Мен қалай ұстаз болдым?!
блог
Бүгін Ұстаздар күні! Бүкіл мектептерде, оқу ордаларында бұл мерекені ерекше атап өтіп жатыр. Таңнан бері қолдарына шоқ-шоқ гүлдер алып мектепке қарай кетіп бара жатқан балақайларды көріп, өткен күнді еске алдым.
Бала күні менің арманым көп болатын. "Кім болам?" деген сұраққа әр кез әр қиыл жауап қататынмын. Бір жазбамда ол туралы кеңінен тоқталғанмын. Менің ұстаз болғым да келген. Ауладағы өзімнен кішкентай балаларды жинап алып, өзімше "апай" болып, оларға сабақ беретінмін. Есесіне, оған шеше-әжелері мәз болатын. Себебі, мен оларға әріптерді, сандарды үйрететінмін. Кейін ол қызығым басылды.
Бала-бақшаның жоғарғы тобында оқып жүргенде бізді кішкентай топтарға апарып, өзімізден кішкентайларға қамқор болуға үйрететін. Өзіміз кішкентай бола тұра, оларға кәдімгідей қамқор болушы едік.
Мектепте оқып жүргенде "Ұстаздар күні" немесе "Өз-өзіңді басқару күнінде" өзімізден төмен сыныптарға сабақ беретінбіз. Неге екенін білмеймін, мен "екі" не "үш" деген бағаларды қоймайтынмын. Өзім де, өзге мәз болатындай тек 4-5 қоятынмын.
Есейе келе, студент кезімде репетитор болып жұмыс жасадым. Үйіме мектеп оқушылары келетін. Түске дейін өзім сабақтамын, түстен кейін үйде сабақ беремін. Қазір ол оқушыларым өсіп кетті. Бойлары да ұзын, мен кішкентай болып, кіндіктерінен келемін.
Биыл қыста педагогикалық тәжірибеден өттік. Сырттай оқитын студенттерге сабақ бердік. Кейбір студенттер өзіңнен үлкен. "Сен апай" деп бастағанда сөздерін не деріңді де білмей қалады екенсің. Кейбір студенттер: "Біз, негізі, сабақ оқып қана қоймай, жұмыс жасаймыз ғой" деп сүйінші сұрағанда, "Жалғыз сіз ғана емес, мына біз де күндіз жұмыс істеп, кешке оқимыз" деп жауап қайтарғанмын. Сол кезде маған, шыны керек, олардың сабаққа келуі бір міндет болып көрінді. Мектептегі бір апайым: "Оқу өздерің үшін керек. Біздің оқитын заман өткен. Қалтамызда қағазымыз бар, сендер кетесіңдер, орындарыңа басқа оқушылар келеді" деп айтушы еді. Расында, әркім өзі үшін оқиды емес пе?!
Негізі, ұстаз болу оңай шаруа емес. Әр оқушының көңілінің кілтін тауып, олардың тұлға болып қалыптасуына сүбелі үлес қосатын жан болу екінің қолынан келе бермейтін дүние. Аса сабырлықты, шыдамдылықты, жылулықты қажет ететін үлкен кәсіп қой. Бірақ, менің ойымша, ұстаздардың зор еңбегі біздің заманда аса бағаланбайтын сияқты. Ешкім де ұстаз болуға аса ұмтылмайды. Ұстаздар да өз қызметін дұрыс атқара бермейді. Көпке топырақ шашудан аулақпын, бірақ, осы күнге дейін түйгенімді айтып отырмын. Пір тұтқан ұстаздарымыздың пара алып, ҰБТ жауаптарын сатып, кетік қылықтарын көргенде оған деген құрметің де, жылы сөзің де өшеді екен.
Бірақ, "осындай ұстазым бар менің" ауыз толтырып, үлкен мақтанышпен айтатын апайларым бар-ақ. Оларға деген сыйластығым да ерекше. Әр кез демеп, ақыл-кеңесін аямайтын сондай жандардың барына мың шүкір. Өз қызметін міндетсінбей, адал атқаратын олардың алдына бас ие бергің келеді.
Кәделі кәсіптің етегін ұстаған барлық жандарды төл мерекесімен құттықтаймын! Білім ғана бермей, үлкен өмірге дайындайтын ұстаздарымыз аман болсын!