2002 мен 2007 жылдар аралығында жарық көрген, шпиондық экшн десе ішкен асын жерге қоятын киномандардың қанына ләззат алатын адреналин жіберген «Борнның жеке тұлғасы», «Борнның үстемдігі» және «Борнның талабы» сериясы алып мемлекеттің тыңшысы туралы арғы-бергі тарихтағы ми қайнатып, ой шайқайтын ең үздік франшизалардың бірі һәм бірегейі болып отыр. Басқаны қойып өзін-өзі пародиялауға көшкен Бондты тағынан тайдырып, тәжісін басына салған Борн шаппа-шап төбелес пен адам жанының тереңін қатар салмақтаған күрделі фильм ретінде елдің көңіліне майдай жаққан-ды.
Жеке өзім әлі күнге араға аз уақыт салып осы үш фильмді қайта-қайта көруден жалықпаймын. Содан болар актерлік құрамы әжептеуір өзгеріске ұшыраған «Борнның мұрасын» әбден күттім. Тіпті Қазақстанға кедендік проблемалардың кесірінен кешігіп келеді деген хабарды естісем де Интернетке мойын бұрмай, кинотеатр экрандарына жалдырадым. Нәтиже: үміт тек отыз пайызға ақталды.
Әрине бұл менің үмітімнің жеке бас мәселесі де болуы мүмкін (кім саған Борнды тек бір стильде түсіру керек деп айтты), алайда түрлі-түсті рецензияларға көз салсақ бір менің ғана аңырамағанымды байқауға болады.
Біздің (яғни бұрынғы «борниадашылардың») бұлай мұңаюымызға себеп болып отырған дүниені түртіп, тізімдесек біраз жерге барамыз, бірақ тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні бір: бұл «Борн» бұрынғыдан өзгерек.
Кросстың жеке тұлғасы
Фильмнің бісмілләсі «Ауткам» атты жобаның саны аз, бірақ сапасы сұмдық өнімдерінің бірі Аарон Кросстан (ресми түрде қазаға ұшыраған әскери қызметкер Кеннет Джеймс Китсом) басталады. Борн быт-шытын шығарған «Тредстоуннан» айырмашылығы «Ауткам» агенттерінің арнайы стимулятор-дәрілерді қабылдайтынында еді. Алайда Борн өзін «түлетіп ұшырған» «Тредстоунды» былай қойып, «Блэкбрайар» жобасының да «артын ашқанда», Қорғаныс министрлігі «бәледен машайық қашыпты» деп «Ауткамның» көзін жою туралы шешім қабылдайды.
Ана құрлық, мына мемлекеттегі саусақпен санарлық «ауткамдықтарды» о дүниеге аттандырған Үкімет тау-тасты кезіп, жазасын өтеп жүрген Аарон Кроссты да өлтірмек болады. Алайда, тағдырдың жазуымен, өзінің шеберлігімен аман қалған Кросс қол астында бар күллі заманауи-ғибадати-ғадауати білімін салып биліктің «өлім жазасы» туралы үкімінен құтылмақ болады. Оған құрт-құмырсқа жасуша шұқылап жүрген биолог Марта Шеринг көмектеседі.
Кросстың үстемдігі
Фильмнің бұрынғы «Борндардан» артықшылығы да, кемшілігі де Кросстың өзгеше жаралғандығына келіп тіреліп тұр. Біз білетін дэймондық Джейсон Борн топас түрде қол көтерген қарсыласының басына қиямет-қайым орнатып жіберетін тыңшы-машина ғана емес, өзінің кім екенін білуге ұмтылған, зәбір шектірген адамдардың алдында кешірім сұрауға даяр, кейбір кезде аңғалдығы да бар күрделі тұлға болатын-ды. Ал Джереми Реннер ойнаған Кросс басқа... Кросс – алды-артын білетін нақты жоспары бар қу тыңшы. Ооо, Кросс оңай емес. Оның осы ерекшелігі туындыны тың бағытқа бұрып, жаңа тынысының ашылуына мүмкіндік берді. Франшизаның келесі фильмін күтетін ел-жұртты моральдік тұрғыдан дайындап алуға «Борнның мұрасының» шамасы әбден жетті. Енді халық булығып, қысылып Кроссты боқтамайды, себебі оның кім екенін танып-білді.
Ортаңқол экшнның бас кейіпкері шамалас Аарон Кроссты көрген киномандар режиссер Тони Гилройды кешіре алмасы анық. Бұдан да бұрынғыдай сценарийін жазып жүре бергені дұрыс еді деген пікір ана рецензиядан, мына жазбадан бұрқ етіп қалып жатыр. Бірақ, шынайы бағаны алда болар жобалар көрсетер, мүмкін Кросспен кездесіп қалуы ықтимал деген Мэтт Дэймонныңоралуы жаңа фильмдерді құтқарып алар.
«Ауткамның» тыңшыларына жасыл, көк дәрілерді дайындап беруші ғалымдар-тобының мүшесі Марта Шеринг фильмнің жағымсыз тұстарының сәнін келістіріп-ақ тұр. Әрине актриса Рейчел Вайстың талантын шүбәсіз құрметтейміз, бірақ біресе шыңғырып, қалш-қалш еткен, біресе батыр бола қалған бас қаһарманның құрбысы осыған дейін экранға шыққан мыңдаған қыз-қатын кейіпкерден еш ерекшеленбейді.
Джереми Реннерді де (Аарон Кросс), Рейчел Вайсты да (Марта Шеринг) қойшы, мендік көңілге қатты тигені Эдвард Нортонның (Қорғаныс министрлігінің агенті Эрик Байер) амплуасы болды.
Актерге әлде дұрыс рөл бұйырмаған (көзінің алды ісіп кеткен шатақ-шадыр мінезді кейіпкердің несі жақсы), әлде өзі дұрыстап ойнай алмаған. Әйтеуір, артық-ауыс қимылы жоқ, жүріс-тұрысы шектелген, бар мақсаты Борнды жою (?), Кроссты құрту (?) болған агенттің тірлігі түсініксіз болып бітті бізге. Оның үстіне Нортон бас кейіпкердің негізгі жауы болады, сұмдық жасаймыз деп жоба авторларының айтақтап алып, фильмде жөндемді ұстасуды да көрсетпей алдап кеткені тағы бар...
Кросстың талабы
«Борнның талабымен» оқиғасы қатар өрілген «Борнның мұрасы», өкінішке қарай, бұрынғы драмалық сипатынан, күрделі, салмақты кейпінен айрылған. Түптеп келгенде сол баяғы «Орындалмас миссия» секілді суперқаһарманы бар сапалы экшннан еш айырмашылығы жоқ. Бұл тек бас кейіпкер Кроссқа ғана қатысты емес. Жалпы фильмнің атмосферасы құртылыпты. Өкінішті-ақ, әрине. Ендігі бар үміт-қайырды әуелі оралса екен деген тілекпен Мэтт Дэймонға, одан кейін оқиғаны күрделендіре түссе жақсы болар еді деп режиссерға салып қойып отырмыз.
P.S. Техникалық тұсына өкпе-базынамыз жоқтың қасы, оған да шүкір.
writeFlash({"src":"https://www.youtube.com/v/4McdaMBK1Tk","width":"560","height":"315"});
Киностан
Дінмұхамед Зиядин