"Мені аяққа тұрғызған қазағымның өнері"

Жеңіскүл Дүйсенбекқызы 1985 жылы Алматы облысы, Іле ауданы, Ащыбұлақ ауылында дүниеге келген. Ащыбұлақ ауылындағы №19 мектепті 10-сыныпқа дейін оқып, 11-сыныпты үйде жатып оқуға мәжбүр болған Жеңіскүл бойжеткен шағында тағдырдың ауыр кезеңін бастан өткерді. Қазақтың қолөнерін шет елдерге танытып жүрген қазақ қызы Дәулетова Жеңіскүл Дүйсенбекқызын дәрігерлер ешқашан аяққа тұрмайды деп І топтағы мүгедектер тобына жатқызған. Тағдырмен бетпе-бет келген Жеңіскүл денсаулығым жоқ деп ешқашан қарап отырған емес. Оның қазақ мәдениеті мен өнеріне қосқан үлесі зор. Бүгін мен сіздермен қолөнерші Жеңіскүл Дүйсенбекқызының өмірі мен өнерінен сыр шерткен ішкі ойларымен бөліспекпін.

 Бойжеткен шағымды ұрлаған уақыт

Кейде адамдар уақыттың қадірін біле бермейді. Өмірге деген көзқарастары да басқа. Мен оларды сөкпеймін, әрине. Өйткені олар мен сияқты түсінуі үшін, менің басымнан өткендерді көру керек қой. Бірақ мен оны досым түгілі дұшпаныма да тілемеймін. Жаратқан барлық жандарға денсаулық берсін. Менің бойжеткен шағым өте ауыр кезеңнен өтті. Басқа салса бәріне де көнеді екенсің. 10-сынып оқып жүрген кезімде туыс ініммен ойнап жүріп, жауыннан тығылдық. Жауыннан тығылып жүріп, трактордың астында қалдым. Балалық шығар, әрине. Ештеңеге де өкінбеймін. Қайран уақыт! Төсекке таңылып, қанша уақытымды ұрлаттым. Орын алған оқиғадан кейін облыстық ауруханада екі рет ота жасалды. Омыртқадан зақым алып, жүйке жүйеме әсер еткен жағдай оңай болмады, әрине. Белден төмен жансызданып, енді аяққа тұрмайды деп үйге жіберген дәрігерлердің көмегіне қайта жүгінгем жоқ. Ойыммен, қиялыммен жаттығулар жасап, төсекке арқан керіп, әуелі белімді көтеруге талпындым. Сосын өмірге қайта келгендей болдым. Сәбише қабырға жағалап жүрдім. Сосын табаныммен ыстық тасқа, құмға жүріп, өзімді жаттықтырдым. Төсекке таңылсам да, мұғалімдердің жанашырлықпен қарап, қойып береміз деген бағасына келіспедім. Өте намысшыл болдым. Үйде жатып оқыдым. Ұстаздарым келіп, әр сабақты ынты-шынтысымен оқытты. Сол үшін де оларға алғысым шексіз. Қыз болып кербезденіп өсер бойжеткен шағымды уақыт ұрлағаны болмаса, мен өмірді шексіз сүйем.

 Достық пен махаббатқа сену ләзім

Кей адамдардың жеңіл ойға ерік беріп достыққа күмәнданып, махаббатты жоққа шығарып жататындарын білем. Алайда бұл екі керемет ұғымға мен жан жүрегіммен сенемін. Менің достарым көбіне ұлдар болатын. Ұлдармен дос болған ерекше. Олар сенімді әрі адал болады. қыздардың арасында ұсақ-түйекке реніш туындауы мүмкін. Өзім әжемнің қолында алаңсыз ерке өстім. Сыныптас ұлдармен тебісіп, алысып жүретінмін. Оқушы кезімде мен өатыспаған үйірме қалмаған шығар. Ұлдармен бірге спорттың түр-түріне қатыстым. 3 жыл балетке де қатысқанмын. Мына біраз қиындық көрген аяқтарым кезінде балерина болып, шыр айналып билеуші еді. Достардың көп болғаны жақсы. Менің өмірде сенім артып, арқа сүйеген достарым жетерлік.  Ал махаббат тіпті керемет сезім. Ғашық болу керек. Адамды да, өмірді де сүю керек. Менің бір түсінгенім сол. Адам күйзеліске ұшырап, үйде бір нәрсені ойлап жата бергеннен ешқашан өспейді, керісінше өшеді. Әдемілікке, жақсылыққа құштар болу керек. Сонда адамның өмірі де әдемі өріледі.

