Мектеп төңірегіндегі проблема
блог
Мені мектеп төңірегіндегі пәндер, соның ішінде тіл мәселесі толғандырады. Мысалы, бірінші сыныптан бастап орыс, ағылшын тілдерін бекітіп тастады. Көштен қалмау керек әрине, дегенмен, қазақ әуелі өз тілін жітік меңгеруі тиіс. Егер үш тілді қатар оқитын болса, мәңгүрттікке алып келетін сияқты. "Қазақ тілінде шұбалаңқы сөйлейтін қазақты одан әрі шатастырмай ма?",- деген сұрақ мазалайды. Қазағымыз мемлекеттік тілде емес, өзге тілде тілдессе, қазақты қазақ деп атауға келмес. Қазірдің өзінде орыс тілінде сұрақ қойса, дәл солай жауап беретініміз жасырын емес. Егер ертеңгі күні үш тілді оқуды міндет етсе, біз өз құндылығымыздан айырыламыз ба деп қорқамын... Ағылшын тілін бесінші сыныптан бастаса құба-құп болар еді. Әуелі қазақ әліпбиін жете меңгерсек,әр ұрпаққа патриоттық рух пен жүрегіне иман сыйлай алсақ, халқымыздың тұғыры биіктей түсер еді. Сондықтан, мен үш тұғырлы тілді қолдамаймын. Қазақ тілі, мемлекеттік тіл - маңыздысы, алғашқысы, бастысы болып қала береді. Әр қазақтың жүрегі "Қазақ" деп соқса ғана тіліміз тұғырлана түседі.