"...Мені атақты ақын деп ойлайды - Ауылда өзім тұрған көшем ғана..."

"...Мені атақты ақын деп ойлайды - Ауылда өзім тұрған көшем ғана..."
жеке
блог

2013 жылғы Республика бойынша үздік 10 айтыскер ақынның тізіміне іліккен, телевизиялық «Жастар жырлайды» айтысының бас жүлдегері, 2014-жылы сәуірде өткен халықаралық жастар айтысының 1-орын иегері, сондай-ақ мамыр айында Ақтау қаласында өткен Респубилкалық ақындар айтысының 2-орын иегері жас айтыскер ақын – Мырзаханұлы Қанатпен сұхбат.

 1.      Көпшіліктің көзайымына айналып келе жатқан жас Қанат қай өңірде қанатын қатайтты, сол өлкеңіз, өскен ортаңыз жайлы сыр тарқатсаңыз...

Тараз қаласынан 60 шақырымдық жерде Жуалы деген аудан бар. Жуалы ауданы Бауыржан Момышұлы, Шерхан Мұртаза секілді біртуар азаматтарымен бар қазаққа белгілі аудан. Сол Жуалы ауданында 1993 жылы 6-қаңтарында дүниеге келдім.

2.      Жасынан спорттық бағытта жүрген үздік оқушы қашан және қалай айтыс жолын таңдады?

Ия, жасымнан спортпен әуестендім. Әкем соны байқап аудандағы Бексейіт Түркеев атындағы тхэквандо спорт мектебіне апарды. 10 жылдан астам спортпен айналдыстым, нәтижелер де жақсы болды. Ал айтысқа 8-сыныбымнан шыға бастадым. Алғаш аудандық айтысқа қатысып, бас жүлде алдым. Содан бастап облыс, Республика көлеміндегі айтыстарға  дайындалып қатыса бастадым.

3.      Киелі өнеріміз алып-қашпа әңгімеге ұласты, сізге осы төңіректегі сындар қалай әсер етуде, жалпы өзіңіздің де көңіліңіз толмайтын жайттар бар ма?

Енді мына айтыстың төңірегіндегі алып-қашпа әңгімелерге келетін болсақ, елдің зиялылары деп бетке ұстап жүрген азаматтардан да айтыс туралы жаңсақ пікір естіліп жатады. Айтыскер ақындар жарты сағат еш тер төкпей сахнада отырып көлік мініп, түрлі марапаттар алады, бұл әділетсізсік деп жататын адамдар да бар, бірақ, айтыс деген оңай емес, 5000 көрермендік залға халық симай жатқан кездерде халық үшін айтыс қнерінің құдіреттілігі мен ақындарының бағалылығы айқын көрініс табады. Айтыскер ақынның бойында актерлігі, ақындығы, тапқырлығы, әншілігі  сахна мәдениетін меңгерген, көрерменде сезіну қабілеті бар болуы керек. Сол себепті де айтыс көп қырлы өнер болғандықтан «синкретті өнер» деп аталады. «Жастар жырлайды» жобасында айтқанымдай «Мен үшін қанша адам айтыс көрсе, Жер бетінде соншалық қазақ тұрад». «Өнбес дауды өспейтін ел қуады» демекші, бос сөздер мен әңгімелерге көп назар аудара бермеймін.

4.      Нағыз бап бен бақ таласқа түсетін айтыс өнерінде кімді үлгі тұтасыз, бірнеше буын ақындар жүрген додада кіммен бақ сынасқыңыз келеді?

Ұстаз мәселесіне келетін болсақ, айтыстарға көбіне өз бетіммен ізденіп, дайындаламын. Ұстазым жоқ, бірақ өзімнің алдымдағы аға буынның айтыстарын көріп солардан үлгі алдым. Өзім ерекше бағалайтын ақын деп Мұхамеджан Тазабековты айтар едім, жасымнан айтысын тыңдап, айтыстарының жинақ кітабын жатқа білетінмін. Бекарыс Шойбековтың тактикаларын, суырып салмалығын аса бағалаймын. Барлық ақынмен бақ сынасып көргім келеді, әсіресе аға буын өкілдері болып, сахна төрінен жиі көріне бермейтін айтыстың хас шеберлерімен сынассам деген арманым бар.

5.      Тек әншілер ғана емес айтыскер ақындар да шоу бизнес пен той бизнеске білек сыбана кіріскендей, сіз өзіңізді тойдағы ақын, асаба  ретінде сынап көрдіңіз бе?

«Той бизнес» деп айтып жатады. Жеке басым асабалықпен айналысқан емеспін. Ондай тойда өнер көрсету, асабалықпен айналысу алдағы жоспарымда да жоқ.

6.      Өнерде айтысқа жақын Қанат өмірде неге жақын? Қандай іспен шұғылданған ұнайды?

Бос уақытымда мен спортпен айналысамын, сөздік қор мен рухани баю үшін жиі кітаптар оқимын. Компьютерде отырып бағдарламалармен танысып, фотошоппен жұмыс жасағанды ұнатамын. Компьютермен жақын доспын. Негізі бос уақытымды ата-ана бауырларыммен үйле өткізгенді құп санаймын.

7.      Жоғарғы оқу орнын бітіріп жатырсыз, мамандығыңыз қандай, қай орданың түлегісіз?

Алматы қаласындағы Халықаралық Ақпараттық Технологиялар университетінің студентімін. Биыл 4 курсты, яғни оқудың соңғы жылын аяқтадым, жақында дипломымды сәтті қорғап шықтым. Мамандығым - ақпараттық жүйелер, яғни программист. Көп ақындар филолог боп жатады, мен жастайымнан қалап таңдаған мамандығым, осы маман иесі болғаныма өкінбеймін.

8.      Айтыс өнерінің бүгіні мен ертеңі туралы қандай тұжырым жасай аласыз?

Айтыс қазақтың төл өнері болғандықтан қазақ барда айтыс та бар, елімізбен бірге мың өліп мың тірілген өнердің болашағына сенемін.

Сұхбатыңызға рақмет. Өнердің биік белестерінен көріне беріңіз!

Сұхбатты, мәліметтерді дайындаған: Адамқұл Айдай