Мен көрген жүйе...

Мен көрген жүйе...
жеке
блог

Бұл жүйені жалғыз мен емес, сіздер де көрдіңіздер, білесіздер. Қоғамдағы қалыптасқан жүйе. Қазақтың ортасында күн сайын дамып келе жатқан жүйе. Жақсы жағы да бар, жаман жағы да көп. Сонымен, мен көрген жүйе...

Балабақша. Мені екі жасқа жетер-жетпес шақта балабақшаға берген екен. Қазақ балабақшасында тәрбиеленген екенмін. Содан бес жасқа жетіп қалған кезде орыс балабақшасына берген. Қазақ бақшасында тек бір апаймен ғана сәлемдесетін болған екенмін. Тек сол кісінің қасында жыламайды екенмін. Сөйтсем, бала жүрек өзінің туысын сезіп білген екен. Алмаш апа да Қыпшақ, бөле болады екенбіз. Баласы Алмат жақында үйленген.

Орыс бақшасындағы кезім есімде жақсы сақталған екен. Тіпті, ойыншықтарын ұрлағаным есімде қалыпты. Әліппені сонда үйренгем. Содан болса керек, бірінші класта диктант жұмыстарында "ң" әрпінің орнына "н" әрпін жазатынмын. Бірақ екінші класымда-ақ бұл қателігім түзетілді.

Баланың балабақшаға баруының жақсы да жаман жақтары баршылық. Байқаңыз, бала деген әке-шешенің мейіріміне, тәрбиесіне өте мұқтаж болады. Сіз оны өзіңізден алыстатып, жүрегіне дақ түсіріп, психологиясы "өзгерістерге" ұшырауы әбден ықтимал. Бала балабақшаға баруға міндетті емес. Ол кіршіксіз пәк көңілімен әке-шешесінің жанында болғысы келеді. Бүгінгі таңда көптеген жанұялар балаларын балабақшаға беріп жатады. Бұл - қазақ қоғамында қалыптасқан жүйе.

Мектеп қабырғасы. Иә, мектеп қабырғасы боялмаған екен. Сол қабырғаны бояуға ақша жинасақ қайтеді? Әзіл ғой... Мектепте жетінші сыныпқа дейін оқушылар сабағын оқып, мықтысы атаман атанып, өзара келіспеушіліктерге күнде тап болып, әйтеуір, аман-есен жүреді. Қыздармен төбелеседі, бір-бірін мазақтайды.

Біз жетінші сыныпты бітіргенде Әйгерім күйеуге шығып кеткен (жүкті боп қалып). Не керек, осы жетінші сыныпта оқи бастағаннан-ақ жоғарғы сыныптың "бұзықтары" тиыннан жинай бастайды. Сегізінші сыныптың оқушыларынан тоғызыншы сынып жинайды. Сөйтіп, он бірінші сыныптың "шестөркісіне" дейін жалғаса береді.

Ауылдарда арғы бет пен бергі бет боп бөлінеді, болмаса көшелерге бөлінеді. Ал бізде район-районға бөлінетін. Байқоңырда бар-жоғы 4-5 район. Болмайтын нәрселер үшін осы райондар бір-бірімен атысып-шабысып жүретін. Бүгінгі күнде де сол тірлік. Өлетіндері өлді, мүгедек болатындары районның "тақырыбында" болғаны үшін "сауаптарын" да алып үлгерді. Бір қызығы, бар-жоғы төрт қазақ мектебі, ал орыстарда сәл артықтау. Сол орыстың балалары район деп "әруақтап" қырғынға ұшырамапты. Олар сол бір қыз үшін, т.б. болмайтын нәрселер үшін өзара төбелесіп қалады. Жоғарғы сыныптарға жеткенде орыстар қалада өте белсенді болып кетеді. Төбелесуге уақыттары жоқ. Ал қазақтар, біз, сол баяғы район боп бөлінгеніміз үшін төбелесе береміз мектеп бітіреміз дегенше. Кейбір оқушылар алқаштарға гоп-стоп жасап та үлгерді, сотталып кете жаздаған.

Бала деген мектепте кішкене де болса білім алуы керек, тәрбиенің жүгі бәрібір де ата-анасының арқасында. Себебі кейін сіз оқу орнына түссеңіз, алғашқы курста оқытушыңыз әрі кетсе "мектепте тәрбие көрмеген екенсің" деп бір-екі рет айтар. Ал одан кейінгі жылдарда қай адамға қиянат жасасаңыз, "тәртіпсіз, әдепсіз, көргенсіз" сөздері тікелей әке-шешеңіздің атына "бағышталады". Яки, ата-анаңыздың атына кір келтіресіз, надандықты доғармасаңыз, сол екеуінің абыройын өшіріп, кейін жұрттың өсек-аяңына қалдырасыз. Ал сіз "керемет" боп жүрсеңіз, жұрттың бәрі "әке-шешесінің тәрбиесі" деп мақтайтын болады. Өзіңіз де "үйдің тәрбиесі" деп мақтанып жүретін боласыз. "Мұғалімнің тәрбиесі" деп мақтанып жүрген бірде-бір адамды көрмеппін. Тіпті, ондай нәрсені мүлтиктерде де көрсетпейді.

