Мен оларды аяймын...

Адам жаны табиғат сырын түсіне алмай өтетін болар. Нені меңзеп отырғанымды ойларымды оқыған соң түсінерсіз.

Қыс ұнамайды. Күнәсіз кейіпте мүлгіп жататын аппақ қыс несімен ұнамайды дейтін боларсыз... Қар құрсауында қалған қала ұнауын ұнайды ғой, бірақ...

Қар... оның үстімен жүрген адамдар ой құшағына ене ала ма екен деп кейде ойланамын. Мүмкін, көп дүниеге детальды түрде қарайтынымнан ба екен, әйтеуір осы ой қыспақтайды. Бір із түспеген мамықты тек құндылық дүниесін ойлана алмайтын адамдар ғана баса алатын секілді көрінеді. Олар бұдан гөрі дүние құндылығын ойлайтындай. Неге дейсіз бе? Олар мамық үстін жұмысқа не сабаққа асығып бара жатып, қамсыз басып , езіп кете береді. Обал ғой. Табиғат Ана адамзат баласына таңертең ұйқысынан ояна сала таңғалсын деп, мамық ұлпа сеуіп, тосынсый әзірлеп қояды. «Сананы тұрмыс билейді» деген рас-ау, адамдар мұны елемейді. (Жоғарғы қабаттан) өмірінде алғаш рет қар көріп тұрған нәресте ғана қолымен ұстағысы кеп, сырын ұғынуға асық. Бұл – бір. Енді ол – мендік ой.

Екінші, жануарлардың азыққа айналуы. Әрине, күлкілі көрінуі мүмкін. Мен түз аңын атып болмаса, басқа айламен аулап жеуге қарсымын. Бұрында құрбыларым сілекейлері шұбырып, «папам қоян аулап келді, мә қуырдақ жеп...» дегенде төбесінен бір қойғым келетін. Бұғының басын, түлкінің терісін қазы сүрлегендей сақтап қоятын үйге барсам, жыртқыштардың арасында отырғандай сезінемін. Жыртқыш деп анау ілініп тұрған аңдарды меңзеп тұрған жоқпын. 

Кей достарым «қоян етін же, не қой етін же, айырмашылық жоқ қой, бәрі жануар ғой» дейді. Қой – төрт түлік, қоян – аң деп ажыратып айтқым-ақ келеді, бірақ 4-сыныптағы білім өсе келе жоғалады ғой деп ақтап аламын. Ата-балаларымыз аң аулаған ғой дейтіндерге де жауабым бар. Мүмкін, аң аулап жеу үшін дәл солардай болу керек шығар...

Мен оларды аяймын...

Веган емеспін.



Бөлісу: