Медтуризмді дамытуға мүмкіндік бар ма?

 

29.09.12.

 

Бүгінгі таңда табиғи байлығы жоқ елдер туризмнің түр-түрін дамытып жатыр. Дүниенің төрт бұрышындағы қалталы адамдар ол елдерге бару үшін ақша аяп қалмайды. Ал денсаулығын ойлайтын туристер медицинасы дамыған елдерді бетке алады. Бүгінгі таңда дүниежүзі бойынша дәл осындай 100 мыңнан астам адам шетелдерден ем қабылдайды екен. Олардың басым бөлігі Тайланд, Жапония, Малайзия, Сингапур және Оңтүстік Кореяға ағылуда. Себебі бұл елдерде медициналық көмектің бағасы Еуропа мен АҚШ-тан көп төмен. Сапасы да бәсекеге қабілетті.

Осы үдерісті бақылап отырған Қа­зақстан да медициналық туризмді да­мытуды қолға алмақ. Мемлекет басшысы осы жылдың сәуірінде Астананы дамыту жөніндегі кеңесте Ұлттық медициналық холдингке қарасты клиникалар негізінде медициналық туризмді дамытуға тапсыр­ма берген болатын. Себебі кез келген ел­дің ту­ризм саласын дамытуда медицина маң­ыз­ды рөл атқарады. Өйткені саяхатшылар ден­саулығына алаңдамайтын елге саяхат құрғанды жөн көреді. Әдейі ем іздеп сая­хатқа шығатын да туристер болмақ. Міне, дәл осы топтың сұранысы соңғы жыл­да­ры кардиохирургия мен диагности­каға ауып тұр екен. Ал бұл сұранысты Қазақ­стан қам­тамасыз ете алады. Бұл жөнінде Халық­ара­лық туризм күніне орай 15 елдің туристік компанияларының өкілдері үшін Ұлттық медициналық холдингтің кли­ни­калары­на ұйымдастырылған ақпа­рат­тық тур кезінде айтылды. Десек те Ұлт­тық медици­налық холдингтің басқарма төрағасы Елжан Біртанов холдингтің қазіргі заманғы медициналық инфрақұры­лымы бірінші кезекте отандық емделу­шілердің, содан кейін ғана шетелдіктер сұранысын қанағат­тандыруы тиіс екенін айтады. «Біз үшін шетелдік емделушілерді тарту басты мақсат емес және мұны дұрыс түсінулеріңіз керек. Бірінші кезекте - ішкі нарықтағы сұраныс­ты қанағат­тан­дыру. Мақсатымыз - өз ем­делушілеріміздің басқа елдерге медици­налық турист болып кетпес үшін жұмыс істеу, соларды өз елі­міз­де емдеу. Себебі солтүстік өңірдегі науқастарымыз Ресейге барып емделіп жүр. Ал Павлодардағы инновациялық көрмеде сол Ресейдің губернаторлары біздің холдингтің қызметі мен соңғы үлгі­де­гі заманауи медициналық қондыр­ғы­ларын көргенде қатты таңғал­ды», - дейді Елжан Амантайұлы. 

Әрине, холдинг басшысы қолданыс­та­ғы инфрақұрылым арқылы қосымша табыс табуға қарсы емес. «Ұзақмерзімді жоспары­мызда біз Қазақстанға туристерді, соның ішінде медициналық мақсатта тартуға дайынбыз. Бүгінгі күннің өзінде бізге Ресей, Қырғызстан мен Өзбекстаннан келіп емделіп жатқандар бар», - дейді ол. 

Холдинг берген дерекке сүйенсе, үс­тіміздегі жылдың 7 айында 22 мың адам холдингке қарасты клиникаларда емде­ліпті. Соның 157-і шетелдік азаматтар екен. Бір ескерер жайт, ем қабылдаған шетел­діктердің көпшілігі Қазақстанда тұратын, жұмыс істейтіндер. Яғни шетел­ден арнайы ат ізін салып, ем алып жат­қандар аз. Мұның бір себебі, жар­наманың жетіспеушілігі емес пе? Бұлай деуіміздің сыры, осыдан бірер ай бұрын «Жедел медициналық жәрдем ғылыми орталығы» АҚ басқарма төрағасы Кен Әлібек бас­таған дәрігерлер тобы ми ісігінен із қал­дырмай 4 адамды емдеп жазды. Бұл жаңалықтарын БАҚ өкілдерімен де бөлісті. Алайда дәл осы жаңалықты алыс шетелдің он­ко­лог­та­рын айтпағанда, ТМД онкологтары қауым­дастығының прези­ден­ті Михаил Давыдов білмейтін болып шықты. 

Ал Е.Біртанов отандық ғалымдардың онкология саласындағы жетістігі, жалпы, медицина ғылымындағы жаңалықтар баспасөз мәслихаты арқылы таратылмай­ты­нын айтады. «Халықаралық стандартқа сәйкес, қалыптасқан тәртіппен ғылыми журналдарда, конференцияларда жария­ла­нады», - деген ол медтуризмді дамыту үшін жарнаманың қажеті шамалы деп са­найды. Себебі холдинг халықаралық стан­дартқа сай жұмыс істейтіндіктен, ол жө­нін­де әлем дәрігерлері жақсы хабардар. Ең дұрысы - мейірбикелеріміздің этика­сын жөнге келтіру керек. «Егер олар нау­қаспен дұрыс қарым-қатынас жасап, қас-қабағына қарайтын болса, соның өзі жақсы жарнама болып есептеледі», - дейді ол.

