Мен - ауру

Бүгін. Күн кішкене нелеу екен... Қалай нелеу дейсің ғой? Бүгін бәрі сәл күңгірт тартқан. Тіпті аппақ затыңның өзі сұрлау көрінеді. Адамдар да көңілсіз көрінеді. Тез жүретін едім, бүгін жүрісім тіпті өнбеді(Әр тиынын санап отыратын сараң байдай адымын да санап басып келе жатқандаймын).  Үйге тасбақа жүріспен жеттім. Бір әлсіздік бар. Өзімнің жеке меншік көрпе-төсегіме құлай кеттім. Ұйықтап кетіппін. Түсімде көрмегенім жоқ, бірақ не көргенімнің бірі есімде жоқ. Миым демалмағандай әсерде мең-зең күйде ояндым. Ауру деген берекеңді қашырады екен. Күні кешегі сау кездегі тыныш ұйқымды аңсадым. Орнымнан әрең тұрдым. Басымның салмағын-ай(Жер шарының салмағы менің басымның салмағының қасында топырақтың түйіріндей шығар). Қолыммен маңдайымды ұстап көрдім: қолыма маңдайым ыссы, ал маңдайыма қолым салқын көрінді. Осындайдан бір-ақ қорытынды шығады: мен қазір аурумын. "Қазақта екі ауру бар,- дегендей-, бірі - салқын тию, екіншісі - көз тию". Салқын ғой. 

Асүйге кіріп, мұздатқыштан екі түймедей дөңгелек дәрі алдым; екеуін бірге бір ас қасығына қойып, үстінен екінші қасықпен езе бастадым. Езіп болған соң оны балшыққа алналдыру керек(яғни су керек), әйтпесе қосылған екі дәрі құрғақтай жұтқызбайды. Үстінен ас қасығына сиятындай су тамыздым(Су қосқанның өзінде ол балшықты зорға жұтам). Жұттым(Фууй, дәмін-ай, әкеңді тап, ********   ******* ******(дәрі жаққа қарай менің ішкі дүниемнің әсемдігін көрсететін әп-әсем, Абайша айтқанда "теп-тегіс, айналасы жұп-жұмыр" әдемі сөздер айтылды)). (үндемей жұта берсең де болады негізі, жоқ болмайды олай, бейшара жауап қайтара алмайтын дәрілерді боқтау керек қалай да, дәмі жаман болғаны үшін?! Мен негізі жас кезімде(негізі әлі де жаспын) боқтамақ түгілі жаман деген айдар тағылған сөздің бірін айтпайтынмын(не деген пәк періште едім), бірақ адамдар өзі сұранып тұрғанда... «Біртүрлі» бір ортаға түсіп кеттім, шынымен де «біртүрлі». «Біртүрлі группаластар». Ондай "группаластар" бәрінде болған шығар, бар да шығар. Біреуі агентпен бірге туғандай, басымен агентте, ол сонда көшіп кеткен, ұялы телефон денесінің бір мүшесі боп кеткен. Тағы қашан көрсең де ұйықтап жүретін, лекцияға да ұйықтау үшін келетін біреуі бар(үйінде неге ұйықтай бермейді?). Киім туралы айта беретіні бар, «и анау былай киініп алыпты ғо» деп, бастайды, оның айтуы бойынша мен «старомодныймын»(ал маған бәрібір). Ұлдар туралы айта беретін бір қыз(құдайға шүкір мен туралы айтпайды), және оған қарама қарсы дәл сондай бір ұл бар. Сосын букмекерге күнде ақша қойып «қадалып» жүретін біреуі бар, футбол дегенге сиятынның бәрін біледі. Тағы күнде «кайфовать» етіп клубтан шықпайтын екі-үш адам бар(ертесігүні көзі бозарып сабақта отырады). Дайын нәрсені пайдаланатын жалқау «ксерекопиялар» да баршылық. Кім бар анау «говорун», сөйлегенде сөздің қанын ағызады, өтірік болса да сендіреді, сенгізеді. Сосын бір клоун бар, техникалық мамандықта не істеп жүргенін құдай біледі(сахнасы өртеніп кеткен әртіс). Әлі де басқа түрлері бар. Бәрі де Қазақстанның болашағы. Ертеңгі еліңе "адал" еңбек ететін "жақсы мамандар". Олардың қазіргі ауруларының қасында менің қызуым дым болмай қалды. Жақшаның ішіне көп жазып кеттім-ау. Жақшаны жабайын). Ол қоспа балшық арқасында әп сәтте қызуыңнан құтыласың(анау баяғы дәрі туралы айтам). Бір кезде қорабшасын алдым, ішінен қызық үшін инстрұқциясын қарағым келді. О, құдай-ау, өзінің «притивопоказаниясы» көп екен(екіншісінікі де аз емес)... (Акция: 1 дәрі ішсең, ауруыңнан айығасың, және де +10 ауру тегін береміз!). О, дамыған Қазақстан(менің айналамдағылардың арқасында әлі де өте ұзақ дамитын Қазақстан)! ...(Көпнүкте. Әрі қарай бірдеңе десем өмірден түңілем. ). 



Бөлісу: