Мен және "Массагет"
блог
Интернет бетін пайдалануды бала күнімнен бастағанмын. Өлең десе жанын жұлып беретін жандардың бірі болғандықтан шығар. Кез келген қазақ тілді сайттарды ақтарсам болды алдымен әдебиет бетін қосатын сондағы туындыларды оқитын әдетім еді. Қытайдағы қазақ тілді сайттар, оның ішінде, "Күлтегін", "Сен қазақ", "Парасат", "Бозбала" секілді сұхбат беттері менің өмірімнің бір бөлшегіне айналып үлгерген еді. Қытай елінде туып өскендіктен қазақ елінің әдеби ортасы бізге таңсық болатын. Соған шөлдеп, шөліркеп жүретініміз де табиғи.
Ата жұртқа ат басын бұрған соң да әдеби ортамен тез араласып кеттік. Ере жүріп, ілесе жүріп аға буыннан көп тәлім алдық. Қазақ еліндегі интернет беттерінің де білім алуыма көп көмегі тигенін жасырмаймын.
"Массагет" дейтін поталмен танысқаныма да бір жылдың жүзі болған жоқ. Таза қазақ тілді, жастардың сұранысына сай, зәруге дәру, жаңалық болсын, танымдық мақалалары болсын кісіні жалықтырмайтын ерекшеліктері өзіне тартатын еді. Бір жылға жуық уақыт сайттың тұрақты оқырманына айналып үлгердім. Ең бастысы күнделікті қажетті материалын кілең орыс тілді сайттардан іздеп тауып, соларға бейімделіп отыратын жастар үшін бұл сайт үлкен маңызға ие еді. Қазақстандағы қазақ тілінің деңгейін көтеруге болсын, ұлттық тәрбиеге болсын өзіндік үлесін қосып келе жатқанына қуанышты едім.
Алғаш осы сайтқа жұмысқа келуіме жақын достарым мен бауырларым себепкер болды. Ең бастысы әдеби бетте жұмыс жасағым келді. Аз да болса қазақ әдебиетіне тамшыдай үлесімді қоса алсам менен асқан бақытты адам болмас еді. Дегенмен, мұнда келіп басқа арнаға ауыстым. Бірақ, өкініш жоқ. Өзім қалаған әдебиет бетіне ұлтты тәрбиелейтін аудармаларымды, басқа сайттардағы құнды материалдарды, ел арасында таланты байқалмай жүрген аға-бауырларымды оқырманмен жүздестіре алдым. Бар қуанышым да сол.
Бір өкінетінім, кейде тек қана міндет атқару үшін ғана жазылған сапасыз жолдамаларым үшін оқырман қауымнан кешірім сұраймын. Және менің жұмысымда өзіммен саптас болып жүрген барлық қызметтестеріме түсіністікпен қараса екен деген үмітім бар. Бізде солай! Кейде оқырман көңілінен шыға алмай қалып жатсақ, кешіріммен қараса екен дейміз. Бәрінен маңыздысы сізге де, бізге де ортақ мақсат - ұлт қамы!
Ел бірлігі! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын, бауырлар! Қазақ деген қара ормандай халық үшін төккен әр тамшы теріңнің бодауы алғыс пен мадаққа толы!
Алшын Матай