«Ұлттық ғылыми кардиохирургия орта­лығы» АҚ басқарма төрағасы Юрий Пя­ның айтуынша, бүгінгі таңда жүрек-қан тамыр ауруларынан болатын өлім-жітім оқиғасы алдыңғы орында тұр. «Ма­мандар бұл көрсеткіш алдағы 20 жыл бойы сақта­лады деп болжауда. Сондықтан кез келген елге барған турист үшін меди­цина­лық қыз­мет­тің осы түрі жан-жақты дайын болуы керек. Бұл ретте, біздің ор­талықта көрсе­ті­летін қызмет халықаралық стандартқа сай», - дейді ол. 

Жалпы, медтуризмді дамытуға қанша жыл қажет? «Мен үш жыл бұрын Оңтүстік Кореяда болдым, сонда ол ел медтуризмді дамытуды енді ғана қолға алған болатын. Ал қазір медтуризмі дамыған жетекші елге айналды. Сондықтан біз де заманауи меджабдықтарымыз бен мықты маман­дарымыз барда медициналық туризмді да­мыта аламыз», - дейді «РДО» АҚ бас­қарма төрағасы Әмір Ахетов. 

БАҚ және туристік компаниялар өкіл­дері үшін ұйымдастырылған ақпарат­тық тур аясында РДО-тың радиозотопты бөліміне бас сұқтық. Аталған бөлімнің меңгерушісі Тоқтар Қоңырбаевтың ай­туына қарағанда, бұл бөлім ядролық ме­дицина қызметін ұсынады. Яғни онколо­гиялық ауруларды ерте сатысында анық­­тай­тын диагностикалық құрал-жаб­дықтар көмегімен онкоаурулардың диаг­нозын ерте сатысында қойып береді. «Он­кологиялық ауруды ерте сатыда анық­тау мемлекетіміз үшін де пайдалы. Өйткені ол ауруларды емдеуге өте көп қаражат жұмса­лады. Ал оны ертерек анық­тасақ, емдеу де оңай, қаржы да аз жұмсалады», - дейді ол. Оның айтуынша, бұл бөлім күніне 10-15 науқас қабылдайды. Бүгіндері Қазақстанда 140 мың адам онкологиялық есепте тұр. Ал жыл сайын 30-32 мың науқас анық­талады екен. «Біз жылына 2-3 мың адамды тексере аламыз. Қырғызстан, Өз­бек­стан, Батыс Сібірден келіп тексеріліп жатқандар да бар. Қазақ­стандықтарға тексеру тегін жүргізіледі. Ол қаржыны бізге мемлекет төлейді. Бағасы - 175 мың теңге. Дәл осы тексеру Еуропа­да 2-3 мың еуро, АҚШ-та 3 мың доллар тұрады», - дейді Тоқтар Рамазанұлы. 

Ядролық медицина қызметі шетелдік туристік компания өкілдерін қызықтыра түсті. Ал Республикалық нейрохирургия ғылыми орталығында көрсетілген бейне­фильм де бізді бей-жай қалдырмады дейді олар. Мәселен, Малайзиялық туристік компанияның өкілі Аһмад Зубаир Аслина өзіне бас мидың сырқатын сканерге түсі­ріп тексеретін қондырғы ұнағанын айта­ды. «Менің байқағаным, қазақстандық медицина ешбір елдікінен кем емес. Даму үдерісі сезіледі. Тек сіздерге жарнама же­тіспейді екен. Шетел тұрмақ Қазақстанның өзінде жарнаманы күшейту керек. Біздің елде медтуризм жақсы дамыған. Әрине, ол үшін аз тер төгілген жоқ. Біздің елге Индонезия, Тайланд пен Банкгогтан келіп емделетіндер көп. Десе де мен Малайзияға барған соң әріптестерім мен жерлестеріме жүрекке ота жасату қажет болса Қазақстанға барыңдар деп кеңес бермекпін. Өйткені сіздерде бағасы өте арзан екен. Ал бізде бұл ота үшін 100 мың доллардан көп ақы төлеу керек», - дейді ол. 

Республикалық нейрохирургия ғы­лыми орталығының жалпы нейрохирургия бөлімшесінің меңгерушісі Серік Кәрібаев­тың айтуынша, орталық жылына 3,5-4 мыңнан аса адам қабылдайды. Ал шетел­дік­тен орталық туралы ақпаратты ғалам­тор­дан біліп келеді екен. Шетелден ми ісі­гін емдетуге келетіндер көп. Солардың бірі Өзбекстаннан келген Нура есімді емделуші орталық туралы телеарнадан көріп біліпті. Ал күні кеше ғана оған бас миындағы ісікке ота жасалды. Ота жасал­ған­нан бір күннен кейін-ақ аяғынан тік тұрған ол енді 5 күннен соң ауруханадан шығады. «Дәрігерлері өте жақсы қарайды екен. Маған ұнады. Бағасы да арзан. Мен бұл ота үшін 30 мың теңге төледім. Ал Өз­бекстанда жасатсам, 1 млн сом төлер едім», - дейді.

 

Халима БҰҚАРҚЫЗЫ



Бөлісу: