Мен оны аяп кеттім

Ескі танысым дегені болмаса, екеумізді байланыстыратын ештеңе жоқ. Бірнеше рет отырыстарда дәмдес болғанымыз бар, ара-тұра ұзақтан араласқанбыз. Көпшілікпен бірге түскен 1-2 ортақ суретіміз ғана бар шығар. Араға уақыт салып, жақында оны кездестірдім. Бұрынғы кейпінен ештеңе қалмаған. Жүдеген, жас болса да бетіне әжім түскен. Аз уақыт ішінде мұншалықты күйге түсіп, танымастай болып кеткен.

Кезінде ер кеудесін ұра жөнелетін азамат еді. Еркек екендігін алға басып, өзінікін ғана дұрыс дейтін. Өзгенің пікірі былай тұрсын, өзгені адам демейтін. Өзінікін дұрыс дейтін. Тек өзінікін. Өзі бір қызыл сөзге жақын, қызғануға жол беретін, қытымыр жан болатын. Адаммен адамша араласып, сыйласуды біле бермейтін. Өзінің араласатын ортасы да кең емес. Жақын дегендерінің өзі де өзі секілді жандар. Қабақтары бір ашылмай, осы өмірге өкпесі бар, өзгені өзіне міндетті санайтын, өшін ала алмай жүргендер. Негізі, адам өзі қандай болса, өз маңына сондайларды жинайды-ау. Ол сондай адам еді. Сондай болып қалған. Ешкімді мойындамайтын. Өзін де қыңыр қылығымен мойындата алмайтын. Өзінің кінәсін біле тұра, лай суды өзгеге құятын. Тырнақ ұшынан кір іздейтін.

Кездейсоқ көріскенде, бір-бірімізді танып, сәлем беріп, жөн сұрастық. Менің жүрген-көргенімді блогтарымнан оқып, жай-күйімді сырттай бақылап жүр екен. Ал өзіне келсек. Сол баяғы құр кеуде. Осы әлемді сол қолының шылдыр шүмегімен тіреп тұрғандай. Алып бара жатқан ісі де керемет емес. Бірақ, сол тірлігімен сілекейі аққанша мақтанды. Мен үндемей тыңдап тұрдым. Иә, бәлкім, ол үлкен еңбек етіп жатыр. Иә, бәлкім, ол өзгелерден озып та жүрген шығар. Бірақ, өзінен де, сөзінен де аңғарғаным ол сол баяғы жартас басында. Аз ғана уақыт оны сол қалпында қалдырмаса, аса биікке көтермеген. Оның айналасында небір жағдайлар болып жатыр, қатарластары небір жетістіктерге жетіп жатыр. Ал ол ше?!

Мен оны даттап, мақтап я қаралап жатудан аулақпын. Мен тек қана оны аядым. Шын көңілімнен, мен оны өте қатты аядым. Себебі, адам өз өмірінің қалай болуының, алдағы күндерінің қалай өтуінің себепкері. Жақсылыққа ұмтылсаң, жақсылыққа жетесің. Ниетің түзу болса, көңілің де көтеріңкі, ісің де берекелі. Ал кері болса ше?! Кері болса, жоғары айтқан көріністей болады деп ойлаймын. Өз ойым қашан да өзімде. Жақсылыққа ұмтылайық. Солай)

Сурет: oboik.ru



Бөлісу: