"Мен жастарға сенемін!"

     22- қыркүйек – Қазақстан Республикасы халықтарының тілдер мерекесі. Иә, етең-жеңді жиып, көш түзеліп, тәуелсіздік туы заңды түрде көкте желбірей бастағаннан бастап, төл мерекелерімізбен қатар, ресми, мемлекеттік мерекелердің де күндері нақтылана бастады. Сондай айтулы, орны ерек мерекелердің бірі – тілдер мерекесі.

    Қазақстан Республикасындағы тiл туралы 1997 ж. 11 шiлдедегі № 151-I Қазақстан Республикасының Заңы 2008.21.11. 4- бабында айтылғандай «Қазақстан Республикасының мемлекеттiк тiлi - қазақ тiлi.» Қазақ тілімізді көздің қарашығындай сақтап, құрметтеу – парызымыз. Бір емес, бірнеше мыңжылдық тарихы бар тіліміз бізге оңай жетпегені тағы анық.

  Қазіргі кезде аға буындар жастарды «ана тілін білмейді, оқымайды, дәріптемейді» деп жазғырады. Иә, ашынуларының себебі де жоқ емес. Алайда, бір құмалаққа бола бір қарын майды шіріте салу тағы болмас. Қанша батысқа, шығысқа еліктеп, нешеме тілде сайрап, ал өз ана тіліне шорқақ болып келетін жастар бар болса да, соншалықты тілдің құрметтеп, дәріптеп, аялайтын жастар да жетерлік. Тілдерінің шұбарланып, «шала қазақ» атануларына туған үйі – отбасы, ата-анасы, бауырлары және өскен ортасы – қоғамы және өзі кінәлі. Адам біліп тумайды. Өсе келе, дами келе тек көзі емес, көкірек көзі де ашылып, дүниені тани бастайды. Сондайда дұрыс жолды көрсету ата-анасының мойнындағы міндет. Өздері қателік жіберіп, кейін қоғамды кіналау дұрыс емес.

   Мен жалпы ежелден жауыр болып келе жатқан тақырыптардың бірі – тіл мәселесін қозғағалы отырғаным жоқ. Тек қазіргі жастардан көңілі қалған кейбір «үлкендерге» кішігірім дәлел ретінде азын-аулақ «сауалнама» жүргізген едім. Бір сағаттың ішінде әлеуметтік желілердің ішінде: фейсбук, вконтакте, майл.ру-да нақ онлайн отырған достарым, таныстарыма бірдей мәтінде хат жолдадым. «Сауалнаманы» тек бір сағатқа толмайтын уақыт аралығында жүргіздім. Өзім қатарластарға «Сәлеем! Тіл туралы қандай мақал-мәтел, не бір шумақ өлең есіңде? Еш жерден қарама. Есіңде барын, білетініңді жаз. Тезірек.», Сіз деп тілдесетіндерге «Сәлееметсіз бе! Тіл туралы қандай мақал-мәтел, не бір шумақ өлең есіңізде? Еш жерден қарамаңыз. Есіңізде барын, білетініңізді жазыңызшы. Тезірек. Рахмет!» деп жолдадым хатымды. Қорытынды мынадай. Вконтакте желісінде онлайн отырған 35 адамға жіберіп, оның 22-сі жауап қатты. Фейсбук желісінде онлайн 20 адамның 12-сі хатымды елеп, жауап қатты. Ал майл.руда әлі де отыратын жандар барына көзім жетті. Онда 19 адамға жолданған хаттың 4-еуіне жауап берілді. Жауаптардың ішінде «есіме түспей тұрғаны», «ол не үшін керек», «ана тілің арың бұл, честно говоря, не помню ары қарай», «ұят болды, дәл қазір тілге келмей тұр», «еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей. Қалың қалай? Қайдан боласың?», «Мағжанның қазақ тілі деген өлеңін жатқа білем. Жане Алмас Темірбайдың қазақ тілі туралы элегия дегенін жатқа білем деуге болады. Тек ұйқыдан жаңа тұрған ем, уотсаппен оқып берейін» немесе көп мақал-мәтелдер жазып, «осы жете ме?» дегендер де, хатымды елемегендер де, жауап беруді қажет деп таппағандар да, былайынша аз-маз «менсінбегендер» де болды. Енді ол достардан ұят болмасын, таң азанымен алынған жауаптар, еңбектер еш кетпесін деп, сол жауаптарды осында жазуды құп көрдім. Ал, сонымен, көптеген адамдардың аузында жүретін мақал-мәтелдер, өлең шумақтары төмендегідей екен.

