Мен мамандық таңдаймын

Мен мамандық таңдаймын
жеке
блог

   Болашақ... Әркім-ақ өзінің болашағын ойлағаны сөзсіз. Әркімді: «Болашақта қандай болады екенмін? Ертеңгі күнім қандай екен?»,-деген сұрақтар мазалайтыны сөзсіз. Әрине, мұндай жағдай мені де айналып өткен жоқ. Мен де ойландым, мен де толғандым. Әсте, болашақтың көлігіне мінбесем де, көріпкел әулие болмасам да, мен өз болашағымның жарқын боларына кәміл сенемін. Себебі, мені жылы сезімге, махаббат сезіміне баурайтын, өмірімнің гүлі болатын асыл жандар қаншалық. Болашақ жайлы жаман ойда болмау керек. Жақсылықтың соңғы оты өшсе де, үміт үзілсе де, сену керек,армандау,қиялдау керек. 

    Неге барлығы болашақты ойлайды? Оны ойлауға түрткі болған қандай мәселе? Бұл мәселенің негізгі ұйытқысы- адамның дамуы,өсуі,өнуіне деген құштарлық деп білемін. Көбіміз жастықтың қадірін білмей, «тезірек өссем,үлкейсем»,- деп армандаймыз. Армандауға болмайды дегенім емес,оны да ойлау керек,бірақ өмірдегі ең бір балғын шақтың да қадірін білу абзал.

   Болашақ жайлы ойлағанда, біз « Өмірдегі орным қандай? Қандай мамандық иесі боламын?»,- деген сұраққа тап боламыз. Мамандық таңдау-бұл үлкен,ауқымды мәселе. Оны білу де, болжау да мүмкін емес. Ол-бір ғана Алланың еншісіндегі дүние. Неге біз оны біле алмаймыз? Себебі,жылдар өткен сайын адам да екіұшты ойлы бола бермек. Ол-өмір заңдылығы.

   Мамандық таңдауды біз кішкентайымыздан-ақ ойлаймыз. Біреуді көреміз,оған еліктейміз,сол сияқты болуға тырысамыз. Бұл-кішкентай баланың қиялы. Өсе келе, мамандық таңдау өзекті мәселеге айналады. Сүйікті пәніне деген қызығушылық сол бағыттағы мамандық иесін айқындайды.

   Ата-ана балаға жауап беретіндіктен,олар да бұл мәселеге бейжай қарамайды. Баласының болашағы кемелді болуын қалайтындықтан, олар баланың қызығушылығына мүлдем қайшы мамандықты таңдауы мүмкін.«Сен, сол мамандықты таңдайсың!»,-деген талап та қою мүмкін. Бұл жағдай балаға кері әсерін тигізері хақ. Әрине,ата-ана балаға ешқашан жамандық ойламайды. Бірақ,меніңше,олар да түсінуі тиіс. Өмір бір-ақ рет берілетіндіктен, баланың қалауына құлақ түріп,оның таңдауын қолдағаны абзал.

   Мен де «Кім боламын?»,-деген сұраққа жауап іздедім. Қай салаға жақын екенімді ойладым. Дүниеде қанша мамандық болса,соншалық жеке тұлға бар деп білемін. Олардың қатарынан өзімді де іздедім. 11-сыныптың табалдырығын аттаған сәттен бастап ойымды барынша жинақтап,бір шешімге келдім. Бала кезімнен-ақ бүлдіршін ақын атанып, өсе келе шығармашылық байқаулардың биіктерінен көрініп, әр түрлі тақырыптарда шығарма жазғанды ұнататынымды ескеріп, мен болашақ мамандығымды таңдадым. Ол,-журналист.

   «Журналистің арқалағаны-алтын,жегені-жантақ» деп көрнекті жазушы Шерхан Мұртаза айтпақшы, қызығы мен шыжығы мол бұл сала мен үшін алынбас қамал іспетті көрінді. Десек те, шын талпынған адамға алынбайтын қамал бар ма? Артына үлгілі із қалдыру үшін адамға әуелі ойлы мақсат пен үлкен арман керек екен. Босқа қиялдай беріп, арманның жетегінде жүргендердің болашағы бұлыңғыр. Себебі, жетістіктің тәтті дәмін тек еңбек етіп,алдыға мақсат қоя білген жандар ғана ұғына алады.

   Менің қазіргі басты мақсатым-білікті,шебер журналист атану. Қазақ журналистикасының білгірлік деңгейін өрдегі межеге жеткізіп,сөз өнерін дамыту. «Адамды ит қауып алыпты» деген жаңалық емес, «Адам итті қауып алыпты» десең, жаңалық»,-деп Чарлз Андерсон Дейла айтқандай, жағымды жаңалықтардың жаршысы, жаңалық атаулыны дәлме-дәл,боямасыз жеткізе білетін шынайы журналист, халқымның қалаулысы болғым келеді. Әдебиет,тілге деген сүйіспеншілігім бағыттаған, айқын мақсатым бар мен болашаққа нық қадам жасап, алдыға сеніммен бет алып келемін.

   Жалпы, қандай мамандық таңдасақ та, әрқайсысымыздың алдымызда бір ғана мақсат бар деп білемін. Ол-еліміздің көркеюіне, халқымыздың дамуына үлес қосу.«Сен де бір кірпіш дүниеге кетігің тап та,бар қалан»,-деп хакім Абай айтпақшы, жүрегі қазақ деп соққан әрбір жігерлі жастың дәл қазіргі мақсаты осы деп білемін.                                                                                                                                                                       

Нұр-Сұлтан қаласы  Сырбай Мәуленов атындағы №37 мектеп-лицейінің 11-сынып оқушысы Бержанова Индира