Осы бір шағын оқиғаның өткеніне айға толмаса да, жүрегімде сыздаған күйі қалып қойды. Қолқа-жүрегіме келіп қадалған қорғасын түйіріндей жанымды сыздатумен келеді. Сол күні (сол бір сәтсіз күні) таңертең кеш оянып қалдым. Түнімен «Мұнарлы күз хикаяларын» тынымсыз жазумен отырып, сағат тілінің түнгі екіні соққанын бірақ сездім. Таңғы асығыста бір кесе шайды толық тауыспай, киініп алып, жұмысқа қарай суыт аттандым. Қалаға кіре берісте, ұзыннан көлбеген кең жолдың ортасында жараланып, ұша алмай бүрісіп отырған кішкентай ғана балапан кептерді көзім шалып қалды. Жан-жағынан зулаған темір қобдиларға жанұшыра, үрейлене қарайды. Шаһар құрылысына тегеурінді үлесін қосып жатқан, қалаға қарай таң ата жөңкілетін алып техникалардың біріне соғылып, қанаты сынған болса керек. Сағаттық шапшаңдығы 90 км. жылдамдықпен ұшыртып келе жатқан мен ойланып үлгергенше айналып өтіп, ұзап та кеттім. Жүйке талшықтарым берген «Тоқта!» деген бұйрықты аяқтарым орындай қоймады. Соңымда тықсырып қуған темір қобдилар, алдымда ала таяғын шошаңдатқан Жол күзетшісі. Іле-шала жанып тұрған жасыл шамнан ызғып өтіп, қала топанына да кіріп кеттім. Жұмысқа жетіп, қол-аяғым орныққан соң әлгі балапан кептер жайлы ойлана бастадым. Ар сотының тергеуі басталды...«Сен ынжықсың!», – дедім өзіме, – Сен барып тұрған езсің! Базар маңында келімсектерден қорлық көріп, мүсәпір күй кешкен Қазақ бауырларыңа болысып, талай төбелескенің де, жаңбырға малшынып тұрған балалы әйелді үйіне дейін тегін жеткізіп салатын, мүгедек қайыршыларды көрсең қалтаңдағы тиындарың таусылғанша тарататын жомарттығың да жалған! Ой, пақыр-ай, соңыңнан дедектетіп қуған көліктер соқса соғып кетсін! Нәпақасын адал еңбегінен емес, ала таяғынан іздейтін жол күзетшісі ұстаса ұстап алсын! Жұмысыңнан кешіксең кешіге бер, онсызда қырсық мінезіңмен тым жаға бермейтін бастығыңнан сөгіс алсаң ала бер! Шойындай жұдырығы, түйедей салмағы бар сені де ер азамат дейді-ау! Ер болсаң қалың көлік арасында, ажалдың тұп-тура ұшында отырған анау сәбиді, балапан кептерді неге құтқарып алмайсың?!..»...............
Түскі ас та тамағымнан өтпеді. Директор үйіп-төгіп берген бір құшақ қағазды кері ысыра салып, киініп, ұзыннан ұзақ баспалдақтан жүгіре түстім де көлігіме отырдым. Тым кеш болса да әлгі ғарыптың жайы не болғанын көзіммен көрмекпін. Асыға жетіп, манағы сәби-кептер отырған тұсқа тоқтадым да, көліктен түсіп, іздей бастадым. Таңертегідей емес, қобдишалар ағыны саябыр тауып қалыпты. Кенет... Мынау сұмдық көріністі көріп, жүрегіме заһар құйылды. Байқұс балапан кептер бүрісіп, алақтап отырған жерде бір уыстай қан дағы ғана май жол бетінде айғыздалып жатыр...Кеудемді шеңбектеп, жайқын жол үстіне отыра кеттім. Көзіме удан да ащы жас тығылды. Шу етіп сигнал берген үйдей қара джип қасымнан орағытып өте шықты. Таңданған болу керек, өтіп барып терезеден басын шығарып, соңына бір қарады да кете барды. Өйткені, бұл Астана шаһарында мастар мен жынданған адамдар ғана кездейсоқ жол үстінде отырады... Шашылған қауырсындары көрінбейді. Қызарып көрінген басқа бірдеңенің дағы емес пе екен?.. Жоқ, олай емес, бұл сол балапанның қаны. Талқан болған денесін әлдебір құс немесе қаңғыбас иттер алып кеткен... Мен кеш қалдым. Неге ғана шұғыл тоқтап, жай күндердегі тәуекелшілдігіме баспадым? Панасыз сәби кептерді мың сан қауіп арасынан құтқарып, үйге алып кетіп, емдеп, сауыққан соң еркін аспанына жібермедім? Соншама уақыт ерлік даңқына, батырлық аңыздарға елітіп өскен, ізгілік пен парасатты, мейірім мен адалдықты жоғары ұстайтын менің өзімше биіктетіп жинаған құндылықтарым – бір балапан кептердің өлімімен бірге күлі шығып күйреді. Жермен жексен болып, ойсырай жеңілді. Әлсіз біреу күштіден қорлық шегіп жатқанын көріп тұрып, болыспау – ол ынжықтық болып есептеледі. Ал, шамаң жетіп тұрып жәрдемге бара алмасаң ол – барып тұрған аярлық. Біреу қан төгіп жатқанда қарап тұрып ара түспесе, ол да жендет саналады... Иә, мен де «ЖЕНДЕТПІН...» Бұл оқиға менің онсыз да мәнсіз өмірімді мүлде басқа бағытқа бұрып жібергендей болды. Жабайы нарық толқынында қойдай иіріліп, қатерлі шатқалға бет түзеген, рухы сынған, адамға тән барша ізгілік атаулыға бақыр тиындардың лас кірін жұқтырған, жүрегі бір кесек зіл тасқа айналған мынау әдіра қалғыр ҚОҒАМ қараң қалмайды екен неге осы?..
2013 жылы 05 қараша
Сурет: hudorozhkina.livejournal.com