… Алыстап кеттік расында
Суынып кетті-ау сезімдер
Сен мені қарсы аласың ба
Аулыңа барған кезімде…
Иә, бұлардың арасы алшақтап бара жатқандай. Сезімдер соншама суынып үлгермесе де кей кезде бойларынан бір салқындық байқалатындай. Екеуі бір-бірін сүйіп –ақ қосылған. Неге екені екеуіне де белгісіз болар бірақ соңғы ұрыстары біраз нәрсенің бетін ашқандай. Бір сынған айнаны қайта құрағанмен оның бетінен жарық іздерін алып тастай алмайсың. Екеуінің екі жақта бір-бірінен жасырып жүрген адамдары да жоқ. Бірақ, араларында бір салқындықтың бары шын сезілгендей. Ортада кішкентай бала да бар.әзірге бұларды ешқайда жібермей тұрған сол ғана секілді. Бұның осынау өмірдің әділетсіздіктерін көріп қатты қажыған кезде, немесе ағайын-туыстың арасында жүретін сыпсың сөздерден шаршаған кезде келіншегінен қандайда бір қолдау күтетіні анық. Әйелдің аты әйел. Кейде сол әйелдігіне басып, онсызда жаны жүдеп жүрген байғұстың миын миқұрша жейтіні бар. Негізі ақылсыз емес еді. Оған да не көрінгені белгісіз. Екеуі де періште емес қой. Осы ойлардың жетегінде келе жатқан бұны аяқтары шартты түрде саябақ түбіндегі қараңғы жолға салып та үлгеріпті. Иә, бұлайда баруға болады үй жаққа. Күндіз болмаса кештетіп бұл жолмен өтуге екінің бірінің жүрегі дауламайды. «Қадыр түні ғой» деп ойлаған бұл жүрісін ширата түсті. Алдымен екі қызыл шоқ көрінді көзіне. Бұл оларға қарсы адымдаған сайын екі адамның сұлбасы анық көріне бастады. -Бауырым, сағатың неше болды? Бұл қалтасынан ұялы телефонын алып, оларға уақытты айтты. Соны айтып жылжи бергені сол еді, оң иығынан біреуінің қолымен сәл баса тоқтатқанымен қатар ішіне суық бірдеңенің жылп ете қалғанын сезіп үлгерді. Ауырсынып та үлгермеді. Әлгі суықты тағы екі рет сезіп үлгерді. Жерге тізерлей отырып қалған бұның қолынан ұялы телефонын жұлып алған әлгілер жүгіре басып ұзап барады. Бұл оларды көзінің қиығымен асықпай шығарып салды. Бірақ, бұның барлығын ол қисая құлап бара жатып көріп үлгерген еді.
… Мен деп ойла, самал боп есіп өткен,
Мен деп ойла, нөсерді есі кеткен.
Мен деп ойла,өзіңді әр күн сайын,
Мен деп ойла, өзіңді мен деп ойла…
Иә, оның ойына ешқандай дұға да аят та түспеді. Оның санасында тек осынау ән ғана ойнап жатты…