Әу баста on.kz жобасына келгенімде, блогтұғыр алаңында түрлі тақырыптарға эстафеталар ойлап тауып, қызықты оқиғаларымызбен бөлісіп отыратын едік. Сондай бір эстафеталардың бірінде жазып өттім-ау деймін, бұрындары сайтта жұмыс істесем деген ішімде бір ой жатқан еді. Ойлар – заттанады, деген бекер емес қой. Кейін Қуаныш Мағзуов досым жаңа қазақша жоба басталғалы жатыр, соған келесің бе деп шақырды. Басында ешқашан сайтта істеп көрмегендіктен, іште бір қорқыныш болғаны анық. Алайда, блог әлемін жақсы білетіндіктен, қазақ тілінде контент жасай алатыныма сенімділік болды. Жалпы осы тұрғыда маған бағыт берген Қуанышқа алғысым әрдайым шексіз!
«Массагет» жобасы дайындалып жатқанда, ішінде жастарға қызықты, оларды баурап алатындай идеяларды іздестірдік. Сондай ізденістердің бірінде, жастарымызды «Корей толқыны» феномені баурап жатқанын аңғардық. Интернетте корей телехикаяларын орыс тіліне аударатын түрлі фан-клубтар көп болғанымен, қазақ тіліне аударатын бірде-бір ұйым болмағанын ескеріп, мәселені өз қолымызға алдық.
Және осы реттен шатаспадық деген ойдамын. Сайтымыз Жаңа жыл қарсаңында ашылғандықтан оқырмандарымызға екі бірдей жаңа-жылдық, ең қызықты екі телехикаяны толығымен аудардық. Оқырмандардан көптеген жылы лебіздер түсті.
Сонымен қатар, «Бірге аударайық» бөлімінің аудармасына, қазақ тілінің дамуына бір тамшыдай болса да үлес қосып жатқан менің көмекшілерім, жай ғана жанашыр адамдар да бар. Олар: Таңшолпан Бірлікбаева, Айдана Исмагилаева, Әсемгүл Сұлтанғалиева, Айназ Қорғанбаева, Райхан Акимбаева, Айжан Табын, Айдос Ұрыққалиев, Нұрберген Мақым. Бұл адамдарға рақмет айтудан шаршаған емеспін. Жаратқан барлық арман-тілектеріңді орындасын деп тілеймін!
Жалпы «Массагет» оқырмандарына берері мол сайт. Қазақ жастарын үлкен білім, тағлым мен өнегеге үйретіп жатырмыз деп сенемін. Кез келген адам осы сайттан өзіне қажетті бір түйір білім алса, сол біз үшін үлкен бақыт, мақсаттарымыздың іске асқаны. Осы қарқында әрі қарай да жұмыс жасап, өркендете беруіне ат салыса береміз деп үміттенемін!
Рақмет сіздерге!