дегені. Түк түсінсем бұйырмасын.
- А? Қайдағы сөз? Есеп шықты ма деймін?
- Есепті қойшы, өлеңнің сөздерін айтам, «Адастым-ай, мені қоя тұр»-ы несі?
- Ииии, «Адастым-ай» емес «Адастырмай» ғой )))
Бірде, «Цирктің» алдында отырғанбыз, анадааааай жерде бір жігіт отыр, қара киініп, көзілдірік тағып алған, ойыбай, аумайды дейсің аумайды, ал кеп бәстесейік: «Сол!» деймін, «Ол емес!» деймін! Өзінен сұрайтын болып құрбым орнынан тұрып соған қарай кетті, мен зытып отырып аялдамаға жеттім де бірінші келген автобусқа мініп алып, тайып тұрдым. Дәл сол күнгі оқиғаның жалғасын ешқашан сұраған жоқпын одан, айтқызбай қойдым өзіне, барып сөйлесе алды ма екен, өзі ме екен, емес пе екен, білмеймін, ешқашан білгім де келмейді!
Әпкем концертке шақырды Студенттер сарайына. Не, қандай екенін білмеймін, әйтеуір «Шақырған жерден қалма!» деп жеттім тура айтқан уақытында қырық бес-ақ минут кешігіп ) Әпкем бәрінің алдын-ала дайын тұрғанын өте қадағалайтын қытымыр жан ретінде маған өтірік айтыпты «Алты жарымда басталады» деп, негізінде жетіде екен. Мен он бес минутқа кешіктім, сол себепті, билет тексерту, киім өткізу деген процесстер өте қарбалас түрде жүзеге асты, зырылдап жүріп, әпкеден ұрыс ести жүріп, үф, кірдік-ау залға. Жайғастық-ау. (Дәл уақытында басталатын концертке барып көргендер бар ма араларыңда?) Демімізді басып алған соң жәй сұрай салғам ғой «Бұ не концерт?» деп... Одан ары қарай менің көзім де, назарым да, ойым да тек сахнада болды. (сахнаға жүгіріп шығып суретке түсе беретін қыздарға ашуым кеп отырды, әу, ән айта ма ол, суретке түсе ме? Бір жағынан, фонограммаға жағаласқан «Шапалақ қайда, ағайын?» деген тағы бар... )))
... Менің оны әнші ретінде жақсы көрген уақытым – бір мөлдір кезең еді, ОЛ бүгінгідей емес еді, ОЛ – менің әншім еді!!! Қазіргі «кейпі» ұнамайды аздап, әндеріне де, ән сөздеріне де, сұхбаттарына да, өзіне де, «өкінішіне» де өкпем қара қазандай! Өзгеруін түсінер едім, бірақ бұлай өзгермесе керек еді!
ОЛ жайлы айта бастасақ, адамдардың пікірі екіге бөлінеді, басқалар деймін-ау, өзімнің ойым сан-саққа жүгіріп, не дерімді білмей қалам, жалпы даттай жөнелсе, мен оны қорғаштай кетем, ал бәрі мақтай бастаса біраз «сынап» тастаймын! Бірақ, «Мен оны» жек көргім келмейді. Бір кездегі естеліктер үшін... тым болмаса, сол естеліктер үшін жақсы көргім келеді!
Өткенде, «бір ток шоуда» жас ана сөйлеп отыр: «Қызымның жүрегінде ақау болған, осы әншінің әнін айта беретін еді, тексерілуге барсақ, жүрегі жазылып кетіпті, енді қызымның «Ауырмайды жүрегі» дееееееп. Осындай да пасық пиар болады екен? Шындыққа жанасқанымен, бұл бәрібір арзан жарнама еді! Жоооқ, былай негізі құдіретке сенем мен, сол ғой енді сол әнді өзімнің де тыңдап жүргенім... десең )))
... Мен мына жерде бітпейтін дауды жалғастырайын я болмаса «Бұл қай әнші? Жұмбақ!» дегелі отырған жоқпын! Жәй, естеліктерімді түртіп қойып жатқаным ғой! Өтінем, «...шуламаңдар! Жүрегім жылап жатыр...»
Салтанат М.
сурет: deviantart.com