**Көзіңді бақырайтып қойып өтірік айтатын адамдар мені таңқалдырудан еш жалықпайды. Ол өтірік өзің жоқта болған оқиға болса мейлі ғой. Жоқ өзіңнің екі көзің көрген істі айналдырып айтқанда көкірегіңді кек кернейді. Ызаға булығып, ашынасың. Өтірік айтып отырған адамды атып жібергің келеді. Бірақ, сәл ойланып, осындай ұсақталып кеткен жандардың әрекеті үшін мен де ұсақталамын ба деген ойға келесің.
**Жасаған жақсылықтарыңа «рахмет» деген сөзді алмақ түгілі, жақсылығыңды жамандыққа айналдыратын жұрт көбейген. Көзіңе қарап тұрып істеген ісіңді сен істемегенге келтіреді. Мейлі...Жақсылықты олар үшін емес, өзім үшін істейін.
**Кейде еңбегің еш кетеді. Желдей ұшады. Сондай кезде мына ортаны қараңғылық басқан ба деген ойға келесің. Жоқ...Бұл қараңғылық ішінде де бір жарық сәуле болып тұрған бір жан бар. Соны көресің де, шүкір дейсің. Оған іштей қуанасың. Әйтеуір бір адамның жаны әділетке жақын екен.
**Осы қазақта туысқаншылдық, рушылдық, жершілдік дегендер еш бітпейтін сияқты. «Туғанынан аянбайды» деп түсінгім келсе де түсіне алар емеспін. Асылқа бармай, айналамдағылар соның дәлелі.
**Бәрін біржолға тастап кеткім келеді. Қанша рет оқталдым да...Бірақ, соңғы сәтке келгенде аяғымды артқа басамын. Мені не ұстап тұр?
**Кейбір жандарды ұнатпайтыным бар. Маған ешқандай жамандық жасамаса да. Жасағандардың себебі онсызда түсінікті. Бірақ, сол ұнатпайтындардың ішінен біреуді мойындай білетіндерді жақсы көремін. Осы үшін оларға құрметім шексіз. Ал өздері білмей, білгенді мойындамайтындарға айтар сөзім де қалмады...
**Ешкім үшін де, ештеңе үшін де бірдеңе істеймей-ақ қойдым. Шындық іздеп шырылдап жүрген кейпімді ешкім де аңғармай-ақ қойсын. Ең бастысы бәрін көретін Алла бар...