Білесіз бе, мен Жетісай қаласында 17 жыл бойы тұрып, өзге ұлт өкілдерінің орыс немесе өз тілдерінде емес, біздің ана тілімізде сөйлейтінін білмеппін. Біздің қаламызда: орыс, кәріс, тәжік, өзбек секілді тағы басқа да ұлт өкілдері өмір сүреді. Мені қайран қалдырғаны сол ұлт өкілдерінің "Қазақ" тілінде қазақтардан қалыспай сөйлегені. Сонымен, туған қаламда өзге ұлт өкілдерінің біздің ана тілімізде сөйлейтінін қалай білдім? Оқиға былай болды...
Жаз басталды. Оқу уақыты аяқталған соң демалысымды ауылда өткізуге шешім қабылдадым. Ауылға барған соң күнделікті күйбелең тіршілік таусылмайды. Күнде бір жұмысты қайталай бересің, қайталай бересің. Үй жинау, тамақ пісіру, даланы сыпыру, кір жуу, анда-санда үй ремонттау тағы сол сияқты. Бір күні үйге жақын құрбым келді. Біраз әңгіме айтып отырып, сөздің бір шетін жұмыс іздеуге алып бардық. Жоспар құрып, ертеңнен бастап жұмыс іздеуге шығатын болдық. Ертесінде, екеуміз жолығып жұмыс іздей бастадық. Кафе, ресторандарға аяқ баспай-ақ қоялық, бәрібір үйдегілер рұқсат бермейді. Жұмысты дүкендерден қарастырдық. Бағымыз жанып, азық-түлік сататын дүкенге жұмысқа тұрдық. Алғашқы 3 күн сынақ болады. Егер, сол сынақтан өтсек жұмысқа орналаса аламыз.
Дүкенге адамдар өте көп келетін. Бірде, дүкенге орыс әйел кіріп келді. Орысшалап амандасып, қажетін сұрағанымда, маған қазақша жауап берді. Іштей жарайды деп қоя салдым. Дүкенге тағы бір тұтынушы кіріп келді. Сырт келбетіне қарап кәріске ұқсаттым. Тұтынушының алдына барып, орысша сәлемімді беріп, не керектігін сұрадым. Ол да маған қазақша жауып қайтарды. Таң қалдым. Бір жағынан ұялдым. Өзімнің орысша сөйлегеніме, ол адамның қазақша түсінбейді деген ойыма.
Кешкісін қайтар уақытта, базарға құлаққап алуға кірдім. Бір қатардың бойын аралап шықтым. Орыстар мен кәрістер, қазақтар отырды. Қиналмай қазақша сөйлесіп көрейін дедім. Сатушылардың барлығы сөзімді түсініп, бағасын сұрасам: "Алты жуз теңгеден, бес жузге бере аламын" деп саудаласты. Ой, Алла!!!
Айналдырған 3 күнде қаламның тұрғындарын жаңа қырынан таныдым. Риза болдым, қуандым. Бұл менің өмірімдегі ең елеулі оқиғалардың бастамасы деп қабылдадым.
Сіздерді де туған қалама қонаққа шақырамын! Келіңіздер, рухани азық алыңыздар! Өзге тілде емес, өз тілімізде сөйлеп қарым-қатынас ұстаңыздар!