 Қазақтың көзін қазақ шұқиды (бүгінгі қоғам туралы өз ойым)

Қазағымның ең жаман қасиеті-көреалмаушылық. Етектан тартып, аяқтан шалғанға құмар. Жұрт бірінің жетістігіне бірі қуанса деймін. Адамдар бір-бірінің қадірін білмейді, түсінбейді. Мына кеудедегі жұдырықтай жүрек қазақ деп соғып тұрғанда, қазақпен көрерімді бірге көріп, бірге өлетінім анық. Алайда заманымыздың жастары заман өзгерді, қоғам өзгерді деген қате түсінікке бой алдырғандарына жаным ашиды. Мен өткен өмірдің қайта айналып келетініне сенем. Біздің аналарымыз киген үлгідегі көйлектер қайта сәнге айналып жатқанда, өткеннің жаңаланып қайта оралмасына кім кепіл?! Ақшамен, қымбат көлікпен, материалдық жағдаймен санасатын жастар ең бастысы денсаулық екенін ұғынса деймін.

 Қоғамнан бөліну жалғыздыққа ұшыратады

Қандай қоғамда, қандай жағдайда өмір сүрсең де қоғамнан бөлінуге болмайды. Оның арты ең қиын жалғыздыққа ұшыратуы мүмкін. Мен еңбектеп қалған шағымда да, аяққа тұрып балдаққа сүйенген осы кезімде де ортамнан ешқашан қол үзген емеспін. Аяғымды әзер басып жүріп базар аралаймын, дүкендерге кіріп сауда-саттық етемін. Ел ішінде не болып жатқанын, қоғамда қандай өзгерістер мен жаңалықтар болып жатқанын көзбен көргенге не жетсін! Осы жағдайыммен, үй-ішім рұқсат бермей қояр деп, сытылып шығып оқуға да тапсырдым. Тұран колледжінің есепші мамандығын алып шықтым. Алдағы уақытта жоғарғы оқу орнында білімімді жалғастырып, тұрмыс құрып, ана атанғым келеді. Өйткені мен де осы қоғамның бір тамшысымын.

 Арман мен қиял қашанда керек адамға

Дәрігерлер аяққа тұрмайды деп үйге қайтарған соң, төсекте қарап жата алмадым. Менің армандарым мен қиялдарым алға ұмтылдырды.Өмірге деген ерекше құлшынысым әр күні әр түрлі жағымды жаңалықтар мен игі істер жасауға талпындырды. Бойжеткен шағымның бозала таңы мен арманға толы уақытымды ұрлаған сол бір шақтарда төсекте жатып алып әр түрлі қиялдарға берілдім. Қиялымнан туған дүниелерді қағазға не матаға түсіруді әдетке айналдырдым. Үйдегі бар газет пен матаны қиып қиындылар жасадым. Оюлар ойып, құрақ құрадым. Бүп-бүтін тоқыма киімді сөгіп тастап қайта тоқуды да әдетке айналдырдым. Бұған дейін тоқыма тоқымақ түгілі ине де сабақтамайтын әжесінің ерке қызы төсекке таңылған жылдары қолөнермен өзіммен-өзім айналыстым. Алғашқыда тоқымамен айналысып, студент сіңілі-інілеріме жемпір, шұлық тоқып беріп жүрдмі. Арасында базарға да өткізетін едім. Кейін ойлана келе тоқымашылық ұсақтау, қазіргі заманда не нәрсенің болсын дайыны сатылады деп ойладым да, құрақ құрап, көрпе-төсек тігумен шұғылдана бастадым.

