Далада қар борап тұр. Әдеттегідей автобустардың ізін мұндай күндері әрең табасың. Жоқ, мен көптің қаламына арқау болып үлгерген автобустағы өмірді қайтадан айтайын деп отырған жоқпын. Бүгін күн жексенбі. Яғни, 7 желтоқсан. Мен көптен бері Ернұр Шүкірәлінің 1 минутта аралаған Алматы видеосын көріп Алматы көшелерін асықпай аралауды ойладым. Бүгін қолым бос болып Алматыны қарымен бірге аралап шықтым. Өтірік айтып мақтанбайын, барлық жерін аралай алмадым. Наурызбай ауданындағы Ақжардан бастадым.
Ақжар енді ғана қалаға қосылғандықтан мұнда әзірге қызық ештеңе жоқ. Бірақ ең қызығы ол әрине 22 автобус. Бекішев көшесімен жүріп өтетін бұл автобус қыста адамдарды қиналып тасиды. Себебі, Бекешев көшесі ұзын. Адамдар тізіліп автобус күтеді. Мен адамдардың еріншектігіне таң қаламын. Бір аялдамадан екінші аялдамаға дейінгі қашықтық қателеспесем 9 метрдей ғана жер. Адамдар бір жерге жиналып күтсе автобус9 метрсайын тоқтай бермес еді. Әрине, олар тоқтауға міндетті, дегенмен, өмірімізді өзімізге де, оларға да қиындатқаннан жақсы ғой. Сонымен, мен де жұртпен бірге тұрып автобусты күттім. Бүгін автобуста адам аз. Рахаттанып бір орынға жайғастым. Тіпті, күнде автобуста орынсыз тұрып келуге үйреніп қалған мен бүгін қандай себеппен көшеге шыққанымды да ұмытып қала жаздадым.
Сөйтіп, Ақжар бұрылысынан, Ақсай ауруханасынан, Каменкадан өтіп автобустағы кондуктордың хабарлайтынындай Сайна – Жандосова перед мостом түстім. Аялдамада адам жоқ. Көшелер тазартылмаған. Бірінен соң бірі көліктер жанымнан өтіп жатыр. Мен де қызықпын. Көше аралау деген мынандай суықта ақылға қонымсыз дүние ғой. Бір кезде 336 – ншы нөмірлі автобус (Алтын ордадан келе жатыр) басқа автобустармен жарысып келе жатты ма білмеймін, Сайна мостынан Жандосов көшесіне зу етіп шыға қалған Ауди көлігіне соға кетті. Мен мұндай ДТП-лардың мастеры емеспін. Бірақ, қателік Ауди көлігін тізгіндеушіде деп ойлаймын. Автобустар қанша адаммен келе жатады, ал Ауди көлігіндегі кісі 336 – ның алдына өтіп шығамын деп ойлады – ау шамасы. Бірақ, бұл қақтығыс та көпке созылмады. Ешқандай полиция дегенді шақырмастан өз араларында тез шешті ғой деймін, 5 минуттай сөйлесіп тараса кетті. Мен мұндай жағдайларға тап болып көрмегенмін, мен үшін бұл қызық болып тұр. Көп созбай мен келесі 22 автобусқа отырып кете бердім. Сайын көшесін аралауға жүрексініп қалдым. Алдыңғы 22 автобус пен мен отырған келесі 22 – нің арасы дәл 24 минут болыпты. Бір жағынан қыста 22 – нің аралары 10 минут болмайтынын біліп алдым.
Береговой көшесін, Нархоз университетін өтіп Жандосова – Алтынсарина көшесіне келіп аялдадым. Бүгін пробка жоқ. Бірақ, 335 – нші автобус Береговойдан бұрылып Алтынсарин көшесімен шығып келе жатыр. Мұндай жол ауыстыруды тек пробка күндері жолды қысқарту үшін ғана ауыстыратын еді. Автобус жүргізушісіне біртүрлі таң қалдым. Мен келген 22 өз жолымен кете берді. Артынша 79, 45, 32 автобустар бірінен соң бірі келе бастады. Қасымда автобус күтіп тұрған аға менен аэропортқа қандай автобус баратынын сұрады. Мен 79 шығар дей салдым. Нақты білмеймін. Ол аға да 79 – ншы автобусқа жүгіріп мініп алды. Ол аға мені кешірсін, мен де білмеймін ғой. Маған ашуланып отырған шығар қазір. Алтынсарин көшесі бұрын Правда деп аталыпты. Мұны мен білмеймін. Есіме бір оқиғам түсіп тұр. Қазан айы болатын. ҚазҰУ – дың алдынан 124 автобусқа Алтынсарина – Правдаға бара ма деп сұрадым. (Кондукторлар Алтынсарина – Правдадан бар ма деп айқайлағанда жаттап алғанмын) Кондуктор иә деп, автобусқа мініп алдым. Мақсатым жол қысқартып Алтынсаринадан 22 – ге отыру болатын. Мені Алтынсарин көшесінен түсіріп кетті. Жан – жағыма қараймын, көзім танымайтын жерлер. Жоғары көтеріліп Жандосов көшесіне шығудың орнына төмен кете беріппін. Жүре беріп жоғарыдағы жазуларға қарасам «Динамо» деп тұр. Қайда кетіп қалдым деп ойладым. Не істерімді білмей көшеде автобус күтіп тұрған тәтейден Алтынсарин мен Правда көшелерінің қиылысқан жері қайда деп сұраппын.))) Ол тәте екеуі бір көше ғой деп маған біртүрлі қарады. Содан не керек, студентпін ғой, алғаш рет жалғыз көше кезіп жүрген шақтарым, келесі бетке өтіп қайтадан 124 автобусты күттім. Правдадан түсіп, әйтеуір, аялдамамды таптым – ау. Содан бері көше атауларына ерекше мән бере бастадым. Алтынсарина – Жандосовада еш қызық болмады.