Рас, мұғалімнің шәкіртіне деген себебі, әсері тиеді. Ұстазы жақсының ұстанымы жақсы ғой. Бірақ қазіргі кезде мектептерде ұстаздардың беделі төмендеп, оқушылардың құрметі аса мәз болмай тұр. Енді ше, жас мұғалімдер көллеж бітірген, кейбіреулері сырттай оқыған. Соның дипломымен, пара бере отырып, мұғалімдік қызметке орналасады. Директор мен зауыштардың "жағдайы" түсінікті. Талай мұғалім көзбен көріп жүр. Дегенмен, елімізде барлық мектептер, мұғалімдер, зауыштар мен директорлар осындай деген пікірде емеспін. Яки, көпке топырақ шашпаймын. Бірақ көрген-білген нәрсемді жазып отырмын. Сонымен қатар "мықты" оқығандар, "қызылдар" өздерін аудандағы, ауылдағы мектептерге "құрбан" еткісі жоқ. Одан қайта мәгәстірге түсіп, ары қарай оқу орнында сабақ беріп жүрген жақсы екен. Айлығы да жақсы. Миың да ашымайды. Білім жүйесіне өкпелеудің еш пайдасы жоқ. Балаларға мұғалімнің үйрететін, айтатын нәрсесі болса, ешқандай жүйе-пүйеге қарамастан айтып, үйретеді. Алайда мектепке парасыз орналаса алмау, балалардың мәселесі - барлығы да елде қалыптасқан жүйелердің күрделі түрі.

ЖОО. Оқу орнына түскенде студенттерді "қыспақ" жүйесі мен "коммунистік" жүйесі күтеді. Алғашқысында оқытушылар сессия кезінде "қысады". Одан қалды деканаттағылар "қағаз жұмысқа" салады. Жігіттерді шкаф, үстелдерді, т.б. заттарды арқалауға сабақ үстінде алып кетеді. ЖОО-ның "ішкі жүйесі" тіптен біртүрлі. Кредиттік оқу жүйесі дейді де, оқудың түрі оған сәйкес келмейді. Ал "коммунистік" жүйе дегенім, студенттердің 99 пайызы "көп айтса көнеді". Яки, KFC-ға бармаған студент бар ме екен? Алғашқы курста туылған күнді жатақханада тойлап, келесі жылы "жатақханада емес" тойлайтын студент жоқ емес, бар ғой. Кітапханаға бармайтын студент жоқ. Асханаға да бәрі коммунистер секілді топ-топ боп барады: "Асхана-нақ зовет!" деп.Laughing

Жалпы, айырмашылықтар бола бермейді. Бірақ іздеген адамға табылады. Міне, ЖОО-ның да қалыптасқан жүйесі бар. Жақсы жағы көп, әрине. Бірақ басқа фәкөлтеттің оқытушылары филологиядан кеп ақша "сындыратындары" дұрыс емес-нақ! Нақ етіп нақты жазып отырмын.

Қысқасы немесе қорытындысы, қоғамда қалыптасқан "теріс" жүйелер көп. Ол жүйені адамзат қолдан жасады. Енді оны тек адамзат қана қолмен жоя алады. Әлбетте, бір адамның шамасы келмейді. Бірақ қайдағы жоқ жүйемен күрескенше, тыныш қана жұмысыңды жасап, айлығыңды алып, бала-шағаңды асырап отырғаның жақсы емес пе, ә!? Керемет емес пе, ертеңгі күні балаларың да, оның да балалары осы қалыптасқан жүйенің не құрбандары болады, болмаса жүйені одан ары қарай дамытады. Сондықтан мен жүйенің жақсы жақтарын дамытуға, ал жаман жақтарын жақтырмауға, даттауға бар-жоғы жарты жылдай күшімді жұмсағым келеді. Одан әрі шаршайтын сияқтымын.

Тіһіхқәә!Cool Әзіл ғой. Дегенмен, жүйені жақсы жаққа бұру керек. Жаман жағын өзгертуге тырыспасақ, қазақтардың бөлінгені бөлінген, шетінен "бөрі жей береді". Бірлігіміз мықты болсын! Бірлік бар жерде тірлік бар. Яки, блог жаза аласың, пікір қалдыра аласың, лайк баса аласың. Қызықсың, телефоныңда "бір"(ліктер) болмаса интернетке кіре алмайсың ғой, Insta-ға суреттеріңді жариялай алмайсың. Megaline-ға "мыңдықтар" төленбесе, интернеттен онлайн кино көре алмайсың ғой. VBlog жариялай алмайсың. YouTube-тағы жаңалықтардан құр қаласың. Сондықтан осы күнгі бірлігіміздің қадірін білейік, бірлікке қарсы келгендердің құйрығынан тебейік!Wink