Мен және Массагет: Сания Аринова

Массагет... Бұл ежелгі тайпаның атауы соңғы бір жылда құлағыма ең жылы сөз болды. Массагетке мен не бере алдым? Массегет маған не берді?

Бір жыл бұрын ғана дүниеге келген бұл сайт, кішкентай уақытта осындай дәрежеге жетіп, соншама қолданушының көңілінен шыққаны мен үшін үлкен қуаныш.

Бұл жұмысқа тұрғалы өмірімде қанша өзгерістің болғанын санап та айта алмаймын. Қанша өмірлік ұстанымдарым өзгеріп, көзқарастарым ауысты, маңызды шешімдер қабылданды. Күнімнің көп бөлігі жұмыста өтетіндіктен, оның өміріме әсер етпеуі мүмкін емес еді. Массагетке өз ойларына сенімді, батыл, қайсар, намысшыл жан болып келген едім. Қазірде кемелденген, аз-маз өмірлік тәжірибесі бар, жастық жалыны сөнбесе де, басылған адамға айналдым. Өзгерістердің бәрі мен үшін пайдалы болды деп сенемін.

Массагетпен мені кезіктірген Қайыржанға алғысым зор. Алғаш кезде ұстаз болған Мейіргүл, Анарға да рахмет айтамын. Жалпы, ұжымда жұмыс істеу, ортақ іс үшін бар күшті аямау әріптестеріммен жақындасуға әкелді. 

Біздің ұжым - өз ісіне жанашыр, патриот, тілін құрметтейтін қарапайым жастар. Біз сіз сияқты оқушы, студент, жас мамандармыз. Күніміз сіздерге пайдалы болады-ау деген мақалаларды ізденіп жазумен өтеді. Заманға сай тақырыптар, мәселелер қозғалып, сіздерге аз болса да кеңес беріп, ойландыруға тырысамыз. Күнделікті қажетті сұрақтардың шешімі, қызықты фактілер, жастардың білуге тиісті деген мәселелерді қамтуға тырысамыз.

Менің жазған әр мақаламның өзіме қатысы бар. Мейлі ол сән әлемінің жаңалығы, денсаулыққа қатысты кеңестер, не психологиялық толғаулар болсын, өзіме қызықты дүниелер сізге де қызықты болады деп ойлаймын. Өзім де сол кеңестерді орындауға тырысамын.

Бұл сайтта жазылған әр мақала, әр сөз, тіпті әр әріп тек сіздер үшін. 6000 материалдардың бәрі дерлік сіздердей жастарды жақсылыққа баулып, ойландыру ниетімен жазылған.

Әрине мен үшін Массагет.кз сайтының орны ерекше. Бұл менің жұмысым, менің күн көрісім, менің отыратын кеңсем, менің жаңа әріптес-достарым, менің ортам. Массагет менің мақтанышым, менің жұбанышым, менің кеңесшім. 

Алайда Массагетке шын баға беретін тек сіздер ғана. Массагет көңіліңізден шықса, біз үшін басқа мақтаныш бар ма? Массагет жастарды жақсылыққа итермелеп, қазақ тілін дамытуға көмектессе, біздің мақсатымызға жеткеніміз. 

Жақында Массагет 1 жылға толады. Массагетке ұзақ ғұмыр мен өркендеу тілеймін. Ал біздің оқырмандарымызға үлкен алғысымды айтып, әлі де талай қызықтың куәгері болатындығыңызға сенмдіргім келеді.

Құрметпен: Сания Аринова



Бөлісу: