Мен - Бауырсақпын

*** Кейде бақыт, жақсылық газға қойған шәугім сияқты. Шәй ішкіміз келіп, қайнауын күтеміз. Бірақ от қоюды ұмытып кетеміз...

*** Ақылды болып көрінуге тырысу - нағыз ақымақтық, меніңше.

*** Әдемі сөйлейтін адам әдемі жазады, әдемі жазатын адам әдемі сөйлейді деген сөз жоқ......

*** ...сабырымды ұрлағандарға, көңілімді күлкі еткендерге, амал достыққа, менімен санаспайтындарға, тек өзінікін ғана дұрыс деп білетіндерге, жасының үлкендігін пайдаланып, менен көп білемін деп "бөсетіндерге", сені адам құрлы көрмейтіндерге, жасым ұлғайған сайын неше түрлі адам, неше түрлі мінезді, неше түрлі өтірікті көріп, адамдардың бәрі де сайқымазақ, ал, өмірдің цирк екенін енді ғана білетініме жыным келеді! Бетіңе жылбырап қарап, сыртыңнан өсектейтін екімінезді, екіжүзді егеуқұйрықтарды жек көремін! Бәрін-бәрін! "Сондайлардың" арасында өмір сүріп жүріп, бір күні мен де солардың бірінен болып кетуден қорқамын! Қатты қорқамын!

*** Бұл күнде мен әлгі бәрінен қашып жүріп, түлкінің қулығына ұсталған бауырсақ іспеттімін. Қашып келемін. Бәрінен. Мынадан да қаштым, анадан да қаштым, одан да қаштым, бұдан қаштым... әйтеуір қашып келемін... Жолай жаныашыр жандар қамымды ойлап, тоқтатып әлек. Мен тіпті олардан да, олардың қамқорлығы, жылы сөздерінен де қашып келемін... Құдды, өзімнен өзім қашып жүргендей сезіледі кейде... Білмеймін, иә, білмеймін, қашан, қандай түлкі кездесерін. Заманымның, заманымның адамын ойласам, мені тосар, мені тоғытар түлкім тіпті де қудың қуы болып шығар ма екен деп ойлап қоямын. Олай болмаса екен. Әйбаааат түлкі болса екен... Баяғы сорлы, қу үміт... Түлкім, мен саған қарай қашып келемін...

****************

Суреттердің бір парасы

Кейде Алматының аспаны адамды қорқытып жібереді...

Кейде өзіне қарай шақырады...

Кейде теңізде кетіп бара жатқандай әсерде қалдырады...

Қандай болса да аспанға ғашықпын...

Жаз да, жайма шуақ ыстық, жылы, шуақты күндер де кетті... Онымен бірге жеміс-жидектер де, жасыл шөп те, демалыстар да кетті... Сол күндерден бір естелік болсын...

Балалық шағымыздың белгілерінің бірі - әпке-ағаларымыздан "мұра" боп қалатын "ешқашан" тозылмайтын аяқкиім мен әкесі бар, анасы бар бақытты балалы отбасының нышаны секілді - пілтелі шам... Осы екеуін көрсем енді ешқашан оралмас әлдебір ыстық сағыныш сезіледі...

*** Жәй ғана бақытты болуға, бақытты қылуға тырысайықшы бір-бірімізді...Адамдар...

/Суреттер (сүгіреттер) жеке мұрағаттан/



Бөлісу: