Мектеп бағы гүлденді

Білім ордам Қ.Сәтбаев атындағы мектепті тәмәмдап, қоштасқалы 1 жылдай уақыт өтті. Кеше ғана мектеп табалдырығын аттаған жас бүлдіршін едік, енді, міне, уақыттың жылдамдығы тез есіп, туған жерге студент болып оралдық. Дегенмен, әр түлек үшін алтын ұя мектебі ыстық бола бермек.

Ауылға келе сала түлектер бірден мектепке тартады. Мен мектеп бағының гүлденіп, құлпырғанын көріп қатты қуандым. Мектеп айналасы жап-жасыл, самал жел ескенде әр ағаш пен гүлдің иісі бір рахат сезімді сыйлайды. Гүлденген бақ көңілге қуаныш пен шаттық ұялатады.

Мектеп тәжірибе участкісінде жеміс-жидек пен көкөністің түр-түрі отырғызылған. Атап өтсек, көкөністен сәбіз, қызылша, тәтті бұрыш, қияр, қызанақ, кәді мен асқабақ, картоп, баялды және жасыл пияз егілді. Сонымен қатар, мектеп ауласына ерекше сән беретін қарағайдың 130 түрі, терек, тал, пирамидалы терек сынды ағаштар да бой көтерген. Мектеп тәжірибе участкісінің артқы алаңында жеміс ағаштары да отырғызылған, яғни, қараөрік, шие, қарақат, итмұрын шалабұталы жеміс ағаштары егілген. Сонымен қатар, біздің мектепке түрлі гүлдер де отырғызылған екен. Астра, гиоргин, петуния, бархат, гладиолус, цинния сынды гүлдер мектеп бағын құлпыртып тұр.

Академик Қ.Сәтбаев атындағы орта мектептің биология пәнінің мұғалімі Құралай Серікқызы осы игі істің бас-қасында жүр. «Мектебімізде 1-8, 9-10 сыныптар арасында оқу-тәжірибе жұмысы бойынша оқушылар қатысады. Оларға сынып жетекшілері жауапты. Жыл басында құрылған жоспар бойынша оқушыларымыз әлі күнге дейін жұмыс жасап келе жатыр. Мектепте биыл көптеген ағаштар мен көкөністер егілді»,- дейді Құралай Серікқызы.

Оқушылардың да мектеп бағының гүлденуіне айтарлықтай үлес қосып жатқанын естіп қатты қуандым. Біздегі тілек, мектебіміз гүлденіп, құлпыра берсін деген ғана ізгі ой.

Мерей Ауғали,

Л.Н.Гумилев атындағы

Еуразия ұлттық университетінің студенті.



Бөлісу: