Мен ертеңіме алаңдаймын

Мен ертеңіме алаңдаймын

    Кейде мен қазіргі балалар күннен күнге өзгеріп жатқан, жаңарған дүниелердің пайда болуы, бүгін былай, ертең басқа болып шығатын, жаттай  алмайтын дүниелер  секілді дамып  кеткен бе деген ойға қаламын. Әрине, бала жасынан ақылды, көркем ойлы, тапқыр, тілге шешен болса жақсы ғой. Бірақ баланың тілі шыға салысымен үлкендердің ойында жоқ дүниелерді ойлап, сөйлеуі таңырқатпай қоймайды. Әжем «бұлар ақыр заманның балалары» деп айтушы еді. Сағат санап дамыған техникамен бірге өсіп келе жатқан сияқты. Бірде жаңалықтардан көргенім бар еді. Жапонияның жоғары дәрежелі технологиясы бар ел екенін білеміз. Техниканың дамығаны соншалық,  енді үйде отырған балаңызға  алаңдамай,  бала  күтушісін жалдамай-ақ

жұмыс атқара беруіңізге болады. Баланың үйдегі сырласы, күтушісі, ойыншығы «қуыршақ-робот». Ол баламен сөйлеседі, ән айтады, ойнайды, айтқанын орындайды. Роботпен бірге өскен бала кейін қандай азамат болып өседі? Роботпен дос болса не болмақ? Бізге, әйтеуір, ол робот келмеді. Бірақ аты дардай, дау тудырған «ғаламтор» бар. Әліппені енді ғана қолына ұстаған бала «агентте» отырады дегенді естіген басызыңызды шайқап, «бұл не болып барады?» дегеннен басқа ештеңе айта алмайсыз. Тағы бір жағдай. Туысымның үйіне жолай соғып едім, 1 жасар қызы платшетпен (компьютердің кішірейген  түрі) қолын ары-бері жылжытып ойын ойнап отыр. «Мама» дегенді әзер айтатын баланың платшет ұстап отырғанына не дерсіз? Тіпті, ағамның 1-сынып оқитын баласы сабақтан келе салысымен компьютерге жабысады. Тамағын да ішпей уақытын экранға көз тігумен өткізеді. «Балам, сабағыңды оқы» десе, «Онда оқып болған соң, қайттан отырамын» деп ашуланады. Бұл ауылдағы үйдегі жағдай. Өзім барып жүретін қаладағы әпкемнің 2 жасар кішкене қызының бұлдырлап сөйлеген екі сөзінің басы орысша, жылап, компьютерден бейне-жазбалар (видеолар) көреді. Баласының орысша сөйлеп, еркелегеніне үйіндегілері мәз болады.  Университеттегі апайымыз айтып еді. «Бірде балабақшаның жанынан өтіп бара жатып, әр түсті әткеншектер тұрған ашық алаңға қызыға қарасам, 3 жасар бала мен қыз тығылып құшақтасып тұр екен. Қастарында не тәрбиешісі, не қатарластары жоқ. Өз көзіме өзім сенбей өтіп кеттім» деп. Немесе күнде өзіміз куә болып жүрген көрініс. Көшеде алдында анасы, не әкесі баланың сөмкесін арқалап алған, артында бала телефонмен сөйлесіп келе жатыр, не болмаса «сен» деп сөйлеп, айтқанын орындатқызады. Сөйлеген екі сөзі орысша.  «Балаңды бес жасқа дейін хандай көтер, он бес  жасқа дейін құлдай жұмса, он бестен ары онымен досыңдай сырлас» деп баланы азамат етіп тәрбиелеудің сырын бір-екі ауыз сөзбен  ата-бабаларымыз ертеден айтып кетті емес пе? Жоғарыда аталған оқиғаларға біріміз қоғамды, заманды, біріміз «ғаламтор», «техника», «теледидарды» кінәлаймыз. Неге кінәні өзімізден іздемейміз? Ата-аналар тұрмыс қамымен таң атысымен жұмыста. Бала балабақшада, үйде екі көзі «көк сандыққа» телмірумен өтеді. Әйтеуір, бала аман-есен, киімі көк, тамағы тоқ болса мейлі. «Балаңды бес жасқа дейін хандай көтер» дегенді дұрыс түсінбей, тым асыра сілтеп жіберген сыңайлымыз. Асық ойнап, доп теуіп, желмен жарыса жүгіріп ойнағанға не жетсін! Мен балаңызды асық ойнатып, жүгіртіп қойыңыз демеймін! Тек бір сәт сәбиіңіздің тәрбиесіне тереңірек үңіліп, ой елегінен өткізіп қарасаңыз. Балабақша, мектеп, ортасы өз алдына.    Даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлы: «Мен үш нәрседен қорқамын: бірінші - баласына бесік жырын айтпаған анадан, екінші - немересіне ертегі айтпаған әжеден, үшінші - бір-бірімен қазақша сөйлеспеген қазақтардан»,-демекші мен де қорқамын. Ертеңіме елеңдеп, бүгін былай болса кейін не болар екен деп ойлаймын. Бүгінгі ісіміздің осылай болғанына өзге емес өзіміз мұрындықпыз! Өзімізден бастайықшы!



Бөлісу: