Шын айтам мен әкеге баймын
Содан университетке келгенде менде үш бірдей әке пайда болды. Әрине бірден емес. Олар менің ақылшы ұзтаздарым Мұрат Шаймаран, Амангелді Сейтқан, Сағатбек Медеубек. Алматыға келіп, қайнаған өмірге үйренісе алмай жүргенімде маған жол көрсетіп, менен ақылдарын аямады. Сондықтан ба, әкемнен кем көрмедім оларды. Бірақ, олар жайлы әңгіме келесі жазбаларға қалсын
Бүгін мен төрт әкемнен бөлек менің екі көзім сынды екі әкем жайлы жазба жазуды жөн көрдім. Олар менің туған ағаларым Бақытжан мен Бауыржан. Қос қамқоршыларым менің
Бұрындары бір отырысқа бару үшін сұранатын кезде «Ағаңның болғаны қандай жаман» деуші едім. Сол ойымның қате екендігін өмір маған оңдырмай ұғындырды. Енді міне, Алатаудың бауырында жүрген кезімде «Қалайсың, Гүлжан» деп хабарласып, мен үшін қам жейтін ағаларымның болғаны қандай жақсы дейтін болдым
Бала күнде теледидар алдында қызық бірдеңе көріп отырғанда ылғи мені жейтін бірдеңе алып келші деп жұмсайтын. «Не мен бара берем бе? Өздерің барсаңдаршы» дейтінмін. Әрине, сен. Сен туғанда біз не үшін қуандық дейтін. Бұл біздің үйдің «брендовый» сөзі еді. Мен де бара салмаймын ғой, бұрхан-тұрхан болып барамын. Қырсықтық қой, бойға біткен. Ал қазір сол күндерімді қатты сағынамын. Өйткені, есейіп қалыппыз бәріміз. Үйге барған сайын олармен бұрынғыша бала күндегідей сөйлсе алмаймын. Ұялшақ болып бара жатырмын. Кейде мойындарына асылып, еркелегім келеді. Қатты жақсы көремін.
Үлкен ағам әр туған күнімде балалығымнан бір естелік айтып отырады. Соның ішінде жадымда сақталып қалғаны. Анам мені босанғаннан кейін қатты ауырып облыстық ауханада жақтан көрінеді. Дәрігерлер анамның сүтін емуге қатаң тыңым салған екен. Сонда екі ағам маған дүкеннен сүт алып келеді. Ол кездерде қазіргідей емес, ұзын сонар кезекте тұрып, зорға аласың. Кіші ағам еріншек, жалқау болғандықтан үнемі өз кезегінде маған сүт алып келуге бірдеңені айтып бармай қала береді. Үлкені болса соның орнына да барып келеді екен. Содан ба білмеймін, ол маған үнемі сен маған қанша өссең де баласың дейді. Қарап отырсам, ол тек ұл-қыздарының ғана әкесі емес, менің де әкем...
Әкелерімді қатты сағындым. Мен сондай бақыттымын! Шынында, әкелерім сынды ағаларым бар менде арман жоқ