«Армансыз адам – қанатсыз құспен тең» деп қазақ халқы айтқандай, бұл өмірде армансыз адам мүлдем жоқ және армандай білген жан өз мақсатына қол жеткізеді. Әрбір жас жеткіншек бала күнінен болашаққа мақсат қойып, рухани жан-дүниесіне жақын мамандық иесі болуды армандайды.
«Мамандықтың жаманы жоқ, бірақ мұның кез келгеніне икемділік қажет, бұл жай күнелту, тамақ асыраудың ғана жолы емес, үлкен өнерді, зор шеберлікті қажет ететін нәрсе» деп қазақтың көрнекті жазушысы Жүсіпбек Аймауытов айтқандай, әр саланың өмірімізге тигізер әсері зор, мамандықтың қай түрі болса да, адам өмірі үшін маңызды.
Менің арманым - ешкімге ұқсамайтын, өзгелерден айтарлықтай айырмашылығы бар қызметкер, қызығы мен қиындығы қатар жүретін саланың білікті маманы, өз ісіне асқан жауапкершілікпен қарайтын, әркез жаңаның жақтаушысы, жақсылықтың қолдаушысы болатын журналист маманы болу.
Санасы қалыптасып, ойы кемелдеңіп келе жатқан шақта әр жеткіншек болашақта кім болатынын армандайды. Болашақ мамандықты таңдау қиын дүние. Қазақ халқының айтуынша, адам өмірде екі нәрседен қателеспеген жөн: бірі – өмірлік жар таңдағанда, екіншісі – мамандық таңдағанда. Мен әрқашан ұлы Абайдың «Болмасаң да ұқсап бақ» деген сөзін мәйек етіп, елімнің үкілеген үмітің ақтар, халық сөзін сөйлер, ұлтжанды, адал, білікті журналист болуға бекіндім. Бұл - менің өмірімде қабылданған ең дұрыс шешім!
Ата-анамның айтуы бойынша, бала кезімде шаңырағымызға келген қонақтардың мазасын алып, көкейімде жүрген сұрақтарымды жаудырып, өзімді тілшілік қырымнан көрсетіппін. Бірақ, бойжете келе журналист мамандығын емес, ақ халатты абзал жан - дәрігер мамандығын таңдадым. 2019 жылы аудандық «Баянтау» газетінің жас тілшісі болу арқылы арманым басқа бағытқа ауысты. «Жас тілші» болу арқылы ойымды анық жеткізуді, жай сөзбен емес, әдеби, көркем сөзбен сөйлеуді, ең бастысы – мақаланы сауатты жазуды үйрендім. «Білгенің бір тоғыз, білмегенің тоқсан тоғыз» деп дана қазақ халқы айтқандай, бұл жоба арқылы білімімді арттырып, жетістікке қол жеткізе бастадым. «ХІХ Жас тілшілер» форумына қатысып, жүлделі орынға ие болдым. Форумға қатысқан кезде журналистиканың «қара шаңырағы» әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінде дәріс беретін Жидегүл Әбдіжалқызы, Нелья Сұлтан, Бауыржан Әлқожа сынды білікті мамандардан кеңес алып, журналистика саласына деген қызығушылығым арта түсті. Биыл да осы форумға қатысып, екінші орынды иелендім. Республикалық «Ұлан» газетінің тілшілерімен танысып, саланың қыр-сырын меңгердім. Осы форумнан кейін нақты мамандығымды таңдап, болашаққа қадам жасай бастадым. «Баянтау» газетінен бөлек «Ұлан» газетіне де жаз бойы мақалаларымды жолдап, еңбек еттім. Еңбегіңнің жемісің көрген қандай рахат?! Мақала жазу арқылы өзімді көрсетіп, «Ұланның жас тілшісі» куәлігіне қол жеткіздім. Бұл мен үшін үлкен жетістік, үлкен мақтаныш!
Журналист болу – өз шығармашылығың арқылы елге, халыққа, көзі қарақты көрермен мен ойы ұшқыр оқырманға адал қызмет ету; тек қана шындықты жазып, халықты шынайы, анық ақпаратпен қамтамасыз ету; көкейкесті мәселелерді сенімді түрде дәлелдеп, шындықтың жаршысы болу. Ақиқаттан айнымай, ешқашан қателеспеу – журналистің негізгі міндеті!
Келешекте осы саланың білікті маманы атанып, туған ауылымның ,елімнің жетістіктерін оқырмандарға жеткізе білсем, осыдан артық бақыт бар ма?!
Журналистика мектебін қалыптастырып, жылдар бойы еңбек еткен тәжірбиелі журналистердің жолың қуу – менің мақсатым. Қазіргі таңдағы журналистиканың саңлақтары Мейіржан Әлібекұлы, Жайна Сламбек, Нартай Аралбайұлы және Нұрбек Бекбау сынды журналист аға-әпкелерімнен үлгі аламын. Олардың тележобаны жүргізу машығы мен дауыс дикциясы ұнайды.
Мен де болашақта елді шынайы жаңалықтармен қамтамасыз ететін білікті журналист болғым келеді. Мен тек Қазақстанда қалып қойғым келмейді, журналистика саласы жақсы дамыған Түркия, Оңтүстік Корея сынды үздік мемлекеттерде тәжірбие жинағым келеді.
«Мәңгі лаулап жану үшін ғаламда,
Үлкен бақыт табу үшін ғаламда.
Үлкен болып қалу үшін ғаламда,
Үлкен арман керек екен адамға» - деп көрнекті ақын Мұхтар Шаханов жырлағандай, әлемде лаулап жаңу үшін арманымды мақсатқа, мақсатты шындыққа айналдырамын.
Мерей АУҒАЛИ,
Қ.Сәтбаев атындағы мектептің 11-сынып оқушысы.