Мен АҚШ-қа барғанда...

Мен АҚШ-қа барғанда...
жеке
блог

Өткен жазда достарымның үгітімен аздап ақша табу мақсатында, онымен қоса демалып қайтуды жоспарлап «Work & Travel» бағдарламасымен АҚШ-қа барған едім. Шет елге алғаш шыққандықтан, бастан сан түрлі қызық оқиғалар өтті. Елден кетпей жатып қатты уайымдағанымды да жасырмаймын.

АҚШ-қа алғаш келгенде, жеткеніме, тек кинодан көріп жүрген сол мемлекетті әйтеуір көргеніме мәз болдым. Бірақ қуанышым ұзаққа созылмады. Басқа мемлекетке баруды жоспарлаған кез-келген жан мәдени шок алатыны сөзсіз екен. Оның өзі бірнеше сатыдан тұратыны тағы бар. Біреулер көргенінен қатты әсерленсе, біреулер оған мән бермеуі де мүмкін, бірақ мәдени шок бәрібір болады. Сондықтан, кім болса да, алдын ала дайындық ешкімге зиян етпейді екен. Ал мен мәдени шок дегенге дайындықсыз едім... Аэропорттан шыға салып, қыдырыпты, "Бостандық ескерткішіне" барып, Нью-Йорктың көшелерін аралап, time square-де суретке түсіпті деп ойлап қалмаңыз. Ол күнге жету үшін мен басымнан ұзақ та қызықты оқиғаларды өткізуіме тура келді. Тұрғындары біз секілді ойламайтын, біз секілді тамақтанбайтын, біз секілді қыдырмайтын, біз секілді сөйлемейтін, қысқаша айтқанда біздікінен бәрі өзгешеленіп тұратын басқа бір әлемге түскен мен, бір сәт қуандым да, алғашқы қуанышым басылған сәттен үлкен ойға шомып кеттім... Басқа бірінші келген ой: "Сен АҚШ-та не жоғалттың?". Бұл менің мұхиттың ар жағындағы мемлекетке барып жұмыс істеп қайтпақ ойым бар екенін естіген атамның айтқан сөзі еді. Осы ой басқа келген сәтте: "Жо, қайтам" деді шыдай алмайтынын сезген ішкі дүнием, "Жоқ, қайтпаймын! Ұят болады!" деді намысқа тырысқан тағы да сол ішкі дүнием. Өз ішімнен өз-өзіммен сөйлесіп ұзақ тұрдым. Ақыры қалатын болып шештім. "Қалмай қайда барасың? Артта үміт арқалаған елің тұр!" деп өзімді көтермелеп қояйыншы)

Айтпақшы, қай қалаға барғанымды жазбаппын. Мен Калифорния штатында орналасқан Лос-Анджелесті таңдаған едім. Иә, бұл мемлекеттің басқа қалаларына қарағанда маған ұнайтыны осы. Тынық мұхит жағасында тұрған үлкен қаланың әдемі көрінісі адам баласын тамсандырмай қоймайды, бәріміз білетін "Hollywood"-та осы жерде орналасқан.

Сөйтіп, келуін келдім. Ал достарым болса, Солтүстік Американың көп бөлігін алып жатқан осы бір мемлекеттің түкпір-түкпіріне тарап кетті. Көпшілігі жоғарыда жазып өткен Нью-Йоркты таңдаса, біреулері біз ешқашан естімеген кішігірім қалашықтарға баруды жөн санады. Басыма екінші келген ой: "Лос-Анджелес? Жалғыздан жалғыз ол қалада не бітірмексің? Ағылшыншаң да жетісіп тұрған жоқ. Кеттік бізбен, Нью-Йоркқа, Вашингтонға, Арканзасқа, Флоридаға..." Бұл мен өз таңдауымды айтқандағы достарымның берген жауабы еді. Абырой болғанда, бұл ой басқа келген сәттен кейін көп ұзамай өзімнің атым жазылған қағазға көзім түсті. Еее, өзім білмейтін алыстағы бір қалаға жападан жалғыз бара салатын мен де топас емес шығармын, иә?) Бұл қағазды ұстап тұрған мен ғаламтормен танысқан, осы жаққа маған дейін келген қазақтың қарапайым демей-ақ қояйын, бірақ бастысы қазақтың балалары. Өздері үшеу. Үшеуі де Қарағандыдан. АҚШ-қа баратынымды нақты шешкен сәтте ғаламтор арқылы іздеп, таныстардың таныстарының таныстарының ішінен тауып алып танысқан таныстарым. Қазақшалары нашар болғандықтан, кездесе салып әңгімеміз солтүстіктегі көршіміздің тілінде жүрді. Есімдері: Әлібек, Жалғас, Әмір. Шыны керек жалғыз қалғанда басқа келетін "Үйге қайт!" дейтін ойлардан құтылуға, елге деген сағынышты басуға, білмейтін нәрсемді көрсетіп, айтуға келгенде жігіттердің көмегі қатты тиді. Пәтер мәселесі шешілгенін түсінген боларсыздар. Ал жұмыс мәселесі сәл қиындау болды, себебі менің ағылшыншам нашар еді. Содан не керек, біраз ойланып, жүк тасушы болып жұмысқа тұрдым. Ауыр, әрине, есесіне сөздік қорды көп қажет етпейді. "Көтер, алып кел, апарып таста, қой" - дегенді ым-ишарамен де түсінсе болады ғой. Дегенмен, адамдардың қылығы, жұмыс жүргізу мәнері, тілдесу, қарым-қатынастарына қарап бұл елді жатырқауым тоқтамады. Күнде бір оқиға бастан өтіп, қайтуды ойлаумен болдым. Бірақ уақыт өте үйреніп кетеді екенсің...

Сонымен айтпағым не еді? Мен АҚШ-қа барғанда қызық көп болды. Ха, оны келесі жолы жазайын. Бұл бастамасы болсын. Суретте Лос-Анджелес қаласы.