МЕН БӘРІН ДЕ ҰМЫТАМ...

МЕН БӘРІН ДЕ ҰМЫТАМ...
жеке
блог

 

Мен бәрін де ұмытам...солай,күнім,

Енді сенің қонатын бар айдының.

Өз бақытын баянды қылу үшін,

Өзге ұяны бұзғанды қалайды кім?!

 

Қайтейін,мен  бақытқа сенетінмін,

(Сызы барын білсем де жел өтінің)

Хоштасулар үйретті жылай-жылай,

Бұл жүректің бәріне көнетінін.

 

Күнә жамап не етесің азабыңа,

Кінә жамап не етемін ажарыма.

...Сендегі осы момақан мұңаюды,

Қиимай тұрмын  ғаламның ғажабына.

 

Өкініш  жанды тыныш жібере ме?

Біраз өсек болармыз сүрер елге...

 Енді қалған жасымды сақтап қоям

Кейін керек бір түнге,бір өлеңге...

 

Жүрген кезде біреу боп сағынарсың,

Жүрген кезде екеу боп «танымарсың»

Күн ұзақ өткен шақты ойлағанмен,

Түн ұзақ жар жанынан табыларсың.

 

Адалдықтың  кеудеңді қысып ары,

Жыларсың жастығыңды  құшып әлі.

Кей сезімдер бақыттың құсын емес,

Махаббаттың  күлін көкке ұшырады!!!