Мен неге мұғалім болдым?

Мен неге мұғалім болдым?
жеке
блог

       Бір күні өзімнің кішкентай кезде жазған қойын дәптерімді тауып алдым да, ішін ашып оқып шықтым. Сол кезде таңғалысымды жасыра алмадым. Неге дейсіз ғой ? Кішкентай Айгерімнің сол кездегі параққа түсірілген армандарының барлығы дерлік орындалған. Ең қызықтыратыны , мұғалім болсам екен деп жазыппын ең біріншісіне. Бала арман өзіме сабақ беретін мұғалімдерге қызықтырып, сол жолды таңдауға жетелеген екен. Алайда ойланып қарасам, бұл арман есейе келе ұмытылып, санамның бір түкпірінде болған екен.

         Ұстаздық еткен жалықпас үйретуден балаға демекші, бұл жолдың ыстығы мен суығына төзіп келген барлық ұстаздар қауымына алғысым шексіз. Ең алдымен әр оқушыны білім нәрімен сусындатып, өмірден өз орнын табуға ат салысқандары үшін. Мен үшін де маған білім берген ұстаздарымның еңбегі орасан зор. Әр жетістігім ата-анам мен ұстаздарымның қолдауынан тұрады.

         Ең алдымен, мектепті аяқтап мамандық таңдау барысында математика бағытына қызығушылығым болды, өзімді осы бағытта елестете алдым. Сол себепті де қиын болсада, осы бағытты таңдауды жөн көрдім. Университет қабырғасы ұстаздық бағытқа нағыз қадам басқан кезім болды. Механика-математика факультетінің студенттері тек қана білім алып қоймай, сол білімімен бөлісуге асығатын. Мен де мектеп кезінен сыныптастарыма математикадан тест талдауға жиі көмектесетінмін және де өзімнің білгенімді біреуге үйрету маған ұнайтын. Алғашында репетитор болып жүрдім, үй-үйге барып сабақ беретінмін. Кейіннен оқу орталығына орналасып сонда сабақ бердім. Осылай жүріп бұл саланың білім берудің біз үшін , өскелең ұрпақ үшін қаншалықты маңызды екеніне көзім жетті. Оқушылардың білім ізденуге деген ынтасы, талпынысы өте керемет Өзімді бұл саланың бір бөлшегіне айналғандай сезіндірді.

         Мұғалім- жауапкершілікті мамандық. Біздің жұмысымыз кейін бір адамның өмірінің бағытын анықтауға көмектеседі. Бізге ең маңызды міндет – өмірге жаңа қадам басқан баланы өмірге үйрету болып табылады. Алғашқы ұстаз баланың жадында мәңгі сақталады, себебі мұғалім баланың болашақ өмірге деген көзқарасын қалыптастырады, әр адамға өз жолын табуға көмектеседі. Біздің мамандықты басқаларымен салыстыруға келмейді, егер құрылысшы кірпішті дұрыс салмаса, оны алып қайтадан қалай алады, наубайханашының наны күйіп кетсе  бір-екі сағаттан кейін басқасын пісіре алады. Ал мұғалімнің еңбегінің нәтижесі бірнеше сағаттардан, бірнеше күндерден, айлардан кейін белгілі болмайды, тек бірнеше жылдардан кейін. Және оны түзету мүмкін емес. Біздің қателіктеріміз ең маңызды, өмірлік. Яғни, еліміздің тағдыры мына біз, мұғалімдердің қолында деп білемін.

         Қазіргі таңда мұғалім болып жұмыс істей келе,  балаларды жаңа нәрсеге үйрету арқылы, жүздеріне қуаныш сыйлау арқылы менің де ары қарай  көп нәрсеге үйретуге құлшынысым арта түседі. Күн сайын балалық шақтың әлеміне еніп, кішкентай жүректердің құпиясын ашамыз, әр балаға қуаныш сыйлау арқылы өмірге нық қадам басуға үйретеміз. Мұғалім –ол сиқыршы іспеттес.