Мен мындамын, Алатау...

Еееей, Алатааау! Эхеехееей, мен мындамын, Алатау! 

Жасұлан тек суреттен көріп жүрген ақ басты Алатауды алғаш рет көрді де, не сүйінерін, не күйінерін білмей сұлқ тұрып қалды. Сүйінейін десе, осынша сұлулықты көзбен көріп, жүрекпен сезіне алмаған сонау Жайықты жайлай жатқан халқын аяды, сүйінбейін десе..

Алматыға оқуға түскен әпкесі демалыстарда ауылға оралған сайын арман қаланың әр бұрышында түскен суреттерін көрсетіп, бұның көзін қызықтыратын. "Мен Алматыны сүйемін, себебі онда..." дейтін де, сөзін сабақтамай үнсіз ғана, ойына шома берер еді...

Иә... Ғашық болардай-ақ! Тауды қарашы, қандай ғажааап... Осылай елітіп тұра берсе ғой!

"Әй, бала, жолдан былай тұр" Әкіреңдеген дәу қараның гүр еткен дауысы ойын кілт үзді. 

"Жолдың шетінде тұрмын ғой!" -дегісі келіп, оқталды да, үнсіз қалды. Ата-анасы қанаттыға қақтырып, тұмсықтыға шоқытпай өсірген балғын бала алғаш рет басынан сөз асырды. Біртүрлі батылы жетпеді. 

Анау жерде жайнаңдап әпкесі келеді. Мынау нөпір халықтың арасындағы ең сұлу, ең керемет жан болып көрініп кетті сол сәт. Жоқ, жалғыз емес сияқты. Қасындағысы кім?...

***

Жасұлан терезеден қарбаласқан қаланың тынымсыз кешіне мұңая көз салып тұр. Ауылын сағынып... Анасын сағынып... Сылқым Жайығында қалған балалығын аңсап... 

Мынау Алматы қаншалықты сұлу болса, соншалықты қатыгез екен. Бір-бірінің бетіне қарамай, жанталасқан бір адам. Қарбаласып, таңнан кешке дейін жүгіре басып, алқынған бір кісі. Мидай араласып, сапырылысқан қала.

Университетке келерде өзімді мойындатам деп еді. Қайда?!. Бұдан да мықтылар бар екен. Тіпті, көп өздері... Әлде, бұл жаққа кілең сен тұр, мен атайындар жиналған ба? "Мында жалғызсың, ал Алматыда көптің бірі боласың" деп Оралдағы оқуға қал-қал деп қылқылдаған мұғалімінің сөзі есінен кетер емес.

Алматыда атойлармын деген. Қатал қала жүрегіне аппақ арман байлап келген жас жеткіншекті өңменінен итеріп, бауырына басқысы жоқ... Құдды асау толқынның ағаш қайықты жағаға алып ұрғаны секілді...



Бөлісу: