Мен бөлінбеймін!

Жалпы мен блогты аз жазамын. Бірақ жазар алдында не туралы жазсам екен деп, замандастарыма қандай тақырып қызықты болады екен деп, қазіргі уақытта қандай толғандыратын сұрақтар бар екен деп мың ойланып, блокнотымның парақтарын қара сияға, шимайланған, сызылған жазуларға толтырып, сары уайымға салынатын жайым бар. Кезекті блогымды қазағымыздың бөлінушілік қасиетіне арнағанды жөн көрдім. Себебі, өнер адамы болған соң жүрген жерде, барған жерде әр-түрлі қызметтегі, әр-түрлі ортадағы жастар мен ағаларымызды көріп ішім ашып жатады.

Шындық әрқашан ащы болады. «Бал татыған өтіріктен қан сасыған шындық жақсы» деген бір сөз бар. Кейбір азаматтардың атын атамасам да, жалпылама барған орталарым туралы шындықты айтамын деп шештім.

Алматыға арман қуып келгенмін. Біреуі арман қуып келеді, енді біреулерді арман қуып кетеді) демекші, ақ домбырамды арқалап, колледжге түстім. Уақыт өте келе сол ұжымның билік басында отырған жандардың ОҚ облысынан екенін білдім. Конкурстарда, емтихан уақытысында аяқтан шалып, жол бергісі келмеген ұстаздардың ашуына келген мен, не жазығым бар екенімді о баста байқамаған екенмін. Бірақ, жерге, елге бөлінушілік жүйенің арқасында намысқа бермей, күресіп, оқуымды озат оқуға тырыстым. Одан кейін, үлкен оқу орнына сол, әу баста қуып келген арманның лебімен) өнер жолын жалғастырамын деп домбыра класына түсіп те кеттім. Түсе салысымен кімнің кім екенін де байқап қойдық. Өйткені, ол жерде бөлінушілік жүйесі ашықтан-ашық, тіпті, белең алып кеткеніне таңдай қақтым. Сабаққа кіре салысымен профессорымыз студенттерден «Қай жақтан келдің? Руың кім?» деген сұрақтарды да  жиі қоятын. Бірақ артын күлкімен, әзілмен жуып шайылған ол тақырыптар артта қала беретін-ді. Содан соң емтихан мен конкурс уақыттарында әнгіме басқаша болатын...

Қазіргі уақытта бірнеше жерде жумыс жасаймын. Соның бірі Қазақконцерт бірлестігі ұжымында әртіс болып қызмет атқарамын. Көп ұзамай ол жерде де көп айтыла бермейтін әнгімелер бар екенін бірден-ақ байқап қойдым. Осы жерден тоқтайын. Су ішкен құдығыма түкіргенім болмасын.

Міне, өмірде осындай жәйттар болып жатады. Оның барі пендешілік деп түсінемін. Десек те, «бөлінгенді бөрі жейді» , «...төртеу түгел болса, төбедегі келеді» деген қазақтың өте керемет айтылып кеткен сөздері бар. Соны жадымызға әрдайым сақтап жүрсек еліміздің болашағы жарқын болар еді деп сенемін! Барімізде ҚАЗАҚПЫЗ! МЕН ДЕ ҚАЗАҚПЫН! МЕН БӨЛЕНБЕЙМІН!

                                              Алдаспан тобының ритм-домбырашысы Бахытжан Желдербаев



Бөлісу: