Мен Массагетке қалай келдім немесе мақсатты жылдар

Мен Массагетке қалай келдім немесе мақсатты жылдар
жеке
блог

Соңғы жазбамды осыдан тура бес ай бұрын жазған екем) Жылт етіп, пайда болып, үндемей жоқ боп кеткен адамның блог жаза қалуы бір қызық шығар. Бірақ, осы массагетпен табыстырған Гүлжан маған кезек ұсынғанда жазбай қоюуым мүмкін емес.

Әлі есімде. 2013 жылдың қыркүйегі болатын. «Қазақ үні» газетінде істеп жүргем. Жоспарым бойынша, университет бітірген соң, бір жыл газетте жұмыс істеп, жазу стилімді қалыптастырамын. Сосын міндетті түрде телеарнаға ауысамын деп ойлайтынмын. Оқу жылының алғашқы айы болғандықтан, бұл кезде «Болашақ жасар» Республикалық жастар газеті жаңа жоспармен жұмыс бастапты. Студенттерге арналған газет болғандықтан бұл газеттің артықшылықтары да, кемшіліктері де жетерлік еді. Осы газеттен шақырту алдым да, кемі тоғыз ай, көбі бір жыл жұмыс істеуге келістім. Себебі, өзім жаңа бітірген жас маман болғандықтан, студенттерге не қызық, не қызық  емес, не керек, не қажет емес, жақсы білетін ем. Жастарға біраз нәрсе бере алатыныма сенімді болдым. Сосын өзіме біраз мақсат қойдым. Сол мақсаттардық жолында, имене басып редакцияға кірдім. Қанша ашық, қанша ерке болсам да, адамдармен бірден тіл табысып кете алмаймын. Мен араласып, үйренісу үшін бірнеше күн қажет етеді. Бірақ редакциядағы ең сұлу, ең мейірімді қызбен таныстым. Ол өздеріңіз жақсы білетін Гүлжан Серік еді. Үйренісе алмай отырғанымда, ол жанына жақын тарта түсті. Түскі асқа бірге шығып, әңгімеге тартты.  Ол өзіне ғана тартып қойған жоқ, өзі ауыратын «ауруға» да тартты.)) Ол ауру «массагет» деп аталатын. Бір көрсеткеннен қызыға түстім. Жиі жазбалар жазуға тырыстым. Ол кезде «театр» дейтін өз «ауруым» да болатын. Соған арнайы жазбалар да жазып жүрдім.  Кейін театр тақырыбын еркін тақырыптарға ауыстырдым. Массагет менің екінші жұмысым сияқты болып кетті. Оған кіріп, оқып, пікір жазу, талдау-талқылау менің міндетім сияқты еді. Кейін бұл массагеттен талай достар да таптым. Шүкір. Былтырғы кездесу естен ешқашан шықпайды.

Басында айтқанымдай, жастар газетінде тоғыз ай істеп, келісім бойынша тағы үш айға ұзартып тура бір жыл дегенде қызметтен кеттім. Алғашқыда бұл қызметтен кетуім «Массагеттен» де кету екенін білмедім... Ең алғашқы мақсатым бойынша, газетте істеуім тиіс бір жылым өтті де кетті. Телеарналардың ешқайсына мүмкіндік болмады. Сол себепті, шетел кетіп, білімімді арттыруды жоспарлап жүр едім. «Таң» телеарнасы ұйымдастырған кастингке аяқ астынан қатысып, алғашқы мақсатыма мүмкіндік берілген соң, елде қалып қойдым. Осыдан бастап, «Массагетіме» де артық уақыт бола бермейтін болды. Бірақ өкінбеймін. Мен қалауларым мен мақсаттарыма ақырындап жетіп келем.  Аллаға шүкір. Бірақ жүрек түбіндегі сырым өзіме аян, «Массагетті» бәрібір жақсы көрем. Ұмытпаймын.

Кезекті Мейрамбек Гимрановқа берем)




Бөлісу: