Мен енді саған хат жаза алмаймын...

Бірнеше күн өткен соң анам маған "блог етіп жазып, ішіңдегіні тарқатып ал" деп кеңес беріп еді. Мен бұл сезімді қағазға түсіргім келмеді. Мүлде ешқайда шығарғым келмеді. Неге десеңіз, егер мен ойымдағыны жазсам, бұл мен үшін қоштасу еді...

Әже, әріп танып, қолыма қалам алғаннан бері ауылға хат жаза бастадым. Ол кезде әлі атам тірі еді.

Сенің ауырып қалғаныңды естігенде бәріміз уайымдап бастадық. Ауылдан біреу телефон соқса, жауап беруге қорқып, жаман хабар естігіміз келмей тұратын. Маманың, сенің жалғыз қызыңның бұл күйін көріп, папа ауылға билет алған еді. Түн ортасында лезде жиналып, ұшаққа мініп қызы кетті анасына...

Өлім аузында жатқан анасын көру ол үшін ауыр болған болар. 

Универдің құдай атқан "обходнойын" бітірумен жүр едім. "Ертең кел, бүгін бітпейді немесе өзің жүгір" деген соң ректоратқа барып, шаруаларды құнттап жүрдім. Бір кезде маманың жұмыстасы телефон соғып, "әжең қайтыпты дейді ғой, рас па?" деп тарс етпей ме төбеден... Бухгалтерияның ортасында тұрып, денем суып кеткендей болды. "Білмеймін" деп телефонды қоя салдым. Ішімнен "жоқ, қателескен болар, ауырып жатыр дегенді дұрыс түсінбеген шығар" деп өзімді сабырға шақырып отырмын. Бухгалтер әлі шұқыланып отыр. 

Шаруамды бітіріп, жұмысқа қарай беттедім. Жолда әкем соқты. Телефонның дисплейіне қарап, алғым келмейтінін түсіндім. Ұзақ тұрып, алған соң, әкем тез арада ауылға ұшқалы жатқанын айтып, маған "жылама, қиналады" деді. 

Енді сендім... Не істерімді білмей, такси ұстап кеңсеге келдім. Көз алдымда Сам құмы, ескі сарай, әженің үлкен үйі, газетпен қараңғыланған бөлмелер, соңғы бөлме - әженікі. Оның далада ойнап жүргенімде ұзақ маған қарап отырғаны елестеді. Кейде жарты сағат бойы көзін алмай қарап отыратын. "Бірдеңе айтқың келіп тұр ма, мама?" деп келсем, таяғын сүйеніп, күліп, "ойнай бер" деп маңдайымнан сүйетін.

Мен бала кезімде қиын тентек едім. Бір орында отырмай, бір нәрсені сындырып, шағып тастайтынмын. Мұным үшін талай таяқ жегенмін. Әжем анама "ұрма, қара басыңдағы жалғыз балаңды, ұрма!" деп ұрсатын еді. Былтыр анама "Фариза семірді ме? Әлі арық па?" деп сұрапты. Арық адамдардың аурушаң болатынын біліп, уайымдайды ғой... 

Ұлы ауырып, қайтыс болғаннан кейін төсек тартып, жатып қалды. Содан бері сирек тұрып, жүреді. Соңғы жылдары барғанда мен бөлмесінде жататынмын. Жасымыз 18-ден асса да "әй, шай іштіңіз бе? шұбат берді ме?" деп күніне сан рет сұрап тұратын. Құлағы естіңкіремейтіндіктен, "иә, мама" деп айғайлап отыратынмын. Сонда да әже мен үшін әлі көп жасайтын көрінетін еді.

Енді, әжем жоқ. Ауылдың да қызығы бір мезетте жоқ болғандай... Құм, қора жақ, кешкі ойын, отырыстар, "көшеге шығу", ауыл аралап көрісу, бәрі бәрі ауылды маған қызық ететін нәрсе көрінетін. Ал қазір мұның бәрі мәнсіз дүние екенін түсіндім. Себебі шын мәнінде, мен ауылға сені көруге баратынмын, әже.

Бұл хабар бізге жеткенде, анамның жақсы досы, әріптесі, ақын кісі Айсұлу Қасымбек саған арнап өлең жазды:

Ана кетті,
Өмірден ана кетті.
Мұңын, сырын, сезімін ала кетті.
Маңдай тер мен кіндік қаны тамған жері,
Бауырына алды перзентін дала текті.
Ана кетті, өмірден ана кетті...

Ана өмірге бір ана сапар шекті.
Самайынан сұм ажал келіп өпті.
Қанша ызғар көрсе де, жүрегі ыстық
Мейірімнен жаралып, шуақ төкті.

Ел білмейді, өмірден кетті ана,
Шежіресі бір елдің - текті, дара.
Ана өтті өмірі аңыз тектес,
Еңбегі ерен - іздеген дертке дауа...

Расында, әже сен бұл өмірден сыйлы адам болып өттің. Халқыңның мақтанышысың сен. Тылда ерен еңбек етіп, адамдардың сырқатын емдедің. Төсек тартқанша қажымай еңбектендің. Рақмет саған, мама...

Әже, мен былтыр кетерде саған "келесі жазда келемін, мені күт" деп едім ғой. Ұмытып кеттің бе? Біз көлікке отырып, жол жүргенде сен есіктен шығып, "кетпе" дегендей қарап едің. Мен сонда сені соңғы рет көріп тұрғанымды білмеп едім...

Тамызда саған келемін. Тізерлеп отырып, батаңды тілеймін, сен мені естисің бе, мама?

Жалғыз қызыңды күтіп, қолынан қысып, қоштасқаныңа саған рақмет айтамын. Анам үшін бұл қажет болды. Ал мен сені әлі жібере алмаймын. Арада бір аптадан артық уақыт өткенмен, сенімен қоштасу мен үшін тым ауыр...

Бұл соңғы хатты көздің жасынсыз жаза алмадым, мұнымды жазғыра көрме. Үнемі екеуіміз арамыздағы байланыс мықты, ерекше еді. Мен сенің үлкен жиеніңмің. Алыста болсам да, жүрегіңе жақынмын. Сонша жыл қасымда болып, ең тамаша әже болғаныңа рақмет, мама. 

Мен енді саған хат жаза алмаймын... Бірақ әр түн сайын сені есіме түсіретініме күмәнданба. Жаның жәннәтта болсын, ақ мама. Мен сені жақсы көремін.

Өтеуова Күнбала Сәнәуқызының рухына бағышталады.


P.S. блогта мен ''әже және маманы'' қатар қолдандым. Себебі біздің әулетте әжені бәрі ''мама'' дейді.



Бөлісу: