Мен 2050 жылдың журналисімін
блог
2050 жылдың желтоқсаны. Менің жасым 56-да. Уақыт қалай зымырайды десеңізші... Осыдан дәл 37 жыл бұрын желкілдеген жас жеткіншек, білім мен ғылымға, ең бастысы, асқақ арманға қол созған студент едім. Қазір тәмамдаған мамандығымның майталманы, еліме елеулі, халқыма қалаулы, асыл жар, ақ жаулықты анамын! Сол кезбен салыстырғанда, Қазақстанымыздың тұрмыс-тіршілігі, экономикасы, әлеуметтік жағдайы өзгеріске ұшырады, халқымыздың саны өсті, Назарбаев секілді ақылды да дана басшымыз алғашқы президентіміздің салып кеткен сара жолын жалғастырды. «Қазақстан-2050» стратегиясын жолға қойған Нұрсұлтан Әбішұлының жолдауын жоғары деңгейде 100 пайыз орындады.
2013 жылда қазақ тіліміздің халі мүшкілдеу еді, тек қазақтардың саны 11 млн болатын, жемқорлықтың белең алған сәті, әр қазақтың басында жеке үй иемдену басты проблема болған еді. «Әке-көкесіз» жұмысқа орналасу кез келген адам үшін қиынға соғатын.50 елдің қатарына енгенбіз. Көптеген нәрселерді шет елден алдыратынбыз. Салт-дәстүріміздің тоқырауға ұшыра бастап, орыстың, шет елдің әндерін қазақтың тойында гүрілдететін заман еді. Қалаларымыздағы орталықтардан әдемі ғимараттар бас көтергенімен, ауылдық жерлерде теңдік орын ала қоймаған. Кедей және бай деген ұғым халық арасында кең етек алған кез еді. Тіпті ұлты өзге, қазақ елінің тұрғындары ғана спорттық олимпиадалардан жүлделерге ие болып жататын.
Ал қазір Қазақстанның түкпір-түкпірі жаңа заман үлгісінде жасалған. Мен басқаратын коммерциялық «ҚР-24» телеарнасының ғимаратында оперативті журналистер қызмет атқарады. Бұрынғыға қарағанда әлдеқайда жедел ақпарат тарататын арнаның жұмысы демалыссыз қызмет жасайды. Әр журналистке жеке кабинеттер берілді. Кабинетке кірген кезде, 3 түрлі кнопка тұрады. Біріншісі барлық жиһаздарды қабырғадан пайда болдырады. Екіншісі, тамақтанатын уақытта ойыңды оқып, сен қалаған тамақты ұсынады. Үшіншісі, әр тапсырмаңды орындаған сайын басылатын кнопка. Сол арқылы күн сайын қаржың ғимарат ұсынған карточкаға түсіп отырады. Кез келген адамның айлығы жасаған жұмысына қарай, төменгі баға миллионға дейін ақша түсіп отырады. Өз арнамдағы қаржыландыру жағын айта отырып, барлық холдингтердің, тіпті мұғалімдердің де, дәргілерлердің де қаржысы дәл осылай іске асатынын айта кеткім келгені. Ал барлық журналистердің басын қосатын мәжіліс залында көрінбейтін сенсорлық экран пайда болады. Ал бұрынғы кезде слайд арқылы көрсететінбіз.
Жылда орын алатын өлім және автокөлік апаттарының саны әлдеқайда азайды. Жолдың астынан жол ережесін сақтамайтындарға арналған құрылғылар орнатылған. Ал білім алу жүйесі теория емес, практика ретінде өтетін болды. ЖОО-да компаниялардың мамандық бойынша бөлінген филилалдары орналастырылған. Әр компанияның директоры болып, жақсы көзге түскен, ақылды біліммен теңестіре білген студенттерді тағайындайды. Бір топқа бөлінген 15 адам, бір филиалдың бір бөлігін құрайды. Ал студенттер үйі тек демалуға арналған. Барлық құрал-жабдықтармен әрленген, 1-бөлмелі пәтерден кемшілігі жоқ. Әр пәтерде 2 студенттен тұрады.
Еліміз дамушы елдің алдыңғы қатарында және халқының саны жағынан Қытайды басып озды. Барлық Қазақстан халқы тек қазақша сөйлейді, ал басқа елдер әлемдік тіл-қазақ тіл болғандықтан, тіл үйреніп жүр. Шет елдегі жастар Қазақстанның университетіне түсуді армандайды. Бұдан асқан бізде бақыт бар ма?! Салт-дәстүрімізді насихаттайтын агенттіктер жұмыс атқарады. Ал олимпиадалардан нағыз ұлты қазақ жігіттер мен қыздарымыз Қазақ елінің әнұранын шарықтатып, туымызды желбіретіп жүр.
Р.S: Осы армандап жазған мақаланың өңімде орындалуы үшін барлығымыз жатпай-тұрмай қызмет жасап жатырмыз. Алла Тағала сол күнге қазақ халқын аман-есен жеткізіп, 2050 жылдың саналы ұрпағын көруге жазсын!!!
Сіз 2050-ді қалай елестетесіз???