Мен көрген көркем мінез

Бала кезімізде осы бір ағамызға еліктеп өстік. Арамызда 3-ақ жыл айырма болса да, оның сөйлеген сөзіне, тыңғылықты ісіне, салмақты мінезіне, әрбір әрекетіндегі іскерлігіне қызықтық. Ес біле бастаған кезде "көркем мінез" дегеннің не екенін осы Жандос деген ағамнан білдім. Бала кезімізде қайда жүрсе де жанынан қалмаймыз, ол үйге қонақ болып келіп қалса анық бір себебі болмаса да қатты қуанатын едім. Міне, осылай өсіп, өз жолымызбен есейдік қой, студенттік шақта да жылына бір рет көріскенімізге мәз болып қаламыз.

Ал қазір оның да, өзімнің де бір отаудың отағасы болып, үлкендерше араласып-құрласып жүргенімізді ойлаймын. Оның қасиеттерін санамаламай-ақ қоялық, жазып отырғанымның ода еместігін айтайын. Десе де, спорттық жетістіктерін айтпай өту кешірілмес. Ауылдық, аудандық, тіпті облыстық деңгейде волейболдан көптеген жетістіктерге жетіп, ауылдағы сорасы ағып жүрген талай баланың құнжыңдап доп қуалауына үлгі болды, менің өзім де (волейболдан емес, баскетбол) аудандық жарыстарда 4 рет чемпион болғанымды осы ағамның арқасында деп білемін. 
Қазір Мойынқұм ауылында (аудан орталығы) Аудандық сот ісін атқарушы қызметінде. Қанша дегенімен, сағынады екенсің, қайта-қайта бара бермесек те, жағдайын біліп қою дұрыс деп шештім. Себеп? Себепсіз! Жәй ғана...



Бөлісу: