Мен және Massaget.kz!
блог
Ұжымдық нысан өскелең ұрпақтың тәрбиесі болса, жеке өзім бұл сайтты қазіргі қазақ жастарының айнасы болса деймін. Портал жақсы мен жаманның, биік пен төменнің парқын білетін, ел болашағына қырын қарамайтын жас буын ортасын жасамақ ниетті. Massaget.kz еліміздегі мәдени, әдеби және сол сияқты әр тарапты саладағы жаңалық-ақпараттармен бөлісіп, танымдық, аналитикалық мақалалар жинағын ұсынады.
Мен massaget-ке келген уақыттан бастап, өзімді мазалаған сұрақтарды блог ретінде жаздым. Сұрақ емес, тұжырым жасап. Міне, жазылған пікірлерді ойдан екшеп, бұл сұрақтың қандай дәрежедегі адамдарға, қаншалықты деңгейде қызықты болып көрінетінін біліп, нақты қорытынды жасай білдім. "Сын - мін түзейді" деуші ме еді? Жастардың салмақты-салмақсыз жазбаларына қарап, өз ой көкжиегімнен баға беруге тырыстым. Абсолютті ештеменің де жоқтығын түсінген соң-ақ осындағы замандастарымның психологиясын ұғуға талпынғаным да рас. Әлі күнге дейін сайттың әр қолданушысына анализ жасап отыратын "жаман" әдетім қалып қойыпты...
Дәл осы уақытта әдебиет саласындағы сан түрлі ойлар жүйесі де санама сіңіп жатты. Десе де, менің алдымда үлкен мәселе тұрды: Мен өзім үшін қызықты дүние жазамын ба әлде осындағы оқырман, жазарман жастардың талқысына түсетіндей дүние беремін бе? Қайсысы деп ойлайсыз? Ал шынында, мен жақсы шешім жасадым деп ойлаймын. Мен екеуін де ескеріп, жұмысымды хоббиге айналдырдым. Иә, белгілі бір нәтижеге қол жеткізу үшін белгілі бір деңгейдегі қиындықтарды бастан өткеру керек болды. «Сен бұрын жетпеген жетістікке кенелгің келсе, бұрын жасамаған әрекетке баруың керек». Бұл аудармам қаншалықты сәтті болғанын, білмеймін, бірақ көзі қарақты оқырман менің айтқанымды түсініп, түйсінеді деген сенімдемін.
Тұтқа. елдің тұтқасы жастардың қолына берілуге шақ. Осындай тарихи сәттерде қазақтың әр баласы да отаным деп өлермен қалыпқа келсе, біліммен де, өнермен де өзгені бағындыра білсе болашағымыз баянды боларына мен сенемін. |
Достар. Мұнда мен ойлап, біліп келген қатарластарыма қарағанда, өзге бір қызығушылығы бар, бағыты биік, арманы қызықты жігіт-қыздармен сөйлесе бастадым. Бір досым Эмиль Золяға ғашық, ал бірі Лионель Месси десе мінберге ұмтылады, кейінгісі кейінгі заманауи құрылғыларға құмар болса, тағылары зәу биіктегі нысанын алсам дейді. Жан-жақты болу – massaget.kz оқырманының оңай-ақ алар асуы. Сенбесеңіз, күніне кем дегенде 5 мақала оқып тұрыңыз. Бірде болмаса бірде санаңыздан шиыршық атып шыққан энциклопедиялық қорыңыздың бар екенін өзіңізге дәлелдеп бересіз.
Сеніміміз сұйылмасын, оқырман, мен сіздерді massaget.kz-тің төріне қонақ болуға шақырамын. Бұл ауыл әрқашан да қонақжайлылығынан кенде болған емес. Ендеше, бізбен бірге болыңыз...
|
Құрметпен Ардақ Құлтай |