Мен неге футболды сүйемін? ♥

Мен неге футболды сүйемін? ♥
жеке
блог

Сәлем, массагет. Көптен күткен күн жетті. УЕФА Чемпиондар Лигасы бүгін қайта оралады. Ювентус - Реал Мадрид. Севилья - Бавария. Киевге бастар қатпар-қатпар жолда әлемдік деңгейдегі командалар бақтарын сынап, Кәрі Құрлықтың ең байрақты жүлдесіне бастарын тікті. Осы тұста, біз жанкүйерлер неге футболды осынша сүйетініміз жайлы блог жазғым келген.

Біреу үшін футбол 22 адам бір доптың артынан қуалайтын, еріккеннің ермегі деп біледі. Бірақ, біз футболдың жәй ғана ойын емес екенін өте жақсы білеміз. Ендеше, осы тұста футболға деген сүйіспеншілігімді көрсететін 10 себепті көрсеткім келіп отыр.

1. Футболдағы шеберлік.

Аяқдоп шеберлерінің допты ұстауының өзінде де тұнып тұрған техника мен өнерді байқауға болады. Ол үшін адамда үлкен консентрация мен тепе-теңдік болу керек, ал бұл екінің бірінде бола бермейді. Ал допты бірнеше ондаған метр жерден өз әріптесіне дәл беру де, допты қақпаға тебу де үлкен шеберлікті талап етеді. Бұл іс-қимылдар бір көзге әсерлі, екінші көзге ерсі көрінсе де, футбол жанкүйерлері үшін бұл нағыз шоу.

Роналду.
2. Футбол данышпандары.

Қай спорт түрі болмасын, кез келген команда өз тарапындағы бапкерімен мақтана алады. Дәл осындай бапкерлер футболды өз потенциалын жүзеге асыра алуға қауқарлы. Футболдың баскетбол мен волейболға қарағандағы ерекшелігі мұнда бапкерлер неше түрлі схемалар мен тактикалар әрлі-берлі айналдырып көре алады. Және нәтижесінде өз командасына және өз пәлсапасына сай ойын өрнегін ортаға салады. Бұл схемалар қарсыластың күші мен өз қол астындағы бар ойыншылардың шеберлігіне байланысты өзгеріп отырады. Және ең қызығы да - дәл осы. 

Клопп.
3. Қолжетімділік.

Егер сен футбол ойнай алсаң және ойнауға құштарлығың болса, сенің денең, физикалық күшің екінші планға қалады. Әлбетте, физика футболдағы аса қажетті тұстардың бірі. Бірақ, соңғы он жолдың Испания Ла Лигасында жасындай жарқылдап, ең мқты деген топ-командалардың қақпаларын қан қақсатып жүрген аргентиналық аяқдоп шебері Лионель Мессиге көз салсақ: оның бойы 170 сантиметр ғана. Әйтсе де ол көпшілік қауымның ойынша ғаламның үздік футболшысы. Егер кішкентай бойлы болсаңыз, сіз баскетболда немесе волейболда ойнай алар ма едіңіз? Әй, қайдам!
Сонымен қатар өзім Филипп Лам, Лоренсо Инсиньені осы қатарға қоса алар едім.

Месси.
4. Тарихи бақталастықтар.

Кез келген спорт түрі командалар арасында үлкен қарсыласулардан тұрады. Бұл ойындар ең алдымен, жәй ғана кезекті бір ойын ретінде қабылданса, уақыт өте бірін-бірі кезек-кезек жыққан қос команда арасында бітіспеу бақталастыққа айналады. Тіпті, кейде жауластыққа дейін де жетуі мүмкін. Бірақ, футболда бұл қарсыласулар өзінің кульминация деңгейіне жетеді. Менің әңгімемді түсіну үшін Реал - Барселона, Манчестер Юнайтед - Ливерпуль немесе Галатасарай мен Фенербахче арасындағы ойынды көру жеткілікті. Ал, кейбір жағдайда қарсыласулар саяси жағдайларға байланысты туындап жатады. Бірақ, шынтуайтына келгенде дәл осындай матчтарда қатардағы ойыншылар нағыз профессионал мен аңыздарға айналады.

Стамбул
5. Ұзақ ғұмыр.

Соңғы деректер мен тарихи зерттеулерге сүйенсек, футбол ең алғаш біздің заманыздан бұрынғы II ғасырда Қытай өлкесінде пайда бола бастаған. Осыдан кейін, Ежелгі Грекия, Ежелгі Рим мен Жапонияда ала допты қуалағандар табыла бастаған. 
Дегенмен де, футболдың негізгі ережесі мен қазір түр-сипатын 1863 жылы арнайы ассоциоция құрып, ағылшындар салған. Сондықтан да футболдың Отанын Англия санайды. Сол сәттен бері футболда сан түрлі өзгерістер мен революциялар орын алды. Бірақ, бір ғана нәрсе баз қалпында. Бұл спорт түрі әлі күнге дейін ғаламшарымыздағы миллиондаған жанның жүрек түкпірінде орасан орын алады.

