Мен және Массагет: «Өз таңбаңды қалдыр» деп шақырған Массагетте әлі таңба қалдырып үлгермедім...

Мен және Массагет: «Өз таңбаңды қалдыр» деп шақырған Массагетте әлі таңба қалдырып үлгермедім...
жеке
блог

2012 жылдың ақпаны еді. Курстасым Айгерім бір жұмысты ұсынды. Практикадан өтіп, тәжірбие жинаймыз деп қоймады. Студентпіз ғой! Бос уақытты біз де жақсы көреміз. СӨЖ-дер мен сабақтардан қолымыз сәл қалт ете қалса ұйқы жаққа тартқымыз келеді де тұрады. Онсыз да былай тартсаң былай, былай тартсаң былай жетпей жатқан уақыт қой, аз болса да журналистика жаққа ат басын бұра берейік деген оймен тізгінге ерік бердік. Сөйттік те телефонның арғы жағынан айтылған мекен жайға ұшып жеттік. Үш қызбыз. Кеңсені таба алмай әуреге түсіп, "арғы" жақпен тағы байланысқа шықтық.

Абай атамыздың ескерткішінің алдында күтіп тұрмыз. Алдында «пресса» деген жазуы бар көлік келіп тоқтады. Жөнімізді айтып отырып алдық. Бізге арнайы келген қызметтік көлік екен. Массагеттің табалдырығына алғаш әкелген кісінің есімі – Қайрат аға! «Келіннің бетін кім ашса, сол ыстық» демей ме?

Сол күні қолыма іліккен есік тұтқасына 9 ай бойы жармасып келемін...

Массагет... Біз келгенде Массагет үш айлық болатын. Оны дүниеге әкелген жандар бізді жатырқамасын деп таныстырып жатты. Тәжірбие жинап, интернет әлеміне енуімізге жол ашқан да солар. Кеңсеге алғаш аяқ басқанда жылы шыраймен күтіп алған Анара мен Массагетке шақырған Мейіргүлдің орны тым ерекше. Техникалық ақаулар кезінде көмегін аямаған Қайыржанның қайырымдылығына сөз жоқ. Барлық жағынан ақтарыла жәрдем беретін Сәнияны да елемей өтпеспін. Бөтен жерге келіп орныққанда Ғани мен Фараби сынды көзтаныстарды көріп бір көзайым болып қалатынбыз.

Мұнда келіп,  «Студент кезде жұмыстың не қажеті бар? Кейін де істейміз ғой» деген ойлармен алыстық. Керек екен! Жаман студент те емеспін. Түнді санамағанда, жарты күнімді қақ ортасынан бөліп тастап шапқылап жүрген жайым бар.

Массагетпен қысты қайтарып, көктемді күтіп алдық. Жаз бойы Массагеттен ажырамаған Ақерке күзді де онымен өткерді.

Кеңсеге әкелер жолдар...

Міне, жақын күндері Массагетті жасқа шығарып, тұсауын кеспекпіз. Дәл бір жыл бұрын шыр етіп қазақша интернеттің есігін ашқан сәби сайт 365 күнде көпке қуаныш сыйлап үлгерді. Ертегі кейіпкерлері секілді күн сайын емес, сағат сайын өсіп 12 айдың ішінде 12 мүшесін түгендеп алды. Ата-анасын алғашқы жымисымен қуантқан баладай ол да біздің төбемізді сан рет көкке жеткізді.

«Өз таңбаңды қалдыр» деп шақырған Массагетте әлі таңба қалдырып үлгермеген де болармын. Бірақ, әлі де уақыт бар. Жасқа толған сәби сайттың қолынан жетектеп, көппен бірге тәй-тәйін үйретуге дайынмын.

Қадам бассаң мәз боламын, Массагет...

Ақерке Әбілхан