Мен алғаш танысқан басылым
блог
Барлық ұлылық пен даналықтың негізі балалық шақта қаланады. Шынында да, бала шағымызда қалыптасқан мінез-құлық, қасиеттеріміз болашақта қандай адам болуымызға түбегейлі әсер етеді. Бұрындары бала кезімізде таным көкжиегімізді кеңейту үшін түрлі гаджет, смартфондардың орнын газет-журналдармен толтырушы едік. Әрбір үй кемінде 2-3 газет- журналға жазылатыны да рас. Сол журналдардың ерекшелігі ме , әлде қазір ешкім қызығып оқымайды ма білмедім?! Әйтеуір сол кезде қай жерге барсақта жазылған журнал газетімізді арқалап алып барып , қызыға оқушы едік. Бала кезден бойымызға жігер мен рухты берік қылып сіңірткен де осы журналдар еді. Өзіміздей ойлы , айтары бар бүлдіршіндер мен бізе ақыл мен тәлім үйретер үлкендердің даналығын сол жерден оқып білетінбіз.
Әсіресе, "Ұлан" , "Айгөлек" , "Балдырған" газет - журналдары балалық шақтың ажырамас бөлшегіне айналған болатын. Алғаш болып, сол журналдармен таныс болып , мектеп қабырғасында жүріп , жарыса соған жазылып , әрбір парағын ерекше ықыласпен оқитынбыз. Әлі есімде шамамен 3-4 сыныпта "Ұлан" газетіне жазылған едім. Балалар мен жасөспірімдерге арналған газет көлемі орташа бірақ қарасаң қызығарлықтай тартымды дизайнмен жасалған болатын. «Ұланның» сол кезде маған ұнаған ең басты себептерінің бірі газет беттерінде өзіміз сияқты жас қаламгерлердің туындылары жарық көретін, олардың еңбектері мен білімге құштарлықтары сол жерде көрініс табатын. Сондай-ақ пікірлесу клубтары да құрылып дебаттық шаралар да газет арқылы жүргізіліп отыратын. Жас буынның тырнақалды туындысы мен ұшқыр ойын бір газетте тоғыстыра білген газет материалы мені жігерлендіріп отыратын. «Ұланның» әрбір саны мені түрлі жарыстармен қызықтырып , үнемі қуаттандырып тұрды. Ал қазір ше ? Жас буынның өмірдегі бағыт сілтер кеңесшісі, қол ұшын берер көмекшісі, ой бөлісер сырласына айналған газет журналдардың көпшілік бөлігі оқырмансыз қалып жатқаны қынжылтады. Балалар басылымдарының ғаламтор желісімен алмастырылғаны қиын жағдай...
Әженің ертегісімен емес, смартфонның жансыз әуенімен ұйықтайтын бала фантазиясы газет-журнал , кітап оқыған бала фантазиясынан осалдау болары белгілі. Сол үшін Отандық журналдарды көбірек жарнамалап , заман талабына сай етіп ғаламтор беттеріне көшірсе нұр үстіне нұр болар еді.