Мені аяққа тұрғызған қазағымның өнері

Негізі не нәрсені болсын бойында қабілеті болмаса, қанша оқытып-шоқытсаң да адам оны игере алмайды деп ойлаймын. Қолөнершілік қанымызда болса керек, ауылда 60 жылдық тарихы бар алты қанат киіз үйіміз бар. Соның бар жабдықтарын әжем өзі қолдан жасаған. Өзі иіріп, киіздерін өзі басқан. Әр жазда соны есік алдына тігіп, келген қонақты сонда күтеміз. Кейін мен осы іспен айналысқалы киіз үйдің сыртын су өтпейтін етіп жасап шықтым. Сіңілім мектеп бітірген кезде сен сән және дизайн мамандығын оқы, кейін мен сенен үйренем деп оқуға түсіргем. Сөйтсем оқуда өлшеп, сызып, сондай бас қатыратын нәрселері көп екен. Мен көзбен өлшеп, қолмен жасағанды тәуір көрем. Әрі жасаған дүнием де табиғи болып шығады.Осы өнермен айналысып жүргеніме 7 жыл болды. Мүгедекпін деп қарап отыра алмаймын. Қос таяққа сүйенсем де, мені осы күнге жеткізген, аяққа тік тұрғызған әуелі алла, сосын қазақтың өнері деп білемін. Мен жасаған дүниелеріме ешқандай жарнама жасаған емеспін, менің дүниемді ал деп ешкімге де барған емеспін. Тек жасаған дүниелерімнің суреттерін «мой мир» әлеуметтік желісіне салып, агенттегі адамдар баға беретін. Соған мәз болушы ем. Агенттен кейін заман қарыштап дамып, интернетте неше түрлі әлеуметтік желілер пайда болды ғой. Соннан суреттерімді көріп көбіне Қазақстанға саяхаттап келген шетелдіктер тапсырыс беріп елдеріне алып кетіп жатады. Австалия, Канада, Ресей, Түркия, Франция, Үнді елдерінен арнайы тапсырыстар қабылдап, еңбегім жана бастады. Кейін қайбір кездері Караван газетінің тілшілері мен туралы жазды. Уақыт өте келе Ирина есімі қыз мені Қазақстан шеберлері ассосациясына мүшелікке шақырды. Қуана келістім. Соның арқасында «Менің Алматым» атты көрмеге қатыстым. Бұл менің алғашқы жетістігім деп білем. Бұған дейін көрмеге қатыспақ түгілі, барып та көрмеген ем, расын айтсам. Көрмеде «Менің Алматым» атты пано (қабырғаға ілетін) құрап шықтым. Арнайы дипломмен мараптталып, көп адамның алғысы мен үлкендердің батасын алдым. Мен үшін бұдан асқан бақыт, бұдан өткен қуаныш жоқ еді. Иә, рас, маған шетелдіктерден көп тапсырыс түседі. Кейбіреулер несіне бересің, олар өз елдеріне барып сенің еңбегіңді өздері иеленіп алмасына кім кепіл деген сияқты әңгіме де айтқан. Мен бір нәрсені анық білем, қанша жерден менің еңбегімді пайдаланса да, ол бәрібір шетелдіктердің қолынан келмейтін дүние. Өйткені бұл қазаққа ғана тән өнер. Мысалы біз мың жерден кәріс салараттарын жасасақ та, дәл кәрістердің өздері жасағандай шықпайды ғой. Бұл да тура сондай. Біз шетелдіктерді зәулім ғимараттамен таң қалдыра алмаймыз. Өйткен ол оларда да бар, керек десеңіз одан зоры бар. Сондықтан біз оларды мәдениетімізбен, салт-дәстүрімізбен, өнерімізбен ғана таң қалдыра аламыз. Менің мақсатым ақша табу емес, осы өнерімізді таныту.

Мақсат пен арман біріксе, орындалады

         Адам алдына мақсат қойса, оған әйтеуір бір жетеріне сенемін. Мен аяққа тұрам деп мақсат еттім, тұрдым. Қазақтың қолөнерін жаңғыртам дедім, оған да міне, жайлап келе жатырмыз, шүкір. Ауылдан үш бөлмелі үй салдырдым. Онда қолөнердің кәсібін аздап дөңгелетіп жатырмын. Ауылдағы бірнеше адамға сол жерден жұмыс бердім. Яғни көрпе-төсек, тойбастар, қоржын сияқты қазаққа керек дүниелерді тігумен айналысамыз. Адам үй салғанда да фундаменттен бастайды ғой. Қыздарды қолөнерге баулудың фундаменті 5-6-сынып оқушы кездері деп ойлаймын. Ендігі мақсатым, мектептерде қолөнерден үйірме ұйымдастырып, қыздарды үйрету. Сондай-ақ қаладан көзге іліп алар жерден арнайы орын ашып, осы кәсіпті жалғастырсам деймін. Мен сұрағанды жек көрем, ол үшін арнайы мекемелерге немесе әлдекімдерге барып көмек те сұрағым келмейді. Алла осы ісімнің берекесі мен несібесін берсе, ол күнге де жетерміз.

P.S. Жеңіскүл алдағы уақытта тұрмыс құрып, ана атануды да ойлайды. Қолөнерімізді өзге елдерге танытып жүрген қазақ қызының қайсарлығы мен батылдығы, өмір мен өнерге деген сүйіспеншілігі кім-кімді де болмасын қайран қалдырары сөзсіз.



Бөлісу: