Мен және Массагет
блог
Массагет - жаңа қазақ ойын-сауық порталы. Бұл сайт жөнінде ең алғаш естігенімде, қазақ интернет кеңістігіндегі көп сайттың бірі шығар деп ойлағаным рас. Бірақ атына қарап, бір ерекшелігі де бар сияқты болып көрінді. Сосын бір рет кіріп көрейін деп шештім. Кірдім. Ең бірінші сайттың сәнін де, мәнін де келтіретін оның дизайны десек, маған Массагеттің дизайны бірден ұнады. Нағыз интернет нұсқадағы материалдарға арнап жасалғаны көрініп-ақ тұр. Шынымды айтсам, осыған дейін қазақ интернет кеңістігінде ойын-сауық бағытындағы порталдар арасынан дәл осылай көркем, тартымды етіп безендірілген сайтты кездестіріп көрмеппін. Әртүрлі тақырыптарды қарап отырып, өзіме керек мағлұматтарды да ала бастадым. Басында аптасына бір рет, кейін тіпті күнде кіретін болдым. Яғни сайтта болып жатқан жаңалықтарды қалт жібермей қарап, өзіме керек ақпараттармен танысып жүрдім. Бұл айтқандарымның барлығы менің жай сайт қолданушысы болып жүргендегі алған әсерім. Бірақ мен кейін шыны керек, дәл осы сайтта қызмет жасаймын деп ойлаған да жоқ едім.
Бір күні маған қазіргі әріптес досым Еркебұлан "сайтқа өзіннің кандидатураңды ұсынып көрмейсің бе?" деп сауал тастады. "Несі бар, көрсек көрейік" деп түйіндемемді портал мекен-жайына жібердім. Мен өзім негізі техникалық ЖОО-нын бітіргенмін ғой. Академияны үздік дипломмен аяқтап, өз мамандығым бойынша біраз уақыт қызмет те істедім. Айтайын дегенім, сайттағы авторларды қарасам, ылғи шетінен филологтар. Ақындар мен жазушылар. Ал өзім шынын айтсам, ақындық немесе жазушылық қабілет дегендерден жұрдаймын. Сондықтан сайтқа жұмысқа орналаса қалсам, өз саламнан бөлек, мысалы әдеби тақырыптағы мақалалар жазуға тура келсе, қайтпекпін деп іштей уайымдап та жүрдім. Сонымен не керек, арада біраз уақыт өтпестен, басшылыққа әңгімелесуге шақырылдым. Бардым. Бастықпен әр алуан тақырыпта пікірлестік. Сауалдарына жауап бердім. Сосын, біраз уақыт әңгімеден соң, бастық апай дипломыма қарап отырып, порталдың "техно" және "білім" бөлімдерінің жұмысына мен сияқты техникалық маман иесі керек екенін айтып, кандидатурамды мақұлдады. Сол күннен бастап, бірден қызметке кірісіп кеттім. Ең бастысы, өз салама жақын тақырыптармен жұмыс істейтініме қатты қуандым. Командалық жұмысқа да төселіп, әріптестеріммен бір ұжым болып қызмет жасадым. Енді міне, порталда қызметте жүргеніме екі айдан асты. Осы уақыт аралығында аталған бөлімдер бойынша бірнеше еңбектерім жарияланды. Кейбірі үшін оқырмандар тарапынан сынды да, мақтауды да естіп үлгердік. Осы орайда айта кететін жайт, портал жұмысындағы менің басты бағытым ол - портал оқырмандарына ең қажетті ақпаратты уақытында әрі нақты ғылыми тұрғыдан, оның үстіне сайт мазмұнына қарай таза қазақ тілінде жеткізу. Яғни кейбір терминдік сөздерді қазақша ғылыми тілмен беру. Осындай кезде, кейде қателіктердің кетіп жататыны бар. Сол себепті егер кейбір жерлерде әдеби, тілдік қателіктер жіберсем, олар үшін сіздерден алдын-ала кешірім сұраймын. Сіздердің орынды сындарыңызбен түзелу тек қана сапаның жақсаруына сеп деп білемін. Сондықтан сіздер айтқан әр пікір біз үшін үлкен маңызға ие екенін айтқым келеді.
Енді міне, алда 16 желтоқсан - Массагет порталының бір жылдық тұсаукесер тойы. Осы тұста барлық әріптестерім мен сайттың әр қолданушысын айтулы оқиғамен құттықтаймын! Массагеттің бір жыл ішінде дәл осындай танымал болуына бірінші кезекте, портал жұмысының суығына тоңып, ыстығына күйген басшылық пен әріптестерімнің еңбегі себеп. Екінші кезекте, олардың еңбегін бағалаған сайт қолданушылары. Яғни сіздер білдірген белсенділіктің арқасы деп білемін. Әрине бір жылдықпен сайт жұмысы тоқтап қалмақ емес. Әрі қарай да біз сіздермен әлі талай қызықты ақпараттармен бөлісетіндігімізге сенемін. Сондықтан бізбен бірге болыңыздар!