45-ке отырып плодоконсервныйдан қайтадан түсіп қалдым. Көпшілік біле бермес, плодоконсервныйды қазақшаға жем сүрлеу комбинаты деп аударыпты. Мұны мен сол 45-тің маңдайшасынан жүгіріп өткен жазулардан оқып қалдым. Риза болдым. Өз тілімізге аударылған бұл аялдама енді қазақша ғана аталса ғой дедім. Бірақ, көп адам «прикол» ұстап, әсіресе, жастар, «Ей, жем сүрлеуден түсейік те» деп кекесін мағынада айтып жатады.
Бұл жерден Атакент сауда – көрме орталығына дейін жаяу бардым. Тоңып қалғаным сонша аяғымды сезбей қалдым. Қарқараның алдында орналасқан «Қуаныш» асханасына кіріп тамақтанып алдым. Бұл асхананың іші таза екен. Бірақ, тамақтары Ақжардағы «Жастар» асханасындағыдай дәмді дей алмаймын. Жүрек жалғап алып ыстық шәй іштім. Бүгінгі мақсатымның жоспарын ойлана келіп өзгерттім. Алматыны емес 22 автобус жүретін бағытты аралуды шештім. Сөйтіп, асханадан шығып Әуезов көшесіне бұрылып кеттім.
Аялдамада автобустардың уақытын есептеп тұратын диспетчерлер көрінбейді. Жұрт мен сияқты суықта ерігіп көше кезбейді, жылы жерде отырады. Өзіме іштей біртүрлі түйілдім. Содан не керек, 1 нөмірлі троллейбусқа отырып Абая - Әуезовадан түсіп қалдым.
Абай атындағы көшемен жоғары көтеріліп Мұхтар Әуезов атындағы театрға кіріп кетуді ойладым. Алайда, жаяу жетуге шамам болмай 128 автобусқа отырдым. Театр алдын әлі тазалай қоймаған. Жоғарыдағы жарнамаларына көзім түсті. Бүгін «Шәкәрім» спектаклі қойылады екен. Мен де қызығып кассаға қарай бет алдым. 13 желтоқсан күні премьерасы болатын «Қорқыттың көрі» спектакліне бір билет алдым. Бағасы 600 теңге екен. Орыным да 11 қатардан болды. Өзіме ризамын. Не де болса өзіме 13 желтоқсанға демалысты алдын – ала жариялап алдым.))
Келесі автобусқа отырып Әуезоваға шығып тағы да 22 – ге отырдым. Ең артындағы орын бос екен. Мәз болып жайғасып алдым. Демалып алайын деп Қарасай батыр көшесімен, Мұқанов атындағы көшемен Гоголь көшесіне шықтық. Алдымен Мұратбаев көшесі, сосын Байтұрсынов көшесіне келдік. Мен Байтұрсынов көшесімен жүріп көрмегенмін, қызық болсын деп түсіп қалдым. Байтұрсынов көшесінде , мен білмеппін, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы мұражай, саябақ та бар екен. Ары қарай Жамбыл, Шевченко көшелері. Ол жаққа бармай кері қарай трамваймен қайттым. 6 нөмірлі трамвай мені Гоголь көшесіне жеткізді.
Тағы 1 нөмірлі троллейбусқа отырып Панфилов паркіне келдім. Парк аралайтындай шамада емеспін, әрине. 22 – ні күтіп тұрмын. Әрең дегенде бір 22 келді – ау. Отырып алдым. «Конечный» Мақатаев көшесінде екен. Автобус жүргізушісі маған қарап «Қарындас, конечный» деді. Мен кері қайтатынымды айтып едім «Ааа, аялдамаңнан өтіп кеттің бе?» деп күлді. Мен үндемедім. Көше зерттедім десем тіпті күлмей ме?! Кері қайтарда мен бүгінгі күнімді сараптап отырып ұйықтап кетіппін. Қатты ұйықтап қалғаным сонша түсетін көшемнен өтіп Ақжардағы «конечныйға» өтіп кетіппін. Енді жүргізушінің маған күлмесі бар ма?! Ұялғаным – ай))) Содан ұйықтамай өз көшемнен түсіп жеттім – ау үйге. Әрине, шаршадым. Бірақ, бүгінгі күнім қызық өтті. Себебі, жалғыз жүріп қаланы аралау осылай шытырман түрде өтер деп ойламағанмын.
Түйін:
Мен суыққа төзуді аз да болса үйрендім. ДТП куәгері болдым (алғаш рет). Театрдан өз қалауыммен билет алдым (алғаш рет). Байтұрсынұлы көшесімен таныстым. Уақыт қадірін түсіндім. Бүгінгі күнім «қаңғумен» өтті. «Қаңғысам» да көп жерлермен, көп дүниемен таныстым. 22 автобустың өмірімен таныстым.