Өз-өзімен ақылдаспағалы, өз-өзіме есеп бермегелі, өз-өзімді «сабамағалы» біраз уақыт болыпты. Негізі, адам баласы анда-санда болса да өзімен тілдесуі керек деп ойлаймын. «Мен не істеп жүрмін?», «Не істеуім керек?» деген сында сұрақтарға жауап іздеуі тиіс. Әрине, бұл міндет емес. Әркімнің өз ісі. Бірақ, менің ойымша, бар ойыңды, армандарыңды, жоспарларыңды, барлығын-барлығын бір сүзгіден өткізіп алған жөн.
Осы уақытқа дейін «Адамдар неге бір-біріне суық?», «Неге бетке күліп, сырттай саған жамандық істейді?», «Неге сені әділетсіз айыптап, жамандап, сенің орныңды басады?» деп ойлайтынмын. Мені осы «негелер» мазалайтын. Неге ол сондай, неліктен сондай түсініксіз, имансыз қылық танытады, неге өзінің пайдасын асыру үшін, өзгенің адалдығын пайдаланады, неге өз мақсатына жету үшін, сені өз арам істерінің құрбаны етеді. Неге?! Мұның барлығына жауап табуға тырыстым. Басыма түскенде өзімді түзеуге талпындым. Бірақ, мұның барлығы бос екен. Себебі, мұны мен өзгерте алмаймын. Оны ол да өзгерте алмайды. Себебі, бұл ақылсыздық оның бойында сіңіп кеткеп, терідегі қал секілді мәңгілікке қалған. Тамаққа тұзды көп салсаң, ол дәмін жоғалтады, жеуге тұрарлықтай болмайды. Суға кір түссе, оны іше алмайсың. Қажетіңе де жарата алмайсың. Мал да оны ішпейді. Сол секілді адамдардың да мінезінде дақ болса, оны өзгерту мүмкін емес. Мүмкін де шығар. Ол түзіледі, дұрыс жолға түседі, жасаған ақылсыздығы үшін өзгеден кешірім сұрайды. Мысалы, қайта сынған құмыраны жөндей аласың ба? Иә, бәлкім, жөндерсің. Жақсылап желімдеп, көрік берерсің. Бірақ, ол бәрібір де бұрынғы кейпін жоғалтады, ұсқынсыз көрінеді. Сен оған қайта су құйып, гүл салсаң, сол гүл әдемі көрінбейді. Ал жамау орыннан су ағады. Бұрынғы қалпына қайта келмейді. Ешқашан да. Сол секілді сенің көңіліңе кір түсірген адамдармен ара қатынасың бұрынғыдай болмайды, ол қайта түзелмейді, сен де түзелмейсің.
Мен үнемі өзімді қамшылап, мықтап келдім. Мінезім қатты екенін білемін. Оның да өз себебі бар. Мені қатты қылған менің көргендерім, басымнан өткергендерім, дос деп жүргендердің сатқындығы, жақын деп жүргендердің арқамнан от атқаны, асымды ішіп, аяғымнан шалғандардың тірлігі. Басыма талай таяқ тиді, бірақ, соның бірінен сабақ алмаппын. Бір істеген қателікті екінші, үшінші, он бесінші рет қайталадым. Адам баласына сендім, үміт арттым, жаныма жақын еттім. Өз басым артық қылықтар көрсетпей, надандық жасамаған соң, мұның барлығын өзгеден күтпедім. Бар адамды өзімдей санадым. Өзімді пәк, су тимеген, кір түспеген адам демеймін, менің де кем-кетік, шала-қателігім бар. Бірақ, өзгенің бақытын артып алғам жоқ, денсаулығының сыр беруіне әсер еткем жоқ, көз жасының себепкері болған емеспін. Менің кесірімнен, ақылсыз әрекетімнен өзге зардап шеккен жоқ деп ойлаймын. Болса да, өз жазамды адамнан емес, анау жоғарыдағы жаратқаннан аламын. Сол сияқты жасаған жақсылығымды, шын пейілден төгілген көңілімнің нұры үшін ешкімге міндет артпаймын, ақы сұрамаймын. Оның да қайырын адамнан емес, құдайдан аламын. Мен оны нақ білемін. Себебі, мен құдайға сенемін. Мен бұл өмірдегі әділетсіздіктің, опасыздықтың, өтіріктің, зарарлықтың, надандықтың, сатқындықтың, кесірліктің, арамдықтың өзіңе мың есе айналып келетінін білемін. Бұл үшін өз сазайыңды аласың. Бұл үшін өзің жауап бересің. Ақылды болсаң, кінәні өзгеге артпай, жолың болмағанын өзгеден көрмей, өзіңнен көресің. Өзіңді айыптайсың, өзіңді түзейсің. Сонда ғана сен бұл өмірге не үшін келгеніңді түсінесің, не істеу керектігіңді ұғасың деп ойлаймын. Әрине, бұл менің ойым. Келісесіздер ме, келіспейсіздер ме, өз еркіңіз. Түзеуге ұмтылмаңыз. Түсінуге тырысыңыз.
Сөз соңында!
Лай суды мал да ішшпейді. Лай көлге құс та қонбайды. Себебі, қандай болса да оның бойында жақсылққа жетелейтін күші бар. Ол тектілік. Тектілік сенің де бойыңда болмаса, ең сорақысы сол. Жан-жағыңдағы ласты көргенше, жападан жалғыз ыстық болса да бірақ таза шөлде жүрген мың есе қайырлы. Бойдағы тектіліктің жоқтығы имансыз әрекеттерге әкеп соғады. Менің бұл ойымды біреу шын көңілімен түсінер, біреу сандырақ дер. Біреу ақылын айтар, біреу өзімді айыптар. Мейлі, маған бәрібір. Себебі, мен өзімше қорытынды жасадым. Бұл сандырақтың шығуының өз себебі бар. Жоғарыда қатты екенімді айттым. Жоқ, мен қатты емеспін. Сыртым бүтін, қатты болғанмен, көңілім әлсіз, жүрегім нәзік екен. Мен соны ұқтым. Иә, мен өте әлсіз екенмін. Солай)