Мектептердегі үйірмелер жаңғыртуды қажет етеді

Мектеп қабырғасында бала білім алып қана қоймай, қосалқы қабілеттерін түрлі үйірмелерге бару арқылы дамытады. Бұрындары оқушылар квиллинг, қолөнер, сурет, тоқыма, робототехника, шахмат, ән, би сияқты үйірмелерден қалмайтын болса, бүгінгі күні соларға қатысатын бала таппай сабыласың.

Оқушылар арасында сауалнама жүргізе отырып, олардың қай салаға қызығушылық танытатынын зерттедік. Ең қажетті деп бағаланған мобилография мен ораторлық өнер болды. Қазіргі таңда бұл салалар жоғары сұранысқа ие. Оның айтуынша, оқушылардың тым болмаса базасасын меңгергені дұрыс. Өйткені, қыруар қаражатқа шығындалып курс сатып алғанша, мектеп қабырғасында жүріп үйренген тиімдірек. Осы орайда неге мектеп өмірге ең қажетті нәрселерді үйретпейді екен деген сұраққа қаласың.

Ендеше, бұл ұғымдармен тереңірек танысалық. Мобилография деген не? "Мобиль" – "мобильді телефон", ал "граф" – "жазу, сипаттау, суреттеу". Демек, телефонның көмегі арқыл сурет, бейнеролик түсіру дегенді білдіреді. Бұл - фотографиялық өнердің бір түрі боп табылады. Мобилография несімен танымал? Оған әсер еткен жағдайлар өте көп. Мәселен, технология мен әлеуметтік желілердің қарқынды дамуы, жарнама жасаудың басқаша сипат алуы және т.б. факторларды жатқызуға болады. Оқушылар бұл саланы меңгерер болса, мектептің әлеуметтік желісіне жүктелетін бейнероликтер біршама сапалы, әрі қызықтырақ болар еді. Оның үстіне мобилографтардың табатын табысы да аз емес. 24 сағаттың тең жартысын телефонда өткізетін заман болғандықтан, бір жағынан, ол уақытты тиімді пайдалануды білген де бір пайдалы іс. Онымен қоса қиял, кретивтілік пен шығармашылыққа жауап беретін мидың оң жақ жарты шарын дамыту мүмкіндігі артады.

Ал, ораторлық өнерге тоқталатын болсақ, ол кәдімгі өзіміздің ежелгі шешендік өнеріміз. Көпшілік алдында қысылмай сөйлеу, бойдағы жасқаншақтықты жеңіп, айтқыңыз келген ойды нақыт әрі сауатты жеткізе алу мүмкіндігі. Біздің шешендік өнеріміз түгел сөздің түбі бір, түп атасы – Майқы биден бастау алып, Аяз би, Жиренше шешен, Асан қайғы, ауызы дуалы үш жүздің үш биінен бертін келе Махамбет, Дулат, Шортанбай, Мұраттардан Абайдың қолына өткен. Бабалардың ізін жалғап, тіл көркемдігін сақтап қалуға қазақтың арыстары, алаштықтар мол еңбек сіңірген.

Бұл – біздің қанымызда бар өнер. Ендеше, неліктен бүгінгінің балалары жұртшылықтың алдында сөйлеуге қысылады? Кіші буын былай тұрсын, үлкендердің аузынан той-томалақтарда, жиын-кештерде жарытып құттықтау ести алмайсың. Қазақстанның белгілі айтыскер ақыны Жандарбек Бұлғақ осыдан біраз бұрын сөйлеу шеберлігін арттыруға көмектесетін өзінің алғашқы кітабы - «Сөз менеджментін» шығарған болатын. Халықтың психологиясын, ұлттық болмысын ескере отырып жазылған кітап әртүрлі мамандық өкілдеріне арналған. Ойды орнықты жеткізуден бөлек, тілді тереңірек меңгеруге де көмектеседі. Кітапхана сөрелерінен осы сынды өмірлік қажеттілігі бар кітаптар көбірек табылса деген ой бар.

Біздің ауданымызда бұл мәселе кеңінен таралған. Әрине, сөйлегенде дес бермейтін, ділмар, тасып тұрған талантты жастарымыздың бар екені өтірік емес. Десе де, мектеп оқушылары арасында пікірталас өнерінің әлсіз болуы, сайыстардың үнемі орташа деңгейде өтуі, аудандағы мектептердің бұл салаға бейжай қарауы осыған дәлел бола алады. Бәйтерек ауданында дебат өнеріне қызығатын жасөспірімдер көп, бірақ оларға пікірталастың функциясын, «ішкі құрылысын» үйрететін жетекшілер аз. Аудан спорттан өткізілетін турнирлер мен сайыстарға бай болғанымен, нағыз ұшқыр ой мен шешен тілдің иесі – интеллектуалды бағытқа келгенде ақсап тұр.   

Оқушылар атынан Қазақстанның барлық мектептерінде мобилография мен ораторлық өнер бойынша шеберлік сағаттары өткізілсе деймін. Өйткені, екі саланың да қоғамдағы рөлі маңызды. Және тренингтерді білімі бар кәсіби адамдар жүргізгені абзал.

сурет: ysia.ru



Бөлісу: