Мен дүниеге келген күн
блог
Ар ма, ағайын?!
Жаңа 2014 жыл баршаңызға құтты болсын! Жаңа Жыл игіліктерге толсын! Бұл жаққа ат басын бұрмағалы, кезекті жазбамды жарияламағалы бір жыл болыпты ғой))))
Әрқайсысымыз үшін Жаңа жыл мерекесі өзіндік ерекшелігі бар мереке екеніне еш күмәнім жоқ. Біріміз тойлаймыз, біріміз тойламаймыз, біріміз дайындаламыз, біріміз дайындыққа бас ауыртпаймыз. Сол дайындықты мүлдем жүргізбейтін жанның бірі менмін. Негізі, мен және менің отбасым Жаңа жыл мерекесін мойындай бермейміз. Әйтеуір, елмен бірге елбасымыздың тілегін тыңдап, 00:00-де болатын неше түрлі отшашуларды көріп, «Сыйға сый» дегендей, сый-кәделерімді тартып қоятын жайым бар. Сондай-ақ, бұл мерекеде мен өз-өзіме есеп беремін. Жо-жоқ, жыл өтті деп емес, жаңа жасым келді деп есеп беремін. Себебі, Жаңа Жыл мерекесінен кейін менің дүние есігін ашқан күнім келеді.
Сонымен қаңтардың үшінші жұлдызы. Мен дүниеге келген күн. Туылған күн мен үшін ең ерекше күн десем, өтірік айтқаным болар. Жоғарыда айтқанымдай туылған күн мен үшін өз-өзіме есеп беріп, келер жылда орындалатын тапсырмалар тізімін жасаймын. Бұл жолы да өткен жылға берілген тапсырмалардың орындалғанын көріп, өзіме сүмірейген «Бес» қойдым))) Себебі, ойға алынған бір тапсырма жартылай ғана жүзеге асқан. Қалғаны болса «Done it» екен. Жаңа жобаларды қолға алып, ойдағыдай атқарып шықтым. Магистрлік диссертациямды қорғап, диплом алып, магистр атағын иелендім. Отбасыммен өз күшімізбен тұрғызылған жаңа үйімізге қоныс аудардық. Көптеген абзал жандармен танысып, достастым. 2013 жылдың әрбір күні ұмытылмас сәттерге, естен кетпес қызықты оқиғаларға толы болды десем артық айтқаным емес. Бұл жылы өмірімде тұңғыш рет күркетауық етінен ауыз тиіп, жаңа сауылған шұбаттың дәмін таттым. Көптен бері санамда жүрген Киелі ағашқа барып қайттым. Ел даттап жүретін Шымқаланы да көрдім. Қуантатын жағдай бұл жылы той жоспарлағаннан да көп болды. Неке қию, ұзату ғана емес, бесік той, шілдехана, тұсау кесу, сүндет тойлары молынан болды. Бөлем, үш бірдей құрбым бөпелі болды. Інім мен келінімнің тұңғыштары Нұрәлидің тұсауын өзімнің бағдарламамда кестік. Жаратқан бұл қуаныштарды ұзағынан сүйіндірсін деп тілеймін!
Ал туылған күнімді атап өту рәсімі тіпті, қызық өтті. Түнгі 00:00-де басталған туылған күн келесі күннің таңғы бесінде аяқталып, бүгінгі күнге дейін жалғасын тауып жатыр. Себебі, біраз адамдар, оның ішінде өз туыстарым күндерді шатастырып алып, мені бүгінде құттықтап, ақ тілектерін жаудырып жатыр. Бұл күнді отбасыммен, абзал достарыммен, жаны жайсаң жандармен өткізгеніме қуанамын. Әлемнің әр елінде тұратын дос-туыстар да игі тілектерін айтып, таңды таңға ұрып хабарласып, тосын сыйларын жолдап жатыр. Айналамда жүрегі нұр мен шапағатқа толы мейірімді жандардың болғанына жаратқанға мың шүкір деймін. Ал менің туылған күнім екенін біле тұра, бірақ құттықтауды миындағы сценарийі бойынша «ұмытып» кеткен жандарға айтарым «Мен де сіздерді жақсы көремін!!!» Хаххаха))))
Мені құттықтап келген ең кішкентай досым 4 айлық Алмош батыр (алдағы жылдары ата-анасымен бесік құда болып, бұл батырға қалыңдық болатын сұлу сырғалымды дүниеге әкелуім керек)
Менің аяулы құрбыларымның бірі
"Еларна" арнасындағы "Сынақ", "Жарайсың" тағы сол секілді қызықты бағдарламаларды жасап шығарған Анель деген мықты журналист құрбым ғой)
Қазына аш қалса да, телефонын тастамайды)))
Өткен жыл, яғни менің «Айхай, 25» жасым ойдағыдай өтті деуге болады. «Бар болып, жоқ болған, 25», «Қайта келмейтін, 25», «Екі айналып келмейтін, 25» деп жырлайтын мен емес. Себебі, анық қызық енді басталды. Өйткені, мен әлі жарқ етемін. Ант етемін)))) Эфир сөзімен айтқанда «Менімен бірге болыңыздар»! Қуанышымыз тарқамасын, достар! Алға! Жасасын, 2014 жыл!