Мен де экстремист емеспін

Мен де экстремист емеспін

Соңғы кездері не жазамын деп көп ойланып жүр едім. Содан не керек, Макс Боқаев пен Талғат Аянды «экстремист» қылған билік туралы жазсам ба дедім. Бұл ойым болмады. Әкемнің бір ғана «тәйт, жайыңа қарап жүр» дегені мысымды басып тастады. Тәйірі, қазақ халқы әке сөзінен аспаған дана халық қой. Әкемді тыңдадым. Тек мына бес жылға сотталған қоғам белсенділері қай түрмеге қамалғанынан кім хабардар?

Тағы біраз отырып ойландым. Тәуелсіздік туралы жазайын дедім. Әй, бірақ мына тәуелсіздік туралы екінің бірі жазатын болды ғой. Бәрінің басы «біз тәуелсіздікке араға сан жылдар салып әрең қол жеткіздік» деген секілді формада басталады. Ол бір жаттанды «поэзия» болып кеткендей ме, қалай өзі? Не де болса уақытша тіркеу мәселесіне бет бұрып көрейінші деп шештім.  Бірақ, қой дедім өзіме. Өздері түсінбей жүрген мәселе туралы мен не түсініп қарқ қыламын?!

Осы елімізде халықтың құлы кім? ...деп ашуланбайын. Билігі бар, байлығы бар ағаларымыз кішкене болсын халық жағдайына халық көзімен қарап көрсе ғой. Мүмкін, олар шынымен халық игілігі үшін жүгіріп жүрген шығар... тек «шығар».  Дегенмен, жетпей жатыр. Демократия, революцияда шаруам жоқ. Тек қара халықтың жағдайына кіріп көрсе ғой... Куба революционері Фидель Кастро айтпақшы «біреулер үшін күресуге қабілетсіз адам өзі үшін де күресе алмайды». Әрине, қазір қиын уақыт, қиын заман. Бірақ, сол адамдар дәл осы кезеңде күресіп, жақсылық үшін жанталасса деймін. Мейлі, қиындықтар болар, мейлі жала жабылар. Дегенмен, тарих оларды уақыт өте келе бәрібір ақтап алады емес пе? Америка халқы сияқты салмақты бөлігіміз басшымызға қарсы шыға бермей бір жақты шешім шығарсақ...

Менің саясаттан білерім аз, ізденерім көп. Алайда, бейбітшілікті қалаймын. Оппозиция, революция, митинг секілді қазақ тіліне енген шетелдің сөздері енді елімізде мүлдем айтылмаса екен деп тілеймін. Қазағымыздың бейбітшілік, тәуелсіздік, көк аспан сынды әдемі сөздері ғана айтыла берсін.  Қысқасы ата жолынан адаспайықшы...



Бөлісу: