Бірер жыл бұрын Жапонияда болдым. Тұрмыс-тіршілігімен таныстым. Саяхатым айналып құмды далаға әкелді. Құм құрсауында жатқан елді көріп, олардың жан арпалысын, өмірге деген құштарлық пен өлмеуге қарекет жасаған тыныс-тіршілігімен тыныстап қайттым. Сізге өтірік маған шын, жолай Кобо Абэны көрдім. Дәл өзі. Сол құм құрсауында белгісіз бір әйелге үздіксіз қарап тұр. Оның сұлулығына, оның осы құмға қалай тап болғанын білуге әуестеніп тұр еді, белгісіз бір ер адамның ортаға қосыла кеткені. Жазушы қызғанып қалса керек, екеуінің арасындағы тұтанып бара жатқан махаббатқа кедергі болғысы келді. Оған қайдам, құлқын бұзған әйелдің тәні мен ердің құмда жатып су емес, әйелдің иісін аңсағаны анық көрінді. Бәрін қойшы менің Кобо Абэны көргеніме жұрт сенер ме екен?
Араға бір жыл салып Аляска, теңіз, мұхит не керек су бетімен саяхат жасадым. Мен отырған кемеде жалғыз итімен отырған адамға көзім түсті. Жанына барып сөйлесуге талпынып едім, әлденеге алаңдаған адамдай бұрылып кетті. Өздерін «теңіз қорқаулары» атап кеткен біреуінен анау кім деп сұрап едім, Джек Лондон ғой дейді. О, Құдай! Маған мұндай бақты жазар ма? Дәл өзі. Белгісіз бір жағалауға келіп тоқтадық. Қыстың күні. Есімде. Борттан түсіп бара жатыр едім, Джек Лондон ерткен итіне ұқсайтын 4-5 итті шанаға жегіп, артына бұрылмай кетті.
Жағалауда көп тұрмадық. Теңізді бетке алып тағы бір тропикалық жағалауға келдік. Жұпыны үйлер. Түтіні әлсін-әлсін көрінеді. Кемеден түсіп, бір селфи жасайын деп тұр едім, «балақай өтіп кетейін» деп жаман қайығын сүйреп бара жатқан шалды көрдім. Ыңғайсызданып қалғаным рас, бірақ шалдың жүзінде жігер мен қайрат жатыр. Ол жүзіп кеткенше теңізге ұзақ қарап тұрдым. Кемеге қайтып отыра берген кезімде, алыстан қол бұлғап келе жатқан тағы бір қартқа көзім түсті. Жаныма келді де: «балам, қайда бет алдың, мына бір хатты Пауло Коэльоға жеткізіп берші», деп қолыма бір жапырақ қағаз ұстатты. Ойымда ештеңе жоқ хатты алып жатып, «кімнен?», дейін дедім: «Эрнест Хэминугэй» деп айтарсың деді де бұрылып кетті. Селфи жасап үлгермедім, дәл өзі. Кемеге шығып теңіз үстінде қайықпен әлі жүзіп бара жатқан шалды көрдім. Көз алдымда шал мен теңіз ғана...
Хатты алып оқып шықтым. Хатта екі-ақ ауыз сөз тұр. «Құрметті, Пауло Коэльо мырза! «Алхимикті» оқып шықтым. Жақсы туынды!».
Былтыр бәрін тастап Бразилияға аттандым. Жергілікті халықтан сұрап едім ол адам туралы аңыз қылып айтты. Қазір египетте, пирамида қасына кеткенін айтып шығарып салды. Хатты алып сонда аттандым. Жолай Андалусиге тоқтадым. Сантьяго есімді серік тауып, сонымен бірге жолға шықтым. Ақыры хатты жеткіздім. Қолына табыстап едім, маған алғыс ретінде «11 минут» деп аталатын қолжазбасын берді. Қазір соны оқып жатырмын.
Тізіп жазсам саяхаттаған елім көп екен. Сапарым әлі жалғасады. Егер менімен бірге саяхатқа шығамын десеңіз, мархабат. Айтпақтай, ақша жағына алаңдамаңыз. Менің бірнеше агенттігім бар. Тек билет сатып алсаңыз болды. Тіпті сатып алмай-ақ қойыңыз. «Кітапхана» деген агенттігімде тегін билеттер таратады. Аласыз, сапарға аттанасыз! Ешкім құжат сұрамайды, мазаламайды.
Әлемді тегін шарлағанға не жетсін!
Мен Египетте Пауло Коэльоны қалай жолықтырдым?
жеке
блог
блог
(с) Марғұлан Ақан