Мемлекеттік тіл-қазақ тілі ме?
блог
Қызғалдақтай атылған қара түрін,
Ата-ананың дегендей қанатымын.
Сен екеуің сөйлейсің басқа тілде,
Үйретеді кім оған ана тілін? (Тұманбай Молдағалиев)
Үніме үн қосып,саралы-сапалы , көркем, тамыры кеңге жайылып, тарихтың әр қилы кезеңінен сыр шерткен қазақтың тілі -текті тіл. Шыр етіп жарық әлемді көз жанарыммен көрген сәттен бастап, ана үнімен бойыма дарыған мына менің тілім, құдды бір ат дүбіріндей денедегі сезім мүшелерін оятарлық күшті дермісің! 42 әріп, 42 дыбыс тілімде,қанымда,миымда жадты түрде сақталған .XIV-XVI ғғ. аралығында жалпы Дешті Қыпшақ даласын шарлаған қазақ жұртының ру-тайпаға жіктелуі кезінде қазақтың тілінің алғашқы іргетасы қаланып үлгерді. XX ғасыр шиеленісті, тарлығын көрсеткен торыққан заман екендігін һәм бәріне аян. "Казактың" "Казах" болуы жолында зиялылар теріс пиғылдылардың "Халық жауы" жаласына көптеп ілініп қалды, өкінішті. Ғасырдан ғасырға жалғасқан ұзақ үрдіс нағыз "қазақ тілді" қалыптастырды, дегенмен, қазіргі қазақ тілінің жағдайы меңіреу қиын-ақ...
"Тіл тазалығы үшін күрес-ешқашан толастамайтын мәңгілік күрес"-деген екен Бауыржан Момышұлы.Тілдің тазалығын әзірге байқап та,көрер көзбен көре де алмадым .Үйден де,түзден де,тіпті"Қазақ тілі мен әдебиеті" сабақтары мен өзімнен де таба алмадым бұл тазалықты. Сайраған тілден шыққан әр сөйлемнің ішінде кем дегенде 1-2 сөз орыстың сөздігінен суырылған. Тіпті,қазіргі заман жастары тіл шалалығын "заман талабына сай" деп нұқыта,еркін жауап қайырады. Бірнеше бейнеролик бұған айғақ.Balmuzdaq plus арнасына арнайы салынған "Қазақ тіліне #көзқарас" көше сұхбатындағы Қазақстандық азамат пен азаматшалардың берген жауаптары қабырғаңды қайыстырары сөзсіз. Өзге ұлт өкілдері мемлекеттік тілді жарамсыз етсе,қазақ жастары:"ана тіліміздің болашағы жоқ"-деп әбден шамымызға тиді.
«Ана тілін білмеген ақылы жоқ желікбас,Ана тілін сүймеген халқын сүйіп жарытпас». Жоғарыдағылардан, нақтырақ айтқанда, елге билік етуші мырзамыз бен уәзірлеріндей болған депутаттардың тілі ана тіліміз-қазақ тіліне келгенде тым шорқақ.Тіл қадірін білмеген-ел мәселесінің түйткілдерін титтей де болса түрте алмас.Жә,үнемі көтерілетін дау емес пе,әлі күнге шешімін таппаған!? Мемлекеттік тіл-қазақ тілі.Ол дегеніміз: Қазақстан Республикасының әрбір азаматы мен азаматшасы мемлекеттік тілді білуге ,ЖОО орындары,шағын,орта,ірі мекемелер,қызмет көрсету орталықтары,балабақша,мектеп қазақ тілде қызмет етуге тиісті.Мемлекеттік тілді біледі және оның сол орында жұмыс жасауға толықтай құқығы болады.Ал бізде керісінше,орыс тілді білуге міндеттіміз.Кез-келген жағдайда халықпен қатынас жасау орыс тілінде өткізіліп,рәсімделеді. Мысалы,сен ҚКО-ға құжат жұмыстарымен бардың,қызмет көрсетуші өзге ұлт өкілі,қазақ тілін білмейді... орыс тілін тілге тиек етесің. Балабақшадан бастап ЖОО дейін қазақша оқыту,ғылыми еңбектерді қазақ тілінде жазу,ақпараттық байланыс пен кеңістіктің қазақ тілінде жариялануы,осындай жұмыстардың өзі тілді тілін білмейтін тілмаштардан аластайды.Жапония елінде әр бала 12 жасқа дейін тек өз тілінде сөйлеп, өз тілінде ілім-білім жинайды екен. Менің ойымша, бұл мемлекетке керек ең бірінші заңның қатары. Қазақша жетілген бала-қазақтың да қамын ойлайды. Парламент,президент,жалпы билік тым болмаса осы мәселеге салғырт қарамаса...
Бұған дейінгі кезеңдердегі қазақ тілінің жағдайын толық білмеспін,бірақ менің заманымдағы ана тілімнің жағдайы мүшкіл. Тілі болса,ол- ұлт.Тілі болмаса әркімнің етегін жалаған бұралқы ит. Қазақ керек етпеген тілді өзгелер қайдан қажетсінсің!?«Қасиетін сезем деп ана тілдің,қауырсыны қалмады қанатымның»-М.Мақатаев.Тіл үшін шыққан жан,төгілген қан бекерге кетпесіне кім кепіл? Мағжан Жұмабаевтың жалынды сөзі бар емес пе еді «мен жастарға сенемін» деген, қайда біздің рух? Қазақтың қазақ тіліне жаны ашымаса, жеріңді мекен еткен 130 ұлт өкілінің бірі келіп қазақ тілінің болашағы үшін бас қатырмас. Қазақ десең өзіңе тиеді.Індет кезеңінде екпе алмаған жандар жұмыссыз қалады,тіпті екпенің вирусты жұқтырмауға толық күші болмаса да.Менің ойымша,мемлекеттік тілді білмегендерді де жұмыстан шығару көп жағдайдың ішінде әбестікке жатқызылмас.Тек,қазақ тілін білмегені үшін билік басындағылардың бәрінің орындары босап қалатыны болмаса...«Орысша оқығандар орыс сөзінің жүйесіне дағдыланып үйренген, ноғайша оқығандар ноғай сөзінің жүйесіне дағдыланып үйренген. Қазақ сөздерін алып, орыс я ноғай жүйесімен тізсе, әрине, ол нағыз қазақша болып шықпайды. Сондай кемшілік болмас үшін әр жұрт баласын әуелінде өз тілінде оқытып, өз тілінде жазу-сызу үйретіп, өз тілінің жүйесін білдіріп, жолын танытып, балалар әбден дағдыланғаннан кейін басқаша оқыта бастайды. Біз де тіліміз бұзылмай сақталуын тілесек, өзгелерше әуелі ана тілімізбен оқытып, сонан соң басқаша оқытуға тиіспіз.»-деген Ахмет Байтұрсынұлы.Оян,қазағым!
#қазақшасөйле.