Мен және Массагет: Массагеттің әр бөлігіне қолтаңбамды қалдырғым келеді

Мен және Массагет: Массагеттің әр бөлігіне қолтаңбамды қалдырғым келеді
жеке
блог

Массагет порталы ашылғанда сайттың сыншыларының бірі мен болған шығармын?! Өзім спорт тақырыбында материал жазып жүргендіктен, әсіресе Спорт бөлімін көп сынадым. Ана жері анандай-мына жері мынадай деп. 

3 курсты бастағанда Ғани Массагет деген сайт ашылайын деп жатыр деді. Соған ұжым жинап жатыр. Сол үшін маған Мейіргүл келіп те сайттың жөнін түсіндірді. Ол кезде мен Аламан, Аладоп секілді сайттарда жұмыс істеп, сайтта қалай жұмыс істеу керек екендігін білемін деген едім. (Бірақ Массагетке келгенімде түк те білмейтінімді білдім!) Команда толып қалды ма білмеймін ол кезде мен жұмысқа орналаса алмадым. 2012 жылдың қаңтар айында сайттың Әдебиет бөліміне жақын достарымның бірі Фараби кірді. Мен ол кезде әр түрлі Арналарда спорт комментаторы болып жұмыс істедім.

4 курс басталар алдында да мен Массагетке орын бар ма деп бірнеше мәрте сұраған болатын. Бұйырып, қазан айының басында Фараби алып келді жұмысқа. Бастыққа кіріп сөйлескенде, ол кісі мені «Спорт» бөлімін сен алып жүресің деп, бірден қабылдады жұмысқа. Ал жұмыс басталды ... Жұмыс барысы оңай болатын шығар деп ойладым. Бірақ бәрі мен ойлағандай оп-оңай болмай шықты. Алғашқы екі айда жазған материалдарымның қатесінен көз сүрінетін болды. Мен бір жазған материалымды бес-алты мәрте тексеріп, шығаратын болдым. Осы қателерімді көріп, менің бой түзеуіме көмектескен ұжым мен шығарушы редакторға алғыс айтқым келеді. Қазір қатесіз жазып жүрген шығармын?! 

Жұмыс болған соң қиындықтар да болады. Осыдан үш апта бұрын оң қолымды сындырып алсам болады ма? Емханаға барсам қолыма сыйлық ретінде гипс салып берді. (Больничный да қосып берген еді). Бірақ мен жата бергеннен не пайда деп жұмыс істейін дедім. Жұмысты ноутбукпен бір қолдап жасауға кірістім. Бір қолдап қолдап жазудың кері мағынасында пайдасын бірінші күні-ақ көрдім. Жұрттан қалыспай жазайын деп, басқа сайттан ұрлап материал дайындағам. Дегенмен «Өтіріктің арты бір тұтам» дегендей бұл өтірігім ұзаққа-ақ созылмай ашылды. Қатты ұялдым. Сол кезде денсаулықтың қадірін тағы бір түсініп алғандай болдым. (Егер, қолым сынбағанда ондай болмас па еді) Не керек, бастықтан ұрыс біршама ұрыс естіп алдым. Енді ондай қайталанбайды деп те уәде бердім. Уәдемде тұруға тырысамын. 

Міне, менің Массагетке қалай келіп, қалай жұмыс істеп жатқан жайым осындай. Айтпақшы, байқаған шығарсыздар, соңғы кезде мен тек Спорт емес Мәдениет, Техно сынды рубрикаларда жазып жүрмін. Себебі, мен Массагеттің әр бөлігіне өзімнің қолтаңбамды қалдырғым келеді. 

Массагеттің оқырманға бергенінен, берері көп әлі ...

Уалихан ҚОСАНБАЙ