Қайрат Алашұлы: «Өзге тілдін бәрін біл. Өз тілінді құрметте. Менсіз тілім өмір сүрер, мен тілімсіз өмір сүре алмаймын.»

Назгуль Есеева: «Ана тілің арың бұл, ұятың болып тұр бетте, өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте.»

Лена Орынбасар: «Тіл кеспек бар да, бас кеспек жоқ. Бас кеспек бар да, тіл кеспек жоқ.»

Аян Болатбай: «Өнер алды - қызыл тіл! Ана тілің арын бұл, ұятың боп тұр бетте. Өзге тілдің бәрін біл! Өз тіліңді құрметте! Қадыр Мырзалиев.»

Қаламқас Нұрмақова: «Өнер алды қызыл тіл. Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте.»

Айнел Әмірхан: «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте. Өнер алды - қызыл тіл.»

Мақпал Жұмабай: «Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады. Ахмет Байтұрсынов.»

Жасұлан Аманкелді: «Ана тілің арың бұл, ұятың боп тұр бетте. Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте.»

Ардақ Құлтай: «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте.»

Асылжан Жаманқұл: «Тіл - ұлттың темір қазығы.»

Аяла Байсейт: «Тіл -достықтың алтын көпірі. Тілі өлген ел- тірі өлген ел.»

Марал Бейсенбекова: «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте.»

Әйгерім Тоқсанбек: «Күш кеміді, айбынды ту құлады. Кеше батыр, бүгін қорқақ бұғады. Ерікке ұмтылған ұшқыр жаны кісенде, Қан суынған жүрек молғын соғады. Мағжандікі.»

Әсия Әбдібаева: «Тіл тас жарады. Тас жармаса, бас жарады.»

Айнұр Марат: «Піл көтермегенді, тіл көтереді. Өнер алды - қызыл тіл! Тіл тас жарады, Тас жармаса бас жарады. Шебердің қолы ортақ, шешеннің тілі ортақ. Шебер-көптің апасы, Шешен-көптің опасы. Тіл буынсыз, ой түпсіз.»

Айгерим Кадирбаева: «Тіл тас жарады, тас жармаса, бас жарады. Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте.»

Гүлжазира Жұмабаева: «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте.»

Жанар Қуатова: «Өз ана тілін білмеген ана сүтін ішпегенмен тең.»

Айша Балтахаева: «Ана тілің арын бұл, ұятын боп тұр бетте. Өзге тілдің бәрін біл! Өз тіліңді құрметте! Қадыр Мырзалиев. Өнер алды - қызыл тіл.»

Адасай Омарова: Адам тілі тас жарады, тас жармаса бас жарады. Ақынның тілі қылыштан өткір қылдан нәзік Ана тілім - дана тілім. Ат жүйрігі азаптан құтқарады, Тіл жүйрігі мазақтан құтқарады. Ат жүйрігі айырады, Тіл жүйрігі қайырады."

Гүлжайна Жүнісова: «Өз тілің- бірлік үшін, өзге тіл – тірлік үшін. Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте.»

Жаннұр Нұрла: «Өнер алды – қызыл тіл. Тіл тас жарады, тас жармаса, бас жарады.»

Камшат Есетова: «Өнер алды - қызыл тіл! Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ.»

