Мира Сембайқызына эстафета таяқшасын ұсынғанына алғыс айтамын. Бұл эстафетада сұрақ тым көп сияқты болып көрінген. Бірақ өзің жайлы айтуға, жазуға аса бір құлшыныспен кіріседі екенсің. Жасырмаймын. Сондықтан да болар, осындай эстафеталар қазір өтімді болып жатқаны.
Өзім жайлы 30 факт)
Сабырсызбын. Сабырсыздықты не жаман деп, не жақсы деп те айта алмайды екенмін. Әр жағдайдың өз шешімі бар, сәйкесінше сабыр сақтамайтын да кездер болады. Бізде өзі қызық қой, сабырлы болсаң мүмкіндігіңді мүлт жіберіп, аса пысық болсаң сабырсызданып, өзіңді жаман қырыңнан көрсетесің. Қайрат Нұртастың әндерін тыңдамаймын. Бірақ оны сыйлаймын, өнеріне құрмет көрсетемін. Жеке пікірімді сұрағанда ғана оның әнін тыңдай алмайтынымды айтамын. Мектепте бір жыл оқудан қалып қойғанмын. Қалада бала сабаққа 6 жастан бастап барады. Ал ауылда бәрі де 7 жасында барады. Сөйтіп, анам мені ертерек, 6 жасымда мектепке беріпті. Ал 3 сыныпта қатты ауырып, бір жылға қалып қойғанмын. Бірақ сыныптастарымның көбі өзіммен жасты – 1989 жылғы. Сондықтан мен үшін аса ауыр оқиға болған жоқ. Журналистикаға тапсырып, ұпайым жетіп тұрса да әкем филологияға тапсыр деді. Қазір әкемнің сөзі дұрыс екеніне көзім жетті. Қазір мамандандырылған журналистердің заманы деп ойлаймын. Массагет сайтында тура 2 жыл жұмыс істедім. Өмір өзімдікі болғандықтан өзімнің ғана қалауым қандай болса, сол жолмен жүруге тырысамын. Үйім жоқ. Механикалы қорапты көлік айдай алмаймын. Айдағым да келмейді. Қандай іске кіріссем, сол істі соңына дейін бітірмей тұрғым келмейді. Адамдарға жамандық ойламасам маған да жамандық тіленбейді деп сенемін. Ақылым орнында болса да кейде аңғалдығыма көзім жетіп отырады. Қулық-сұмдық ойымның жоқтығынан шығар. Стереотипшіл емеспін. Жаманның жақсылығына да, жақсының жамандығына да куә болғандықтан болар. Менің ойымша әкеме қатты ұқсап бара жатқан сияқтымын. Мұртым болса енді... Өмірім прозамен байланысты екеніне сенемін. Жаңбырдың астында тұрамын деп оңбай ауырып қалғанмын. Бірақ сонда да сөйтіп тұрғым келеді. Бала кезімде үш беті бар айнаның әрқайсысын бір-біріне қаратып, өзімді көп деп елестетіп көретінмін. Айнаны өзге әлемнің есігі деп ойлайтынмын. Сол жақ ұнайтын. Есте сақтау қабілетін тым нашар. Қазіргімді қазір ұмытамын. Жүрегіме жақын әндерді айта аламын. Микрофонға емес тек. Фантастика, фэнтези, артхаус жанрындағы фильмдерді көп көремін. Сенемін, иланамын. Қайыстан жасалған қолөнер туындыларына деген қызығушылығым бар. Таза кожаны ажырата алам. Кейде осы салаға кетіп қалғым келеді. Мегада бір күн күзетші болып жұмыс істегенмін. Дәл мен түнгі кезекке шыққан күні қоймадан өз заттарымыз ұрланып, персоналды түгел жұмыстан шығарып жіберді. Сол кездер кино сияқты. Студент кезімде бір үлкен мұжыққа тұрмысқа шыққалы жатқан дос қыздың бетін қайтару үшін өтірік сезім білдіргенмін. Сонда да тыңдамады. Расында да, қателесті. Өмірі алда еді. Сыртымнан танитындар мені бір қатал деп ойлайды. Жақын таныстықтан соң талай рет осылай айтқандары бар. «Негізі біз ойлағандай емес екенсің ғой» дейді. Күлем де қоям. Осы жасқа келсем де жүріп бара жатқан пойыздың үстімен жүгіргім келеді. Уколдан жаман қорқатынмын. Қазір оны «жеңгеніме» іштей қуанамын. Бала кезімде масқара ызақор болыппын. Ұтылып бара жатсам не өзім жылаймын, не өзгені жылатамын. Сондай «өнеріміз» болыпты, құрсын. Тараз жақтың тумасы екеніммен тек ІШТЕЙ қуанамын. Біз жақтан жақсылар шығып жатса біреу-міреуге айтып, мақтануға қорқамын. Ал іштей қуанатыным рас. Трайбалист еще какой из меня) Блог жазу ісіне келгенде менен өткен қырсық жоқ болатын. Блогосфераға келгенде бәрі өздерінше, бір-бірімен дос, өзгені жақтырмайтын әдеттерін байқадым. Сосын әр сөзімді соларға деген ренішпен, өкпемен айтатын болдым. Уақыт өте келе «Өй, қойсаңшы, сен неге даурығып отырсың» деп, өздеріне тарта бастаған соң еңк-еңк етіп, көңілімді әрең басқанмын. Айтқым келгені, блогерлер өз деңгейіндегі элиталарды жинап алып, өзгені жақтырмайтын әдеттерінен арылса екен деймін. Досым көп. Өздері бастап дұшпан болмаса мен оларға қыр көрсететін әдетім жоқ. Сондықтан менімен дос болыңыздар) Маусымдық аллергиям бар. Күзде сұмдық ауырамын. Мазасызданамын, жұмысқа деген ниетім құрдымға кетеді. Ендігі жылдарда осы тамыз айынан немесе қыркүйек айынан бастап бір ай бойы еңбек демалысына кетуге ыңғайланатын болдым. Массагетті жақсы көремін. Шын жүрегіммен.Осымен, өзім туралы 30 деректі жазып бітірдім. Бұл, расында да өзіңе өзің есеп бергендей, өзіңе уақыт бөліп, өзіңнің мінездемеңді жасауға, мақсат-мұраттарыңды анықтауға жақсы жоба екен. Өзгеге қызық па, білмедім, өзіме қызық. Ал, енді эстафета таяқшасын блогосфераға жаңадан келіп жатқан Мейіржанға беремін. Жәйдан жәй емес, ойларын, жазбаларын оқып жүріп, оның тұлғалық қасиеттеріне қанық болсам деймін. Ал, шап, бауырым!