.
6. Кедей болсаң да ешкіммен кем емессің.

Футбол ойнуа үшін не қажет? Доп және дәл сол доптың артынан қуалаған өзің секілді бірнеше бала. Ал қақпаны не тастан, не ағаштан құрастыруға да мүмкіндік бар. Және бары осы ғана. Футболда басқа спортқа қарағанда онша шашылмайсын. Қалауың болса, футболды допсыз да ойнауға болады. Шұлықты екі орап жіберсең, доп шыға келеді. Кедей болсаң да ешкімнен кем емессің.
Футболдың тарихында біз көптеген кедей отбасынан шыққан ғажайып ойыншыларды білеміз. Бұл ойыншылар жайында жақында бөлек блог жазамын.

Роналду.
7. Маусымаралық демалыс ЖОҚ!

Көптеген спорт түрлерінде командалар ұзақ уақытқа жоқ болып кетеді. Оның себебі, олар демалысқа жарағын сайлап, спортты бір шетке ысырып қояды. Ал, футболда ондай жоқ. Еуропа төрінде футбол тамыз бен мамыр айлары аралығында болады. Әр апта сайын Кәрі Құрлықтың ең үздік командалары, ел ішіндегі және құрлықаралық матчтармен көрерменнің көзін қуантады. Әрбір екі жыл сайын жаздың күні не Әлем чемпионаты не Еуропа чемпионаты орын алады. Ал олар жоқта Копа Америка мен Конфедерация кубогындағы және тағы басқа тартыстарға көз сала аламыз. Футбол біздің ғаламшарымыздағы шексіз дүние деуге де болады.

7
8. Халықаралық турнирлер.

Қандай спорт түрі болмасын, еларалық ойындарға қарағанда жинақталған командалардың бәсекесі қызығырақ болып келеді. Тек футболда ғана мемлекеттер арасындағы ойын үлкен қызығушылықтың ортасында болады. Жоғарыда атап өткен Әлем Чемп. мен Еуропа Чемп. үлкен спорттық мерекеге айналады. 
2014 жылы Бразилияда өткен аламан бәйгеге әлем халқының 1 миллиардына жуығы көздерін тіккен. Ал турнир өтіп жатқанда ағылған туристер саны 5 миллионнан асып түскен. 

ӘЧ
9. Құштарлық.

Құштарлық сөзі - футболдың синонимі десе де болады. Ол әр жерде. Әлемдік деңгейдегі аренадан бастап, сіздің ауладағы жеңіс голын соққан жас баланың қуанышына дейін. Құштарлық Исландия 2016 жылы Англияның қақпасына екі бірдей доп соғып анық фаворитті жолдан тайдырғанда болды. Құштарлық Ливерпуль Миланға қарсы "Стамбұл финалындағы" ғалам тарихындағы ең ұлы камбэкті жасағанда болды. Құштарлық тоқсан тоғызыншы жылғы Чемпиондар Лигасының финалында Манчестер Юнайтед ойын бойы есепте алда болған Баварияны қосымша минутта тізе бүктіргенде болды. Құштарлық Криштиану Роналду кезекті голынан кейінгі қуанышын "Siiii" деп атап өткенде болады. Құштарлық Энфилд төрінде You Never Walk Alone шырқалғанда болады.
Бұл - ғажап! Ал егер оны сезініп, осы құштарлықтың бөлшегі болсаң бұл - ҒАЛАМАТ!

Иньеста.
10. Бір ойын. Бір тіл. Бір түсінік.

Футболды кез келген адам түсіне алады. Кейбір ойынды түсіну үшін бізге комментатор керек болса, мұнда жоқ. Комментатор испан болсын, ағылшын болсын, араб болсын мейлі. Бәрі ойынды көріп отырып-ақ түсінікті. Оны түсіну үшін ала доптан көз алмай, өз ісінің мамандары допты әрлі-берлі тербелте жасаған таңғажайып финттері, сол доптың қарсылас қақпасын қақыратып өткендегі гол авторының қуанышы, стадионның ана шетінен мына шетіне дейін жалғасқан керемет комбинация, соққылар, сейвтер, күлкілі жағдайлар барлығы көрер көзге ең сүйікті іс болары анық. 

Пирло.
Ал сіз футболға қалай қарайсыз? Сіз не үшін оны ұнатасыз? Оқығаныңызға рақмет!