Аубакирова Мақпал: «Тіл тас жарады, тас жармаса, бас жарады. Піл көтермегенді, тіл көтереді. Ең ащы да – тіл, ең тәтті де – тіл, ең қатты да – тіл, ең жұмсақ та – тіл. Бала тілі – бал.»

Ақерке Сүмбебаева: «Өнер алды – қызыл тіл. Тіл тас жарады, тас жармаса, бас жарады.»

Акерке Жөкебаева: «Өнер алды – қызыл тіл.»

Ғазиза Қаба: "Туған тілім тірлігімнің айғағы, Тілім барда айтылар сыр ойдағы. Өссе тілім, мен де бірге өсемін, Өшсе тілім, мен де бірге өшемін. Ә.Тәжібаев.»

Мөлдір Ахметова: «Туған тілім - тірлігімнің айғағы, Тілім барда айтылар сөз ойдағы...деп басталатын Тұманбай Молдағалиевтің өлеңін жаттап едік кезінде... Тіл тас жарады, тас жармаса, бас жарады. Бәленің 99-ы тілден.»

Ақерке Тәжібаева: «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте. Ана тілің ар намысың анашыңдай сүйкімді, Қатарыңнан қалмау үшін, сен жақсы біл бұл тілді! – деген өлең. Тіл мәртебесі - ел мәртебесі. Тілі өлген ел - тірі өлген ел. Тіл жүйрік емес, ой жүйрік Ми ойлағанды тіл тындырады. Адам тілі тас жарады, тас жармаса бас жарады. Ат жүйрігі асқа,тіл жүйрігі басқа. Бас кеспек болса да. тіл кеспек жоқ.»

Усила Арман: "Туған тілім тірлігімнің айғағы, Тілім барда айтылар сыр ойдағы. Өссе тілім, мен де бірге өсемін, Өшсе тілім, мен де бірге өшемін. Ә.Тәжібаев.»

Мерген Тоқсанбай: «Өнер алды - кызыл тіл.»

Абылай Нұрдинов: «Тіл тас жарады, тас жармаса, бас жарады.»

Айгерім Еркебаева: «Ана тілін алпыс тілге татиды. Тілін білмейтіндер емес, тілін білгісі келмейтіндер-мәңгүрт.»

Ғазиза Ұзақ: «Тіл тас жарады, тас жармаса бас жарады. Өнер алды - қызыл тіл. Адам көңілден азады, тілден жазады. Тіл қылыштан өткір. Тілі өлген ел - тірі өлген ел. Тіл - әдеп басы. Ана тілің арың бұл, Ұятың боп тұр бетте. Өзге тілдің бәрін біл. Өз тіліңді құрметте. Қадыр Мырзалиев. Піл көтермегенді, тіл көтереді. Қол жетпеген жерге тіл жетеді.»

       Байқаған боларсыздар, қазіргі жастардың білімін, дәрежесін, өресін. Және көбіне көп ауызекіде, жадыда жүретін мақал ол – «Өнер алды – қызыл тіл. Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ. Тіл тас жарады, тас жармаса бас жарады.» және Қадыр Мырзалиевтің «Ана тілің – арың бұл» деп басталатын өлең жолдары екенін аңғарған шығарсыздар? Бұл 15 пен 30 жас аралығындағы қазақ жастарының жауаптары екендігін ескерсек, жастарды «тілін құрметтемейтіндер» деу тіпті де артық дер ем. Әрине, бұл тек менің пікірім. Дегенмен, «болар бала ...». Бір сағатқа толмайтын «сауалнаманың» нәтижесіне қарап, өзім бір марқайып қалдым. Мағжан атамыз айтқандай, «Мен жастарға сенемін» деген аға буын, «Иә, жастарға сеніңіздер! Иә, бізге сеніңіздер! Себебі, біз, жастар, сенімге лайықтымыз! Үмітті ақтаймыз! Біз барда Қазақ тілі өлмек емес! Өшпек емес! Жоғалмақ емес!» ... дегім келеді!



Бөлісу: